Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Ахмет Байтұрсынов және қазақ терминологиясы

улы мүше, тұрлаусыз мүше, салалас сөйлем, сабақтас сөйлем, жалаң сөйлем сынды терминдер тобы синтаксистік тәсілмен жасалған.

Кезінде Ахмет Байтұрсынұлы “ұлтшылдық”, “пуристік” бағыт ұстады деп, ол жасаған терминдердің біразы қолданыстан шеттетілгені белгілі. Соған қарамастан, Ахаң еңбегінің көпшілігі өзінің өміршеңдігін танытып келеді. Ал арнайы шеттетілген терминдердің арасында бүгінде қайтадан қажетімізге жарайтындары да аз емес. Сондай-ақ оның қаламынан туындаған терминдер арасында авторы өзі екендігі ұмытылып кеткендері де бар. Ұлы тұлғаның термин жасауда ұстанған бағыты мен оның қаламынан туған басы ашық терминдері-ақ Ахаңның қазақ терминологиясының негізін қалаушы және ғасыр басындағы бүкіл ғылыми ой-сананың қалыптасуына ықпал ете білген жан екенін дәлелдейді.

Бесіншіден, Ахмет Байтұрсынұлы жекелеген ғылым салаларының ғана емес, бүкіл қазақ терминологиясының қалыптасуына тікелей әсер еткен айрықша тұлға.

Ғалымның терминжасам тәсілдерін көрсетіп, оларды пайдалана отырып, тіл білімі, әдебиет ғылымдарының терминологиясын, өзге арнаулы салаларға қатысты терминдер жасауы – ғасыр басындағы өзге ғылым салалары бойынша оқулықтар мен түрлі ғылыми еңбектер жазған авторларға таптырмайтын үлгі болды. Ахаңнан кейін әр түрлі ғылым салалары бойынша еңбектер жазған қазақ зиялыларының жасаған терминдері оған айқын дәлел бола алады. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы­ның 1914, 1915 жылдары және одан кейін бірнеше дүркін қайта басылған “Тіл – құрал” еңбегінде -уыш/уіш, -ша/ше, -лық/-лік жұрнақтары арқылы жасалған сызықша, есімше, көсемше, бастауыш, баяндауыш, сұраулық терминдерінің үлгісі 1927 жылы Мәскеуде басылған Ж.Күдериннің “Өсімдіктану” оқулығында сабақша, тұқымша, қайықша, қаптауыш, аналық, ал Е.Омарұлының 1928 жылы Қызылордада жарық көрген “Пішіндемесінде” (геометрия) тікше, қиықша, өлшеуіш, өлшемдік түрінде жалғасын тапқанын көруге болады.

Осы деректердің өзі ғалымның тіл білімпазы ретінде қазақ тілінде термин жасаудың үлгісін көрсете отырып, ғасыр басындағы термин жасау ісіне тікелей ықпал еткен зор тұлға екенін анық аңғартады.

Алтыншыдан, Ахмет Байтұрсынұлы XX ғасырдың басындағы қазақ терминологиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы.

Еңбекші қазақ” газетінің 1926 жылғы 12 тамыздағы санында жарияланған “Қазақстан оқу кемесериетінің орынбасары Жолдыбайұлы Молдағалимен әңгіме” деп берілген “Қазақ тілін байытамыз” атты шағын сұхбатта сол кезеңде термин жасаумен кімдер айналысқандығы және өзге тілдерден термин қабылдауда қандай қағидат басшылыққа алынғандығы, осы істі жүзеге асырудағы Ахаңның рөлі атап көрсетіледі. “1922 жылы Қазақстанда жат сөздерді, пән атауларын қазақшыландыратын кемесие құрылған. Кемесиенің құрылғаннан бергі жұмысы аз емес. Мың-мыңдаған сөздер қазақ тіліне аударылып, иә қазақ тіліне үйлестіріліп, қазақ тілі байытылды. Кемесиеде қазақ тіліне жетік 5-6 қазақ қызметкерлері жұмыс істейді. Оның үстіне кемесиенің жұмысына түрлі білімнің басын ұстаған мамандар қатыстырылады. Кемесиенің ағасы Қазақ елінің әсіресе тіл заңына жетік оқымысты данышпаны Байтұрсынұлы Ақымет. Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу”.

Барлығы 5-6 адамнан тұратын комиссия үлкен іске мұрындық болып, көп іс тындыра білді. Оқу комиссариатының орынбасары атап көрсеткеніндей сол жылдарда қазақ тілі, оның терминологиялық қоры байыды, ғылым ұлт тілінде сөйлей бастады. Қазақ тілі термин шығармашылығында пайдаланылып, терминжасам тәжірибесі, дәстүрі қалыптаса бастады. Алаш арысы Ахаң төрағалық еткен осы комиссия қазақ тілінің терминологиялық қорын қалыптастырудың негізін салды, іргетасын қалады. Бұл істің ілгері басуына көрнекті көшбасшы, тіл, терминология жайын терең білетін ірі тілші ғалым, тарихи тұлға А.Байтұрсынұлының жеке үлесінің зор болғанын айрықша атап айтқан абзал.

“Кемесиенің негізгі мақсаты – қазақ тілін өнер-білімге бейім мәдениетті тіл қылу”дегеніне келсек, Ахаң басқарған комиссия мақсатына адал болып қана қойған жоқ, қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында қыруар іс тындырды. “Байтұрсынұлы кезеңінде” қазақ тілінде жазылған көптеген оқулықтар мен, оқу құралдары, сөздіктер соның дәлелі бола алады. Оның бәрі азғантай ғана қазақ зиялыларының атқарған үлкен ісі, солардың қажырлы еңбегінің, мақсатты жұмыстарының нәтижесі. 1924 жылғы маусым айында Орынборда “Қазақ ғылыми қызметкерлерінің 1-съезі” болып, онда Е.Омарұлы баяндамасына негізделген терминологияны қалыптастырудың қағидаттары съез қаулысымен ресми бекітілді. Араға екі жылдай уақыт салып, 1926 жылы Бакуде өткен “Түркологтардың Бүкіл­одақтық бірінші құрылтайында” терминология жөнінде жасаған баяндамасында А.Байтұрсынұлы қатынасушыларға осы қағидаттарды таныстыра отырып, өзге түркілерге де ғылыми терминологияны қалыптастыруда қазақ білімпаздары жа­саған осы қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынды. Оның ұсыныстары ғалымдар тарапынан қолдау тауып, құрылтай қарарына енді.

Сонымен жетіншіден, Ахаң қазақ оқығандары жасап, ресми бекіткен терминология қағидаттарын бүкіл түркі халықтарына ұсына отырып, түбі бір туыстас тілдердің терминологиялық қорының ортақтық сипатын арттыруды көздеген кең тынысты түрколог ғалым.

“Ахмет Байтұрсынұлы жасаған терминдердің өміршеңдік танытуының сыры неде?” деген сұраққа жауап іздесек, ол ең алдымен ұғымға атау беруге ұлттық таным тұрғысынан келген. Сондықтан оны қазақ қауымы алғашқыда аздап жатсынғанмен, тез қабылдап санасына сіңіре алған. Екіншіден, сол кездегі Ахаңның зиялылар арасындағы зор беделі мен тіл саласындағы бірегей ірі оқымысты ретінде мойындалуы да оның жасаған терминдерінің шығармашыл қауым тарапынан талқысыз қабылдануына себеп болды. Онымен иықтас тұрып, ой жарыстырып, пікір таластырып, өз терминдерін ұсына қоятын тіл мамандары қалыптаса қоймап еді. Оның маңайындағы тіл мәселелеріне жетік деген Е.Омарұлы, Х.Досмұ­хамедұлы, Н.Төреқұлұлы сынды Алаш арыстарының да ғалым пікіріне құрметпен қарағаны байқалады.

Ахаң еңбегінің өміршеңдігін көрнекті тілші ғалым Мәулен Балақаев жақсы айтқан. Мәкеңнің мысалы мына төмендегі пікірінде шындық бар. Ол былай деп жазады: “Тіл — құрал” кезінде “алашордашылардың, ұлтшылдардың” кітабы болғандықтан, оны пайдалануға тыйым салынса, жаңа грамматика авторы да “халық жауы” атанып, кітабы қолданудан қалып қойды. Енді қайту керек? Тірі қалғандарымыз мектептерді оқулықтармен қамтамасыз ету үшін еңбектенгенде, алдымен грамматикалық атауларды қалай атаймыз деген проблема туды. Біз бұрыннан үйреншікті болған Ахмет терминдерін қазақ тілінің, қазақша айтылған бұрынғы сөздері деп танып, солай атай бердік. Себебі, басқаша жазу мүмкін емес, әдеби нормаға айналып, қалыптасып кеткен еді. Ахмет Байтұрсынов шығарған терминдер екенін білсек те, қазақ тілінің сөз байлығы деп танығанбыз”.

“Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама қадырынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын... Сондықтан сөзден жасап сөз шығару деген әркімнің қолынан келе бермейді және шығарғандардың да сөздері бәрі бірдей жақсы бола бермейді”, – деп тілдің міндетін терең түсініп, оны термин шығармашылығында асқан шеберлікпен, үлкен жауапкершілікпен жұмсай білген ұлы тұлғаның қазақтың ғылыми терминологиясын қалыптастырудағы еңбегі ұшан-теңіз.

Орыстың ғылым тілінің даму тарихын зерттеуші ғалымдар бірауыздан энциклопедист-ғалым М.В.Ломоносовты “орыс ғылыми терминологиясының атасы” дейтін болса, Қазақстан ғылымының тарихындағы ондай орынды ұлтымыздың бағына туған перзенті, Алаштың аяулы ұлы, аса көрнекті тілші ғалым Ахмет Байтұр­сынұлы иеленіп тұр.

Авторы: Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор. Астана.

12
скачать работу

Ахмет Байтұрсынов және қазақ терминологиясы

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ