|
|
Қазақ тіліндегі коммуникативтік фразеологизмдердің мәнмәтіндік негізі
лігіне айналдырып қолдану деп жіктеуге болады. Мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер автор тарапынан ешбір өзгеріссіз, «де» етістігінің көмегінсіз, жеке сөйлем түрінде қолданыла береді. Мысалы: «Ал» дегенде – саққұлақ, «бер» дегенде – салпаңқұлақ бола қапсыз. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар». Талай бермей, орай береңіз,-деп Сартай ашына сөйледі (С.См.). Бір биеден ала да туады, құла да туады, бір шіріген жұмыртқа кімді бүлдірер дейсің дейді ішінен Кенесары (І.Е.). Автор мақал-мәтелдің тұлғасын өзгертпей-ақ өз игілігіне айналдырып қолданады[1]: Арада өткен айлар саны бұл күнде есеп емес. Не болса да «кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей. Базаралы жолдағы бар бейнетті басып озып, өктеп келіп жеткен еді (М.Ә.). Бірақ … «аталы сөзге арсыз тоқтамас», дәуірірнде хан болса да шындықты таңдауы бір ғанибет іс еді (І.Е.). Бір атым насыбайға бола көңілі қала қойғыш (Ә.К.). Өзгеріс жасалған фразеологизмдердің дәстүрлі үлгісі сақталады: - Ал үнімді шығарсам ше? Бауыздайын деп жатқанда ешкі екеш ешкі де бақырып өледі… Ал қылышын сүйретіп есіктен кіріп төр менікі дейтіндерге… (І.Е.). Ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлаған тышқанның кебін киген Көшім хан, содан кейін қайта түзеле алмай, ақыры қаза тауып тынды (С.См.).Жалпыхалықтық мақал-мәтел коммуникативтік фразеологизмдер үлгісімен көркемсөз шеберлері өз тарапынан бейнелі оралымдар жасайды. Мысалы, Ілияс Есенберлиннің романдарынан мынандай авторлық туындыларды: Өзен қайда құйса, тамшы да сонда құяды. Көп тебінсе – жер сілкінеді. Ата-ананы таңдауға бомайды. Адамның бағы көтерілген сайын, жауы да көбейеді.Жылан да ұрпағын сүйеді. Түбірімен жұлынған шөп қана қайта өспейді. Шамасына қарамай көжеге де қаймақ тұрады т.б.; Софы Сматаевтың «Елім-ай» романынан: Жіліктің майлы басына әркім-ақ құмар. Артық байлық-арам ас. Мықтымен алыспа, жүйрікпен жарыспа т.б. кездестіреміз.
Коммуникативтік фразеологизмдер қолданыс барысында туынды мағынада ұғынылады, олар негізінен астарлы мағынада қолданылады, затты, құбылысты, кісінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, интеллектісін бейнелей суреттейді.Мысалы: Адамның басы алланың добына айналып, Тәңірбергендердің тепкен жағына домалап жатқан жоқ па? (Ә.Н.). Күштінің көпке көрсетіп жатқан қиянатын автор бір коммуникатив фразеологизмнің ішкі мазмұнымен-ақ анық суреттеп берген. – Солай ма? Е, онда патша бағы қайта бастады десейші. Иә, иә, мың асқанға бір тосқан… (Ә.Н.). Фразеологизм кекесін мәнінде қолданылып, көрсеткен көп қиянаттың бір кезде алдынан шығатынын тұспалдап жеткізіп тұр. Қайдам, сорлы ата-ананың көңілі балада болғанда, баланың көңілі басқа жақта ма деп… (Ә.Н.). Фразеологизмнің өмір шындығын айтып тұрғанымен, мәнмәтіндегі оның мағынасы жасөспірім бозбаланың теңіне деген ынтызары топшыланып, астармен берілген. Фразеологизмнің өзінің бастапқы мағынасынан ауытқып, өзге құбылысты бейнелей суреттеп, туынды мағынада түсінілетінін аңғару қиын емес. Бұл коммуникативтік фразеологизмдерде тура және туынды мағыналар жарыса қолданылуы байқалғанымен, мәнмәтіндегі мағынасында міндетті түрде ішкі астар, яғни әйтеуір бір астарлы, туынды мағына ұғынылады. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды»: Естіген өсегіне сонда-ақ сенген (І.Е.). Бұл мақал тура мағынасында шындық болмыстағы ақиқатты айтып тұрғанымен, мәнмәтіндегі, қолданыстағы мағынасы өсек-аяңның, дақпырттың негізсіз еместігін меңзейді. Құбылысты салыстыра суреттеудегі мақсат-ойды астарлы мағынада жеткізу. Мақалдағы дәлел мен қорытынды пікір астарлы мағынада қолданылады.
Мәнмәтіндегі коммуникативтік фразеологизмдердің тұлғалық өзгерістері оның жалпы мағынасына ешбір нұқсан келтірмейді, керісінше мақал-мәтелдің семантикасына, сәл болса да, қосымша мән үстейді, ол мән әрине, мақал-мәтелдің мағыналық жақтан дамуында ие болған ішкі астармен байланысты болады. Мысалы: Әрине, бар болса, мол болса – бір-ақ қарық қып тастар едім. Қысқа жіп күрмеуге келе ме. Азсынбасын (С.См.). Бұл фразеологизм мәнмәтінде риторикалық сұрақ түрінде қолданылып, өз жауабы өзінде айтылған. Жоқтық, кедейшілік қысқа жіптің күрмеуге келмейтін шындығымен салыстырыла бейнеленген де, оралымның туынды мағынасы дамыған. Қандай мақал я мәтел болмасын мәнмәтінде, қолданыста тура мағынасында ұғынылмайды, мақал-мәтелдердің мағынасы метафоралық мәнде түсініледі (Мысалы: Ұстазы қандай болса, шәкірті де сондай. Ағашына қарай мәуесі. Сабағы жаман дақылдың дәні де жаман т.б.).
Мақал-мәтелдің өзіндік мәнін жете түсіну үшін екі жақты табиғатымен қоса, оның үшінші жағын, яғни зат я құбылыспен байланысын білу қажет. Мақал-мәтелдердің жасалуында логикалық тұжырым басым болады да, сол тұрғыдан мәнмәтіннің құрылымдық бөлігі ретінде қолданылады. Ал заттық я құбылыстық деңгейде мақал-мәтелдердің материалдық шындықты білдіруі оның логикалық тұрғыдан ерекше қасиеттерінен көрінеді, яғни ішкі астары мәнмәтінде алдыңғы орынға шығады. Мысалы: Көп оқыған білмейді, көп тоқыған біледі. Көп жасаған білмейді, көп көрген біледі. Көп көрген білмейді, көп түйген біледі. Тілдік және логикалық құрылымы жағынан бұл мақалдар бір-біріне өте жақын. Соған қарамастан олар бір-бірінен тіпті өзге, бөлек, өйткені бір мәнмәтінде біреуі үйлесіп қолданылса, екіншісі я үшіншісі ол мәнмәтінде қолдануға икемсіз болады.Мақал-мәтелдердің тура мағынасымен байланыста туатын мәнмәтіндік мағына астарлы, экспрессивті-эмоциональды астарды ашады. Мақал-мәтелдерге тән басты қасиеттердің бірі – олардың, біріншіден, зат я құбылысты бейнелей суреттеуі, екіншіден, шындық өмірдегі құбылыстарды өмірлік тәжірибе тұрғысынан қорытып бейнелейтін мағынасы мәнмәтінде астарлы, туынды мағына жасауға негіз болатындығы, яғни көптеген мақал-мәтелдердің семантикалық табиғаты осындай.
Басқа тілдік тұлғалардың мән-мазмұны мен мағынасы сөйлемде, мәнмәтінде лексикалық және синтаксистік заңдылықтарға сәйкес тұлғаланып жан-жақты анықталатыны сияқты, фразеологизмдер де мәнмәтін құрамындағы сөйлемдермен, сөздермен семантикалық және грамматикалық байланысқа түсіп, өздерінің фразеологиялық қасиеттерін анықтайды. Коммуникативтік фразеологизмдерді сөйлем құрылымдас үлгілерде қалыптасқандығына қарап, жеке-жеке бөлшектерге талдауға болмайды. Синтаксистік еркін сөйлемдер мен коммуникативтік фразеологизмдердің айырмашылығы олардың парадигматикасынан да, синтагматикасынан да көрініп тұрады. Фразеологизмдер тұлғасы жағынан номинативтік (сөз тіркесі құрылымын) және коммуникативтік (предикативтік құрылымын) даму барысында сақтағанымен, семантикалық құрылымы өзгеріп, даму барысында жаңа сапаға, фразеологиялық сипатқа ие.
Әдебиеттер
1. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. –Алматы, «Ғылым», 1977. –712 б.
2. Сатенова С. К. Қазақ тіліндегі қос тағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты. – Алматы, КДА, 1997. –180 б.
| | скачать работу |
Қазақ тіліндегі коммуникативтік фразеологизмдердің мәнмәтіндік негізі |
|
|
|
Погода в Алматы |
на 10 дней |
другой город |
|