Италия
i>
1926 жылы фашистік партиядан басқа саяси ұйымдардың бәріне тыйым салынды. Антифашистерді жазалау үшін Ерекше трибунал құрылды.
1936 жылы майда Италия Эфиопияны басып алды,
1936 – 39 жылы Испаниядағы фашистік төңкеріске белсене араласты,
1937 жылы “Антикоминтерндік пактіге” қосылды,
1939 жылы Албанияны басып алды.
1940 жылы 10 маусымда Францияға шабуыл жасады, осы жылы 27 қыркүйекте Германиямен және Жапониямен қосылып, Үштік келісімшартқа отырды.
1940 жылы қазанда Грекияға,
1941 жылы сәуірде Югославияға шабуыл жасады.
1941 жылы маусымда Германиямен бірігіп, КСРО-ға шабуыл жасады. Кеңес армиясы 1942 – 43 жылы қыста Орта Дон бойында Италия армиясын толық талқандады.
1941 – 43 жылы Италия әскерлері Солтүстік Африкада да толығымен талқандалды.
1943 жылы 25 шілдеде елде мемлекет төңкеріс болып, Муссолини корольдің бұйрығымен тұтқындалды. Бірақ 8 қыркүйекте Германия Италияға басып кіріп, Муссолиниді түрмеден босатты. 3 және 9 қыркүйекте ағылшын-американ әскерлері (Апеннин түбегіне) десант түсірді. Елде фашистерге қарсы Қарсыласу қозғалысы күшейді.
1945 жылы сәуірде жалпыхалықтық көтеріліс нәтижесінде ел толығымен азат етілді.
1946 жылы 2 маусымда елде референдум өтіп, Италия республика болып жарияланды. Соғыстан кейінгі бейбіт келісім бойынша ол отарларынан бас тартып, Албания мен Эфиопияның тәуелсіздігін мойындады.
1948 жылы Маршалл жоспарына сәйкес, АҚШ-тан көмек алды.
1949 жылы НАТО-ға мүше болып кіріп, елде АҚШ әскери базалары орналастырылды. Соғыстан кейін өнеркәсіптің жаңа салалары (мұнай, газ, химия, машина жасау, т.б.) тез дамып, Италия индустриялы-аграрлы елге айналды. Ол көптеген халықаралық ұйымдарға: БҰҰ-ға (1955), Еуропа кеңесіне (1949), Еуропалық одаққа (1957), т.б. мүше.
Экономикасы
Италия – әлемдегі аса жоғары дамыған жетекші елдердің бірі. Ұлттық табыс көлемі (1146,2 млрд. АҚШ доллары, 1997) жағынан дүние жүзінде АҚШ, Жапония, Германия, Франциядан кейін 5-орында, оны жан басына шаққанда 3-орында. Экономикадағы өнеркәсіп үлесі – 35,6%, ауыл шаруашылығы – 3,9%, қызмет көрсету – 60,5%. Халқының 70%-ы – қызмет көрсету, 22%-ы – өнеркәсіпте, 8%-ы – ауыл шаруашылығында жұмыс жасайды. Экономикасында шет ел капиталының үлесі үлкен. Экономикасындағы негізгі салалары: машина жасау, автомобиль жасау, тамақ, химия, тігін, металлургия, т.б. Соңғы жылдары роботтар мен электронды жабдықтар өндірісі тез дамып келеді. Ауыл шаруашылығы жоғары деңгейде. Астық өнімдерінен бидай, жүгері, күріш (Еуропада 1-орында), оған қоса жеміс-жидек, жаңғақ, жүзім (90%-ы – шарап жасауға жұмсалады), помидор өсіріледі. Еуропалық одақтың талабы бойынша мал шаруашылығы аса дамытылмай, көбінесе, сүтті және етті мүйізді ірі қара өсіріледі. Теңіз саудасы жақсы дамыған: экспорттың 60 – 65%-ы, импорттың 80 – 90%-ы сауда флотының үлесінде (жүк тасу мөлшері бойынша әлемде 10-орында).
Италия – аса ірі туризм орталығы (жылына 50 млн-нан аса адам туристер келеді). Ел сыртқы сауда мөлшері бойынша дүние жүзінде 6-орында. Сыртқы саудадағы негізгі әріптестері Еуропалық одақ елдері (ең алдымен Германия, Франция, Ұлыбритания) – 40%-дан астам, АҚШ (7%), Жапония, Орталық және Шығыс Еуропа елдері, т.б.
Қазақстанмен қарым-қатынас жақсы жолға қойылған. Еліміздің Президенті Н.Назарбаев 2 рет (1994; 1998) ресми сапармен Италияда болып қайтты. 1997 жылы Италия Президенті О.Л. Скальфаро Қазақстанда болды. Италия еліміз экономикасындағы шет ел инвесторлары арасында 7-орында. Республикада 12 италиялық фирма өкілдігі, 46 бірлескен компаниялар жұмыс жасайды. Оның ішінде аса ірілері ретінде “Аджип” (Қарашығанақта), “Сайпен”, “Ди Анжели Индейстриз”, т.б. айтуға болады. Екі ел арасында қаржы, мәдениет, оқу-ағарту, туризм салалары бойынша да көптеген келісімдер жасалған. 1999 жылы Рим, Легче, Неаполь қалаларында Қазақстаннан табылған “Алтын адам” экспонатының көрмесі болып өтті.
Әдебиеті
Италия әдебиетінің ежелгі фольклоры сақталмаған. Орта ғасырлардағы Италия әдебиеті Рим империясы құлағаннан кейін 6 – 12 ғасырлар аралығында латын тілінде пайда болды. Осы кезде Рим шіркеуінің өкілдері Дж. да Плано Карпинидің (1182 – 1252), Марко Полоның (1254 – 1324) Орталық Азияға жасаған саяхаттары туралы жол жазбалары дүниеге келген. Ұлттық диалектілерде жазылған әдеби ескерткіштер 12 ғасырдың аяғы мен 13 ғасырдың басында туды.
Италия әдебиетінің біртұтас әдеби тілін қалыптастырушы Данте Алигьери (1265 – 1321) болды. Оның негізгі шығармалары – “Жаңа өмір” (1292) повесі, “Құдіретті” комедиясы (1321), т.б. туындылары дүние жүзі әдебиетінің алтын қорына қосылды. Қайта өрлеу дәуірі кезіндегі Италия әдебиетінде ақын Ф.Петрарка (1304 – 1374), Дж. Боккаччо (1313 – 1375) шығармалары көрнекті орын алды. 15 ғасырда ежелгі дәуірді зерттеуші ғалым-жазушы Дж. Ф.П. Браччолини (1380 – 1459) мен Л. Валланың (1407 – 1457), т.б. латын тілінде жазылған шығармалары жазылды. 16 – 17 ғасырларда Ф.А. Ариостоның (1474 – 1533) “Қаhарлы Роланд” поэмасы, Н.Макиавеллидің (1469 – 1527), П.Аретиноның (1492 – 1556), Дж. Бруноның (1548 – 1600) сатиралық комедиялары, Т.Тассоның (1544 – 1595) “Аминта”, Б.Гваринидің (1538 – 1612) “Сенімді бақташы” атты драмалары жазылды. 17 ғасырда Италияның біршама бөлігін испан басқыншылары жаулап алуына байланысты әдебиетте біраз тоқырау пайда болды. 18 ғасырдың орта шенінен Италияның рухани өмірі қайта гүлденіп, ұлттық мәдениет өркендеу жолына түсті. 1848 – 49 жылғы революциядан кейін туған Р.Джованьолидің (1838 – 1915) “Спартак” романы мен Дж. Кардуччидің (1835 – 1907) саяси жырлары Италия әдебиетіндегі романтизмнен реализмге өту дәуірінің шындығын танытады. 19 ғасырдың аяғында Италия әдебиетінде жаңа романтикалық және символистік бағыт өріс алды. 1-дүниежүзілік соғыс жылдарында Италия әдебиеті дәстүрлі гуманистік бағытынан айныған жоқ. Фашистік билік үстемдік жүргізген жиырма жыл ішінде Италия әдебиетінің көптеген өкілдері әлеуметтік тақырыптар мен реалистік дәстүрден ажырап қалды. Дж. Джерманетто, Ч.Павезе, Э.Витторини, т.б. ақын-жазушылар өз шығармаларында фашистік кезеңнің ауыр зардабын суреттеп көрсетті.
20 ғасырдың 60-жылдарындағы Италия әдебиетінде жаңа ізденістерден туған күрделі шығармалар жарық көрді. Бұл ретте Моравияның әлеуметтік-психологиялық романдарын (“Чочар”, 1957; “Автомат”, 1963, т.б.), Италия Кальвиноның (1923 жылы т.) повестерін, Г. Паризенің (1929) сатиралық романдарын (“Үй иесі”, 1965), т.б. жазушылардың шығармаларын атауға болады. Италия әдебиеті дүниежүзілік мәдениетте көрнекті орын алады. Италия әдебиетінен К.Гольдонидың “Екі қожаға бір қызметші” комедиясы (1948), Э.Амичистің “Апенниннен Анды тауларына” атты әңгімелер жинағы (1959), А.Дантенің “Құдіретті комедиясын” (“Тамұқ” атты бөлімі, 1971); Р.Джованьолидің “Спартагі” (1951, 1972); С. Марчтің “Күн сайын әр не жоғалмағы” (1971), т.б. қазақ тіліне аударылды.
Архитектура
Ежелгі Рим империясының құлдырауынан кейін ортағасырлық Италия архитектурасы (Рим, Милан, т.б. жерлерде күмбезді шіркеулер салынды) қалыптаса бастады. Монументті шіркеу, тұрғын үй, мұнара, қақпа, қорған тұрғызу ісі дамыды. 13 – 14 ғасырларда готика дәстүрлі (Орвьето мен Миландағы, Флоренциядағы соборлар, Веккьо палаццосы, Венециядағы Дождар сарайы) өркендеді. Осы кезеңде ортағасырлық Италия қалаларының түр-сипаты қалыптасты. Қайта өркендеу дәуіріндегі (15 – 16 ғасырлар) Италияның архитектурасы жаңа бағытқа ауысып, қала салу ісінің құралымдау және пропорциялау тәсілдері математикалық жолмен дамыды. Барокко (16 ғасырдың аяғы – 18 ғасыр) тұсындағы архитектура Италияның қалалары мен виллаларында көлемді ансамбльдерімен, парктерімен, салтанатты басқыштарымен, бағаналарымен, хауыздарымен белгілі. 18 ғасырдың басында Италия архитектурасы дәстүрлі формада (Ф.Ювара, 1678 – 1736), 18 ғасырдың 2-жартысы мен 19 ғасырдың 1-жартысында классицизм бағытында болғандығы Миландағы архитектуралық ансамбль мен театр құрылысынан анық көрінеді. 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың басында қала орталықтарында эклектикалық құрылыстар көптеп салынды. Фашистік диктатура (1922 – 43) кезіндегі құрылыстарда монументтеу, әсіресе, жаңа классика басым болды. 20 ғасырдың 50 – 60-жылдары жаңа құрылыс материалдарын (темірлі-бетон, шынылы блок) пайдаланған Италия архитектурасы дамыды. Италия архитекторлары қазіргі заманғы архитектуралық форманы ұлттық дәстүрмен байланыстыруға ұмтылды.
Кескіндеме өнері
Италияның ортағасырлық кескіндеме өнері ежелгі дәуір өнері озық үлгілердің қарапайымдылық пен қарадүрсіндікке бағытталуы арқылы 8 – 11 ғасырларда (фрескалар, мозаикалар) қалыптасты. 12 ғасырдың аяғында діни тақырыптағы қондырғылы кескіндеме, құрылыстарды әсемдеу мақсатындағы мүсіндер, түрлі түсті инкрустация әдісі басым дамыды. 13 ғасырдың 2-жартысы мен 14 ғасырдың басында алдыңғы қатарлы қалалар Флоренция, Пиза, Сиенада, негізінен, ежелгі дәуір өнері бағытын ұстанған ақсүйектер өнері (Проторенессанс) пайда болды. 15 ғасырда Қайта өркендеу дәуірінің өнері ортағасырлық шарттылықтан қол үзіп, адам мен табиғатты зерттеуге және де ежелгі дәуір өнері мұрасын толық меңгеруге батыл ден қойды. Мүсіншілер Донателло (1386 – 1466), Л.Гиберти (1381 – 1455), А.Вероккьо (1435 – 1488) күш пен қуатқа толы е
| | скачать работу |
Италия |