Қазанғапұлы Тәттімбет
Другие рефераты
Қазанғапұлы Тәттімбет (1815-1860) — қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Туып-өскен жері Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына карасты Дастар тауының етегі, Мыржық ауылы, Қызылжал қыстауы. Бұл жерді Мөшеке бұлағы деп те атайды. Мөшеке Тәттімбеттің үлкен әкесі. Тәттімбет небәрі 45 жас ғұмыр кешіп, дүние салған соң, Қарқаралы жеріндегі Түндік өзенінің бойына, Бабалы мен Арқалық тауларының ортасындағы алқапқа жерленген. Бұл — Тәттімбеттің әкесі Қазанғапқа арналып салынған зират. Ішінде үш қабыр-бесікше бар. Бірінде — Қазанғаптың өзі. Екіншісінде — Қазанғаптың бәйбішесі, Тәттімбеттің анасы Қалайы. Үшіншісінде — Тәттімбет жатыр.
Тәттімбеттің шыққан тегі Орта жүз, Арғын, оның ішінде Мейрамнан тарайды. Шежіре бойынша Мейрамнан Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа), Шұбыртпалы деген аталар өрбіген. Осылардың ішінде Тәттімбет Қаракесегі болып келеді.
Тәттімбеттің туып-өскен ортасы көшпелілердің сан ғасырлық музыкалық мәдениетінің дәстүрі орныққан, арқауы бекіген, әсіресе, күйшіліктің тарихи тек-тамыры үзілмеген, рухани құнарлы аймақ. Арқа төсіндегі Қоңырөлең, Өлеңті, Домбыралы, Сарын, Қорқыт көлі, Жорға, Мұңды, Тарғылдыңтауы, Зыңғыртау, Ақөлең, Дуана, Саржайлау, Былқылдақ, Қосішек, Күйтөккен сияқты жер-су атауларының қай-қайсысы да ән-күймен сабақтас. Ән-күй өмір салтқа айналып, адамдардың тағдыр-тіршілігімен біте-қайнасқан ортада ғана топонимдік айғаққа айналса керек.
Тәттімбет атқа ерте мініп, ел ісіне ерте араласқан адам. Батыс-Сібір генерал-губернаторы генерал-майор Фон Фридрихс Тәттімбет туралы арнайы жинаған мәліметінде мынандай дерек келтіреді: » Тәттімбет — ақ сүйектер әулетінен, бірақ көпестер гильдасына тіркелмеген. Қарқаралы округіндегі Нұрбике-Шаншар болысында 1842 жылдың 20 қаңтарынан 1845 жылдың 25 қаңтарына дейін болыс болды. Бұл жұмыстан өз арызы бойынша 1854 жылдың 29 шілдесіндегі бұйрықтың негізінде босатылды, қылмыс жасамаған, тергеуде, сотта болмаған » (ООМА, 3-қор, 3-тізім, 3902 -іс). Тәттімбет Ресей патшасы Александр II-нің таққа отыру салтанатына қатысқан. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов, Григорий Николаевич Потанин, Адольф Янушкеевич сияқты оқымысты-ғалымдармен, Алшынбай, Құнанбай, Шорманның Мұсасы, Жайықбайдың Ыбырайы, Кішкентайдың Аққошкары, Сандыбайдың Ердені, Уәлиханның Шыңғысы сияқты дала шонжарларымен, Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан-сал, Жаяу Мұса, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяк, Шашақ сияқты күйшілермен қадірлес-сыйлас болған. Бұл адамдар Тәттімбет көкірегінен күмбірлеп төгілген әсем күйлердің тұсауын кесіп, талғампаз сарапшысы болып отырған.
Оның өнеріне Біржан сал:
» Тәттімбет — ардагерім, Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына», — деп сүйсінеді.
Тәттімбет талай-талай додалы күй айтыстарына түсіп, қарсыласын тосылту үшін, домбырада қалыс, шалыс, теріс, қосақ бұрауларын көп қолданған. Бұл дәстүрдің орнығуына мұрындық болған. Абайдың анасы Ұлжанға апа болып келетін Малқара қыз, Шұбыртпалыдан шыққан Итаяқ, Найман ішіндегі Шашақ сияқты дәулескер домбырашылармен Тәттімбет күй айтысына түскенде домбыраны бірде башпайымен қағып, келесіде ұстарамен тартып, енді бірде пернелерін қиып тастап тартып өнер көрсеткені туралы қызықты әңгімелер ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады.
Қазанғапүлы Тәттімбеттің» Саржайлау», «Былқылдақ», «Сылқылдақ», «Бес төре «, «Көкейкесті», «Қосбасар» сияқты ондаған күйлері қазақтың музыкалық мәдениетінің асыл айғақтары болып табылады.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|