Саз әлемінің сардары - Ахмет Жұбанов
табыспен сахнада орындалып келе жатуына білгірлікпен жазылған М.Әуезов либреттосының маңызы зор болғанын композитор дұрыс бағалаған еді. Сахнада 62 жылдық тарихы бар қазақтың классикалық “Абай” операсы жайлы кезінде баспа бетінде көп жазылғасын, біз бұл шығармаға көп аялдауды жөн көрмедік. Заңғар жазушымен бірлесіп жазыла бастаған “Құрманғазы” операсының либреттосы көп ұзамай драматургтің денсаулығына байланысты іркіліп, кейін ол дүниеден қайтқанда мүлдем тоқтап қалды. Осындай себептермен аяқталмай қалған операны бітіруді перзенттік парызым деп білген Ғазиза Жұбанова белгілі ақын Х.Ерғалиевпен бірге оны қазақтың тұңғыш радиооперасы етіп жазып (1971ж.), кейін оған қосымша сахналар кірістіріп, 1986 жылы үш актілі “Құрманғазы” операсының толық сахналық нұсқасын аяқтады.
Шығармадан-шығармаға жаңашылдық принциптерімен көріне білген Ғ.Жұбанова “Дала Моцарты” Құрманғазы бейнесін толымды етіп музыкалық театр сахнасына шығаруда алғаш рет қазақтың төл музыка аспабы домбыраға арналған күйлер негізінде опера жазуды жүзеге асырды.
Қазақ күйінің табиғаты аспапта орындауға негізделген. Сондықтан домбыра, қобыз, сыбызғы күйлері симфониялық оркестрге арналған шығармаларға тікелей арқау болды. Ол бұған дейінгі аға буын композиторлар Е.Брусиловский, М.Төлебаев, т.б. опера шығармалары арқылы кеңінен белгілі. Күй сазы бұл композиторлардың операларында негізінен шығарманың оркестрлік кіріспе, би, аспаптық бөліктерінде кездесетін. Осылай дамыған күй жанры симфониялық, ұлт аспаптық оркестрлерінің репертуарынан кең орын алды.
Күй атасы атанған Құрманғазының өмір жолы мен оның шығармашылығына арналған операда, жоғарыда айтқандай, қазақ композиторларының арасында жаңа сүрлеу жол салынды. Күй енді тек оркестрлік бөліктерде ғана емес, кейіпкерлердің ән-арияларында, вокалдық ансамбльдерде, хормен өтетін көлемді көпшілік сахналарда күйшінің “өз тілінде” қолданыс тапты. Ал кейбір жеке сахналар тұтастай бір күй тақырыбы негізінде жазылған. Күйші шығармаларының операда қолданылу тәртібі Ахмет Қуанұлының әдепкіде айқындаған жоспары бойынша сақталды. Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың осы операсымен құлаққа сіңісті болған “әннен-операға, күйден-симфонияға” деген дәстүрлі сөз тіркесінің көбесі сөгіліп, мән-мағынасы толысып, дәстүрлі музыка мен кәсіби музыканың өзара қатынасының көкжиегі кеңейе түсті.
1985 жылы сәуір самалымен келген ұзақ жылдар бойғы тоталитарлық жүйенің үстемдігі әлсіреп, қоғам өміріне сілкініс әкелгені белгілі. Сөз жүзінде тереземіз тең болғанымен, іс жүзінде орталықтың әміршіл-әкімшілдік жүйесіне бағынышты “үлкен ағаға инабатты іні” болып келген одақтас республикалар ішінен бірінші болып қазақ жастары 1986 жылы бас көтерді. Олар Мәскеудің айтқанымен жүре алмайтынын паш етіп, Республика алаңына шыққан болатын. Бұл бас көтеру “не істесем де, өзім білемге” салған озбырлық ордасының мызғымастығына терең түсер сызаттың алғашқы қуатты дүмпуі болатын. “Құрманғазы” спектаклінің осындай қоғамдық-саяси маңызы зор оқиғалармен қабаттаса сахнаға дайындалып, көп ұзамай тұсауы кесілуі кеңестік жүйенің жазалау шаралары науқанының күшіне мінген кезінде, еңсесі түскен елге үлкен серпіліс әкеліп, қуат берген зор мәдени құбылыс болды. Композитор Ғ.Жұбанованың желтоқсан оқиғасына байланысты азаматтық, суреткерлік позициясы дәл осы сәтте айқын байқалды. Құрманғазы бойындағы қызуқандылық, жігер мен қайрат осы жерде де лезде көрініс берді.
Опера партитурасы театрға 1986 жылы қабылданып, жекелеген орындаушылармен кластағы дайындық жұмыстарынан кейін желтоқсан айында репетицияның соңғы кезеңі – сахнада жүріп жатқан. Шығарманы қоюшы режиссерлер Б.Досымжанов пен Ә.Мәмбетов болатын. Опера авторымен, спектакльді алғаш сахнаға дайындаған әнші Ғ.Есімовпен осы кезең жайлы сұхбаттасқанымызда, қалың көпшілік біле бермейтін мынадай фактілерге тоқталды. Операның бірінші көрініс, бірінші суретінде жорықтан келген Құрманғазының көтерілісшілерден хабар күткен халқына қарата:
“Ей, Махамбет жолдасым,
Арыстан, жолбарысым.
Жолымның білдім оңбасын,
Оңбаған емей немене.
Өтірік сөзге алданып,
Бақытым ауып басымнан.
Әскерім кетіп қасымнан,
Жапанда жалғыз қалған соң” ... — деп басталар Махамбет — Исатай жайлы баллада-термесінің сөзі Алматы қаласында желтоқсандағы басталған қанды оқиғалар әсерінен түгелдей өзгертіліп:
“Ей, ағайын, ағайын,
Мен айтсам кәрі жасыңа.
Қара күн туды басыңа,
Қара күн демей не дейін.
Ереуіл туы жығылды,
Ойран болды ой-сана.
Қарғалар төніп өлікке,
Қан жоса болды сай-сала, (“Құрманғазы” Опера клавирі. Қолжазба) – деген сөздермен ауыстырылғанын айтты. Өзіміз байқағандай, Құрманғазы балладасының алғашқы нұсқасында халқына алып келер жаңалық хабары, көтеріліс басшылары Махамбет пен Исатайдың жеке бастарына түскен ауыртпалықты ашына айтар болса, өзгертілген, екінші нұсқада “Ей, ағайын, ағайын, Мен айтсам кәрі жасыңа...” деп басталып, ауыр нәубеттің бүкіл халыққа салған ауыр салмағын нақтылы меңзейді. Дәл сол тарихи кезеңдегі дүбірлі күндердің жанды суретін айнытпай беретін өлең жолдары сол бір еңсені басқан ауыр күндердің хатқа басылған айғағы секілді тарихта қалды. Опера авторы елі, жері, халқының қамын ойлайтын кез келген ұлтжанды азаматтың іштен тынып, амалсыздан тұншыққан жан дауысын кеңестік жазалау машинасының қылышынан қаны сорғалап тұрған кезеңде Құрманғазыға айтқызуы — үлкен ерлік. Осы жерде әрбір жаңа қойылымды үтір, нүктесіне дейін зерттеп, қалт жібермей қадағалайтын кеңестік атышулы — цензура қайда дейтін сұрақтың туындауы заңды. Біріншіден, бұл шұғыл өзгертуді автормен бірге санаулы адамдар ғана білетін. Екіншіден, үкіметтің барлық идеология аппараты, тергеу, жазалау мекемелері түгелдей “ұлтшыл, нашақор” жастармен мұрнынан шаншыла “жұмыс істеп жатты”. Өнер саласынан, соның ішінде өнердегі ең консерваторлық “керенау” жанр болып есептелетін операдан, мұндай ұшқырлықты, әрине, күтпеген болатын.
А.Жұбановтың композиторлық қыры 30-шы жылдардың екінші жартысынан бастау алады. Ұлт аспаптар оркестріне арнап өңдеген халық күйлері мен орыс және батыс композиторларының туындыларымен көрінеді. “Амангелді” атты қазақтың тұңғыш көркем фильміне арнап, М.Гнессинмен бірге шығармашылық одақта музыка жазды. Бұдан басқа да елге кеңінен танылған: фантазия, сюита, марш, увертюра, ән-романстар, хорлар мен камералық, аспаптық туындыларында композитордың лирикалық табиғаты жан-жақты ашылды. Жүректі жаулап алатын нәзік әуен ырғағы оның лирикалық шығармаларының бастау көзі. Көлемді симфониялық оркестрге арналған туындылары қатарына 5 бөлімнен тұратын “Абай” сюитасын, “Төлеген Тоқтаров” фантазия-увертюрасын, М.Әуезовтің “Абай” спектакліне музыка, сондай-ақ Л.Хамидимен бірге “Абай” және “Төлеген Тоқтаров” операларын жазып шықты.
“Абай” қазақ опера репертуарының маңдайалды классикалық туындыларының бірегейі. Алматы қаласындағы Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры сахнасының 62 жыл бойы маусымдық ашылуын “Абай” операсымен бастауы қазақ өнері тарихында композитор А.Жұбанов қалыптастырған дәстүрдің негізі берік қаланғандығын көрсетеді. Бұл операмен қазақ әлемге өскен өнерімен мақтанып, қазақтың бірнеше ұрпақ әншілері сахнадан қайталанбас жұлдызды сәттерін басынан өткерді. Сахнадан қолына шам алып айналасындағы қараңғылыққа жарық шашуға ұмтылған /алғашқы қойылымның финалындағы режиссуралық шешім/ тұңғыш Абайды сомдаған Р.Абдуллиннен бастап, бүгінге дейінгі орындаушылардың бәрі де жұртын елдікке, бірлікке шақырып келеді. Ұлы Абайдың аузынан айтылар сөзі, әні, музыкасы бәрі де бүгінгі күннің тыныс-тіршілігімен терең астасып жатыр. Халқының жадында сақталып, ауыздан-ауызға беріліп келген музыкалық мұраларын келер ұрпақ үшін тірнектеп жиып-теріп, ұмытылмастай етіп хаттап кеткен А.Жұбановтың төл туындылары да сол дала абыздарының жолын жалғастырушы келешекпен байланысып жатыр.
Артында өшпестей мұра қалдырған композитор А.Жұбановтың туындылары келер ұрпағымен бірге жасап, үшінші мыңжылдыққа да аяқ басты. Мұндай құрмет, мұндай шығармашылық табыс сирек болатын құбылыс. Өзінің барлық білімі мен ақыл-ойын, күш-жігерін қазақ кәсіби музыка өнерінің дамуына сарп еткен шынайы талант иесіне берілетін халқының нақтылы бағасы да осындай болса керек.
| | скачать работу |
Саз әлемінің сардары - Ахмет Жұбанов |