Әлібекұлы Төле би (1663-1756)
алған. Демек, ол тек Ұлы жүздің ғана ру басы, төбе биі болып қоймай, бүкіл қазақ елінің саяси, мемлекет қайраткері дәрежесіне көтерілген адам.
Төле би Әлібекұлы туралы тарихи құжаттар осындай аз ғана дерек қалдырса, қазақ ауыз әдебиетінде ол жөнінде ертегі, аңыз-әңгімелер, шешендік сөздер өте мол. Олардың көпшілігінде Төле ақылды, әділ, шешен әрі халық қамын ойлаған қайраткер бейнесінде суреттеледі. Шынында Төле би өз заманының ақылды, білімді, парасатты адамы болған. Аңыздардың айтуынша Төле орта бойлы, сымбатты, нұрлы кісі болған. Әулие-Ата маңында туғанымен көбінесе Ташкент төңірегінде, Жиделі-Байсын жерінде, Сыр өзені бойында көшіп-қонып жүрген. Көп тұрған жері – Шыназ (ескі Ташкент), сол жерде қайтыс болған. Сүйегі Ташкенттегі Шайхан-тәуірде, мешіт түбінде жерленген.
Төле би Әлібекұлы – Ұлы жүзді басқарған, қазақ хандығын мемлекеттік деңгейде нығайтысып, заңын жасасқан белгілі қоғам қайраткері, 1723-1730 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ халқының азаттық күресін бастаушылардың бірі. Қазақ елінің бауырлас, көршілес елдермен татулығын жақтаған, елімізде халықтар достығын қалыптастыруға өзіндік үлес қосқан көреген мәмлегер. Сондай-ақ, ол артына аталы сөз, үлгілі өнеге-өсиет қалдырған, өзінің даналық, тапқырлық әділ биліктерімен, шебер, көркем сөздерімен халық әдебиетін дамытқан, байытқан дарынды шешен, кемеңгер ойшыл.
БАЙДАЛЫ МЕН ТӨЛЕ
Атақты Ұлы жүз Үйсін Төле би Қуандыққа келіпті. Төле бидің жер жарған даңқын естіп жүрген Қуандықтың ел жақсылары жиылып келіп: “Сізбен құда болғымыз келеді, не қыз беріңіз, не қыз алыңыз”, — деп жабысады. Сонда Төле би: “Ұлымның бәрі үйленген. Бой жетіп отырған қызым бар, соны берейін. Қалың малы жүз жылқы, он бес түйе, бота мойын Жамбы!” – депті. “Құп болады”,- деп айтқан қалың малын, сол жолы бір жола беріп жібереді. Риза болған Төле би: “Қызымды бір жыл сақтайын: ендігі жылы осы уақытта келіп жесірлеріңді ал”, — депті.
Жыл өткен соң Қуандықтан қырық адам келінді аламыз деп Төле биге барады. Бұл екі ортада Төле бойжетіп отырған қызын бір бай өзбекке беріп, ұзатып жібереді. Одан көп мал, ақша алады. Барған Қуандық кісілеріне: “Ер жеткен баланы аңдып отыру қиын екен, қызым бір өзбек жігітімен қашып кетті. Келінді алам десеңдер Ташкенге барып, келіндеріңмен ауыз ба ауыз сөйлейсіңдер, болмаса, “игіліктің ерте-кеші жоқ” деген, бір келінім буаз, соған қараңдар”, — деп, сөз де, теңдік те бермейді, аяғына отырғызбайды.
Қуандық кісілері былай шығып ақылдасып: “Бұл қорлыққа шыдап болмас, Төле бидің жылқысынан жүз жылқы барымта алып қайтайық, сонда да он бес түйе, бота мойын жамбы қалып жатыр ғой! – деседі де, Төле бидің жылқысынан өздерінің берген жүз жылқысын санап алып еліне қайтады. Жылқышылар қуып, бұлармен соғысады. Бір соқыр жылқышы жиырма кісіні аттан түсіріп, бұларды әлсіретеді. Сөйтіп жүргенде жаңбыр жауып күн шытырлағанда әлгі мықты, соқыр жылқышыға жай түсіп өледі. Қалғандарын бұлар жеңіп, жылқыларын еліне айдап қайта береді. Бір жылдан кейін құн даулап Төле би Қуандыққа келсе, Абылай да осы елге келіп жатыр екен. Төле би соған жүгінеді. Абылай дауды созып кейінге қалдырады. “Ендігі жылы тап осы уақытта келемін, оған дейін екі жағың да сегіз-сегізден би сайлап алыңдар. Мен Төбе би боламын”,- деп Төле биді еліне қайырып жібереді. Төле би еліне барып сегіз биді сайлап алып, жыл өткен соң Қуандыққа қайта келеді. Абылай да келіпті. Қуандық ұмытып, би сайламапты. Асығыста жеті би тауып бір би таба алмай , енді үш күнге Абылайдан мұрсат сұрайды. Абылай береді. Ал бұл арада Төле би “жылқышымның құны екі мың жылқы” деп құн дауын даулап бір мың жылқыны Абылайға бермек болады. Мұны Қуандық сезеді. Жеті би күнде кеңес құрады. Бұлардың сөздерін он екі жасар, асық ойнап жүрген Байдалы есітеді. Бір күні жеті бидің қасына келіп сөздерін тыңдап тұрса, Төле биді сөзден жеңе алмаймыз, оның үстіне бір биіміз кем. Осы дауды өршітіп алмай екі мың жылқысын беріп біту керек деген қорытынды байлауға тоқтайды. Мұны естіп тұрған бала: “Ағалар, бұларың дұрыс емес, Төле бидікі зорлық. Зорлыққа төзіп болмайды. Сегізінші бидің орнына мені алып барыңыздар. Төле бимен мен сөйлесіп көрейін, есе алмасам, есемді жібермеспін, мені баласынбаңыздар! Біздің ісіміз ақ емес пе, аққа алла жақ дейтіні қайда? – депті.
Билер бұған келісіпті. Екі жақ айтысқа кіріседі. Төле би сөз бермейді. Қуандық билері жақ жазып, үндей алмайды. Сонда Абылай кім сөйлеседі дегенде, он екі жасар Байдалы:
- Мен сөйлеймін. Аймен аталас емеспіз, күнмен баталас емеспіз бұлтпен туысқанымыз жоқ, сол күнгі жауған жаңбырға жақындасып жуысқанымыз жоқ. Құдайға шықпағыңды шақ дегеніміз жоқ. Құрығын сүйрете алмай жүрген Үйсіннің соқыр жылқышысын көзінен көздеп ат дегеніміз жоқ. Еліңде талай қасқа мен жайсаңдар жай түсіп өлген шығар. Солар үшін құдайдан алған құныңды көрсет, Төле би? Құдайдан құн алмасаң, мен де құн бермеймін. “Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ” деген. Дұрыс төрелігіңді айт, Абылай! – депті.
| | скачать работу |
Әлібекұлы Төле би (1663-1756) |