Қорықтар аймағы
Другие рефераты
Біз жұмыр жер бетінде өзге де алуан түрлі тіршілік иелерімен қатар мекендеп, өмір сүріп жатырмыз. Әрқайсысы өзінше бағалы саналатын олар адамзат игілігін құрайды. Қазақстанда жабайы табиғаттың аса ғажайып өңірлері — шаруашылық қызметінің кез келген түріне тыйым салынған қорықтар бар. Көрік-келбеті уыз қалпында сақталған мұндай табиғат алапта-ры сиреп, құрып кетуге айналған жан-жануарлар мен өсімдіктердің аса маңызды тіршілік ортасы болып табылады, сондай-ақ медициналық және басқа да ғылыми-зерттеулер үшін генетикалық қор, «тірі лаборатория» іспеттес. Биологиялық және ландшафтық орасан мол алуан түрлілік пен әсем табиғат көркі үйлесім тапқан бұл жерлер рухани және дене күш-қуатының қайнар көзі ретінде адамға қызмет етеді.
Қазакстан Республикасының «Ерекше қорғауға алынған табиғи территориялар туралы» заңы бойынша елімізде ерекше қорғалатын 13 табиғи территория анықталған. Қазіргі кезде Қазақстанда 9 қорық пен 5 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 66 қорықша, республикалық маңызы бар 26 табиғат ескерткіштері, 3 зоопарк, 5 ботаникалық бақ, бірнеше дендропарк, халықаралық маңызы зор 2 сулы-батпақты алқап, ерекше мемлекеттік мәні бар, ғылыми құндылығы айрықша 150 су көздері құрылып, жұмыс істеуде.
Қорықтар, қорықшалар, ұлттық парк және табиғат ескерткіштері алқаптары мемлекет территориясының 2,8%-ін алып жатыр. Барлық 9 қорық ғылыми және табиғат қорғау мекемесі мәртебесіне ие және республикада ерекше қорғауға алынған жоғары дәрежелі табиғи территория болып саналады. Олар дәл сол өңірге тән бірегей табиғат кешендерін қаз қалпында сақтау мақсатына қызмет етеді. Бұлардың ішіндегі ең көнесі батыс Тянь-Шань таулы аймағындағы көркем де келісті табиғат мүйісі — Ақсу мен Жабағылы өзендерінің бастауы маңындағы Талас Алатауының батыс сілемін қамтып жатқан Ақсу-Жабағылы қорығы болып табылады. Тянь-Шанның шығыс бөлігінде, Іле Алатауының тау жоталарында — Алматы қорығы, солтүстіктегі далалық өңірде — халықаралық маңызы бар су төңірегі құстарының көптеген түрі ұя салып, сулы-батпақты алқабын мекен еткен Қорғалжын қорығы орналасқан. Қостанай облысындағы Наурызым қорығы көкке бой түзеген көрікті қарағай ормандары мен сан алуан дала өсімдіктері дүниесін құрайды. Үстірт қыратындағы шөл қорығы Үстірт арқарларын, итаю және бағалы өсімдіктер дүниесін қорғау мақсатында құрылған. Суы тартылып, құрғап бара жатқан Арал теңізіндегі Барсакелмес қорығы республикадағы аралда орналасқан бірден-бір қорық болып табылады. Аралда 300-дей құлан, қарақұйрық, ақбөкендер мекендеп, тіршілік етеді. Шығыс Қазақстан тауларында сондағы күміс сулы Марқакөлдің атымен аталған қорық бар. Республикадағы ең жас қорық — Алтайдың қылқан жапырақты ну ормандары мен оның мекендеушілерін сақтап, қорғауға арналған Батыс Алтай қорығы.
Қазақстанда шөл, шөлейт және тау экожүйелерінің ұлан-ғайыр территориясын алып жатқан 5 мемлекеттік ұлттық табиғи парк құрылған. Олар — «Алтынемел», «Баянауыл», «Іле Алатауы», «Көкше-тау» және «Қарқаралы» ұлттық парктері. Қорықтардан айырмашылығы — олардың территориясында қоршаған ортаны қорғау шараларын жүзеге асырумен қатар, табиғаттың кейбір түрлерін пайдалануға және экологиялық туризммен айналысуға рұқсат етілген.
Қазіргі кезде Қазақстанда ерекше қорғауға алынған территория өсімдіктері мен жануарлар дүниесін тізімдеп, түгендеу жұмыстары аяқталды. Қазақстанда 835 түрлі омыртқалы жануарлар мекендейді, олардың 22-сі республиканың Қызыл кітабына енгізілген. Еліміздегі 500 түрлі құстың 346-сы қорықтарда ұя салып, тіршілік етеді. Қазақстан флорасында жоғары өсімдіктердің 6000-ға жуық түрі бар. Олардың сирек кездесетін 400-дейі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.
Қорықтарда табиғаттың өзгеру, даму процестерін сипаттайтын ғылыми-зерттеу жұмысы тұрақты жүргізіледі, «Табиғат жылнамасы» бақылауы өткізіліп түрады.
Табиғи тепе-теңдік пен барлық жанды нәрсеге қолайлы ортаны сақтап, өзара бір-біріне ықпал .ету жүйесін қалыптастыру үшін, басқа да табиғи түрлермен толықтырып отырмаса, ауыл шаруашылығы алқаптары мен өндірістік кешендердің қоршауында қалған қорықтарға бірте-бірте жойылып кету қаупі туады.
Ерекше қорғауға алынған табиғи территория жүйесін кеңейте түсу Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі үзақ мерзімді «Экология және табиғи ресурстар» стратегиясы маңызды міндеттерінің бірінен саналады. Республикада табиғат қорғаудың алдыңғы қатарлы және қолайлы жүйесіне жол ашатын биосфералық резерваттар құру үшін арнайы 15 аймақ бөлінген.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|