Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Есенберлиннің Көшпенділер романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні

ды: Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба? [3,204 б.]. Кейбір тарихшыларының есебі бойынша, Жоңғар әскері атының тұяғы жеткен жеріне дейін, сол кезде екі миллиондай қазақ халқы тұрған екен [3,317 б.].
Қазақ халқының бұрынғы өмір тұрмысында затты салмақпен өлшемеген, көбіне затты көлеміне қарап ажыратқан. Өлшем әр заттың ерекшелігіне қарай әр қилы қалыптасқан [11,137 б.]. Салмақ, көлем өлшемінің атауларына ат төбеліндей, бес биенің сабасындай, ат басындай т.б. жатады. Жылқының көлемін мына сөздермен өлшеген: бір үйір, бір қос (жылқы), бір желі (құлын), бас-аяғына оқ шырқаса жетпейтін (желі). Екі тепе сулы жері бар өзбек, екі үйір жылқысы бар қазақтан бай тұрады [3,592 б.]. Бұл атаулар қайталама қос сөздер құрамында келсе, көптік ұғым пайда болады. Мысалы, үйір-үйір, қос-қос жылқы, желі-желі құлын. Аңшылар азығы деп түйеге саба-саба қымыз артқан, жеңіл шатырлар тиеген, алдарына он бестей қой айдаған бір топ жігіт ауылдан шыққан кезде, хан жасағы да солтүстікке қарай бет алды [3,21 б.]. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды [3,472 б.].
Қорыта келгенде, жылқыға қатысты халықтық өлшем атаулары – қазақ тілінің сөздік қорында өзіндік орны бар тілдік қазына. Ата-бабаларымыздың негізгі кәсібі – жылқы шаруашылығы негізінде қалыптасып, халық жадында сақталған атаулар тіл тарихы мен халық мәдениетінің сырларын танытады. Қаламгер шығармада осы халықтық қолданыстарды барынша көрсете білген.
2.4 Жылқы атауымен байланысты фразеологизмдер мен мақал-мәтелдердің этнолингвистикалық мәні. Қазақ халқының сан ғасырлық өмір тарихы, қиын да күрделі тағдыры, аса бай мәдени мұралары тұтастай фразеологиялық қордан көрініс тапқан. Тұрақты сөз тіркестерінің көпшілігіне төрт түлік мал, соның ішінде жылқы атаулары ұйытқы болған.
Тілдік қолданыста ат сөзінің қолданылу жиілігі жоғары болғандықтан ат сөзі ұйытқы болған тіркестер де өте көп. Шығармадағы ат лексемасына байланысты фразеологизмдер екі топқа бөлініп қарастырылды: тек жылқыға қатысты қолданылатын және адамға қатысты қолданылатын фразеологизмдер.
Тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер жылқыны бағуға, баптауға, бәйге аттарының дене мүшелерін, сынын, бабын сипаттауға байланысты пайда болған. Мәселен, ат жемді көп жегендіктен, т.б. себептен аяғы ақсап қалады. Мұны атқа жем түсті/аяғына жем түсті дейді. ...Рабиу-Сұлтан-Бегім: - үш күрең бәйгеден келсе бірге келеді, қалса бірге қалады... Бірақ бұ жолы бәйгеге салудың реті қалай болар екен, ортаншысының аяғына жем түсіп, ақсап жүр [3,85 б.]. Жылқыны жанындай көріп, қастерлеген қазақ жол жүргенде зорықтырмай, аттан түсіп, біраз шөп жегізіп, әлдендіріп, тынықтырып, аялдататын болған. Мұны – ат шалдыру дейді. Ұлытаудан бері асып, күнгей беттегі тал түбекті құла су Жанғабыл өзенінің бойындағы “Орда тіккен” деп аталатын, бір кезде Жошы аулы қонған жерде ат шалдырып жатқандарында, қасында он жасауылы бар, Көксеңгірін ойнақтатып Қобыланды батыр үстеріне сау ете қалған [3,99 б.].
Тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер көлемі адамға қатысты қолданылатын тіркестерден әлдеқайда аз. Ал ат лексемасына байланысты пайда болып, алғашында тура мағынаны білдіріп, мағына дамуының барысында адамның мінез-құлқын, түрлі әрекеттерін білдіру қызметіне ауысқан фразеологизмдер өте көп. Шығармада да жиі қолданылады. Мәселен, ат басын бұрды тіркесі бір жаққа қарай бағыт алды, беттеді деген мағынаны береді. Жазушы қолданысында автор мақсатына сай кейде арасына сөз қосылып, кейде етістіктің формасы өзгертіліп беріледі. Ат басы Абылай сұлтанның аулына қарай бұрылысымен-ақ, бұған жолай төре тұқымынан қиянат көрген басқа рудың кедей топтары да қосыла берген [3,492 б.]. Ана екеуі оған жауап қайтармаған, үн-түнсіз аттарының басын бұрып, келе жатқан адамдарға қарсы аяңдаған [3,23 б.].
Фразеологизмдер – ойды бейнелеп жеткізудің таптырмас құралы. Мысалы, тынықты, сергіп қалды деудің орнына құр атқа мінгендей болды деген, асығыста, жөпелдемеде деп жай айта салмай, аттың жалы, түйенің қомында деген әлдеқайда әсерлірек шығады. Ал ат құйрығына байланды фразеологизмі атқа сүйретті, жазалады, қорлады деген мағынаны береді. Шығармада қолданылу жиілігі жоғары. Өйткені көшпенділер өмірінде бұл жазаға адамдар жиі тартылған. Кейбір ауа жайылған, тек өз дегеніне болмаса ештеңеге көнбейтін кесір, тоң мойын ру бастықтарын ат құйрығына байлап құрбан етуге де барған жоқ па [3,227 б.]. Ат қойды тіркесі де жиі қолданысқа түседі. Бұл тіркес тура мағынасында тұра шапты, шаба жөнелді дегенді білдірсе, бапкерлер тілінде баптап жүрген жүйрікті жайлап келдім деген мағынасы бар. Шығармада тұра шапты деген мәнде жұмсалады. Сөйткенше болған жоқ, жыралы ойпаттан екі жүз әскер жүйріктерін ойната шығып “Табын! Табын!", “Тіленші! Тіленші!" деп ұрандай ат қойды [5,48 б.].
Ал жалпы жылқыға байланысты фразеологизмдерге келсек, тек жылқыға қатысты қолданылатын тұрақты сөз тіркестері жылқының дене бітімін, жасын, жынысын, мінезін, бабын, сынын, түсін түрлі қасиеттерін білдіреді. Қазақ қоңды, сауыры тұтас жылқы туралы сөз еткенде жаңбырлығы жабық тіркесін қолданады. Таңдаулы саңлақ, сайысқа сай тұлпарды жау басар жүйрік дейді. Ер азаматтары жау басар жүйріктерінің ер-тоқымын алмай түнде қос маңайында оттатып отыр [5,28 б.].
Жылқы атаулары ұйытқы болған фразеологизмдер жылқы туралы болғанмен, олар адамның іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, жағымды-жағымсыз қасиеттерін сипаттайды. Мысалы, Мұндай жағдайда, Иран ханы Смайылдың да бас көтеріп, Ақсақ Темір балаларының тізгінін үзіп кетпек боп тұрған кезде, ел билігін мықты ұстау қажет [3,190 б.] деген сөйлемдегі тізгінін үзіп кетпек фразеологизмі бөлініп кетпек, азаттық алмақ деген мағынаны берсе, - Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой [3,206 б.] деген сөйлемдегі жал бітейін дегені ғой тіркесі Үйсіндердің жағдайы жақсарған екен деген мағынаны береді.
Қазақ тілінде жылқыға қатысты мақал-мәтелдер өте көп. Шығармада да кездеседі: Андыз барда ат өлмес, қолымызда күш тұрғанда бізге бос жатуға болмайды [3,238 б.]. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз [3,111 б.]. Соңғы мақал ауыспалы мәнде, қазақтың жаужүрек батыры Қобыландыға қаратып айтылып тұр. Мұндағы үйір сөзі ауыспалы мәнде. Шығармада үйір лексемасына қатысты мынадай мақал бар: - Жақсы. Ал өз бауырларыңа қарсы садақ безеген ана екі ағаңды қайтеміз? - Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң... [3,564 б.]. Мұнда да үйір сөзі ауыспалы мағынада қолданылып тұр.
Шығармада байталға қатысты мақалды жазушы Чжао Хой әскерін сипаттауда қолданады: Қазақ қолдарын қумақ түгіл, “байтал түгіл бас қайғының” кебіне ұшырап, көтерілісті басу үшін, Чжао Хой әскері кейін шегінген [3,545 б.]. Құрамында жүйрік сөзі бар төмендегідей мақал-мәтелдер ауыспалы мәнде пайдаланылады: Жүйрік ат шаппаса да қырындайды деген [5,223 б.]. - Иә, жоққа жүйрік жете ме, - деп шал ауыр күрсінді... [5,232 б.].
Жылқының түр-түсіне байланысты мақал-мәтелдер де кездеседі. Қаламгер шығармада төмендегі мақалды адамның бәрі бірдей емес деген мағынада бірнеше рет қолданады: Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары [5,83 б.].

ҚОРЫТЫНДЫ
Жұмыста І.Есенберлиннің “Көшпенділер” романындағы жылқы атаулары тілдік және этнолингвистикалық тұрғыдан қарастырылып, төмендегідей мәселелер айқындалды:
- тарихи трилогияда жылқы атауларының мол қамтылуы, біріншіден, оның жанрымен байланысты болса, екіншіден, қазақ тілінің сөздік қорында жылқы атауларының өзіндік орны, үлес салмағы бар екендігін көрсетеді;
- І.Есенберлиннің “Көшпенділер” тарихи романындағы жылқыға қатысты этномәдени лексиканың молдығы қаламгердің тілдік тұлғасына тән ой-танымының, қайталанбас даралығының көрінісі;
- романдағы жылқыға байланысты тіл деректері, этномәдени лексика қазақ халқының сан ғасырлық тарихи-мәдени өмір-тәжірибесінен хабардар етеді әрі шығарманың танымдық маңызын арттыруға ықпал жасайды;
- аталмыш шығармада киелі жылқы түлігіне байланысты салт-дәстүрлердегі, табу мен эвфемизмдердегі, жылқыға қатысты халықтық өлшем атауларындағы ұлттың дүниетанымының жүйесі айшықты сипатталған;
- қазақ халқының жылқыға қатысты әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері жүйесін зерттеу көшпенділердің рухани және материалдық мәдениетін сараптап, зерделеуге, осы арқылы көшпенділердің дүниетанымдық бітімін айқындауға мүмкіндік туғызады;
- жылқының түр-түсіне байланысты сөздер сөздік қордағы ең байырғы, көне сөздер қатарынан саналады. Жылқының түр-түсіне қатысты атаулардың заттану процесіне бейім келетіндігі, сонымен қатар олардың тек жылқыны түстеп тану үшін емес, мінез-құлықтарын, сын-сипатын, жасын, түрлі қасиеттерін анықтауда маңызды екендігі анықталды;
- тіліміздегі аттың сынын білдіретін, тұлғасын, бабын сипаттайтын сөз тіркестері қазақ халқының сан ғасырлық өмір тәжірибесінің, ұжымдық танымның нәтижесінде пайда болған, олар тек қазақ халқына ғана тән ерекшеліктер, сонымен қатар олар тілдің кумулятивтік қызметінің нәтижесінде атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді;
- тек жылқыға қатысты қолданылатын фразеологизмдер жылқының дене мүшелерінің атауларын, мінезін, бабын, күйін т.б. қасиеттерін сипаттаса, адамға қатысты ауыспалы мәнде қолданылатын фразеологизмдер адамның жағымды-жағымсыз мінез-құлықтарын бейнелейді;
- жылқы атаулары сөзжасамында біріктіру, қосарлау, тіркестіру тәсілдері белсенді қызмет атқарады. Жылқы атаулары сөзжасамындағы ең өнімді тәсіл – аналитикалық тәсіл екендігі анықталды;
- шығармадағы жылқыға қатысты теңеулер – қазақ халқының дүниетанымының, ұлттық ерекшеліктерінің, көркем ойлау мәнерінің көрсеткіші.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. –Москва: Прогресс, 1984. -398-с.
2 Оразов

123
скачать работу

Есенберлиннің Көшпенділер романындағы жылқы атауларының этнолингвистикалық мәні

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ