Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941)
Другие рефераты
Шоқайұлы Мұстафа (1886-1941) — отаршылдықтың озбыр саясатына қарсы жүргізілген қоғамдық қозғалыс көсемдерінің бірі, Түркістан халықтары арасында тарихта тұңғыш рет демократиялық Еуропаның ортасында түркістандық саяси эмиграциялық қызметтің негізін қалаушы. Туған жері бұрынғы Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) уезіне қарасты Шоқай ауылы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Торы тармағына жататын Шашты руынан тараған текті әулеттің ұрпағы. Атасы Торғай Сыр қазақтары орыс патшалығының қол астына кірмей тұрғанда Хиуа ханының уәлиі болған. Әкесі Шоқай дала қазақтары арасында ерекше мәдениетті, елге беделді би болған, отырықшылықпен айналысып, бау бақша салдырып, егін еккен, кірпіш үй салдырған. Анасы Бақты да текті жердің қызы екен. Әкесі батыр болыпты. Түркістанды орыс отаршылары жаулап алуға кіріскенде, Бақты да әкесімен бірге соғысқа қатысып, барлаушылық қызмет атқарған. Бейбіт күнде өлең жазып, дастандар жырлаған.
Отаршылдықтың өктемдігін, қиянатшыл әділетсіздігін Мұстафа жастайынан көріп өседі. Өз басы отаршылдықтың өрескел кеудесоқтығымен Ташкентте, «өте жақсы» деген бағамен гимназияны аяқтаған кезде бетпе-бет кездеседі. Гимназияда оған берілмекші болған алтын медальді генерал Самсонов бергізбей, одан төмен оқитын орыс баласына жазады. Бұған күміс медальді ұсынады. Бірақ Мұстафа медаль алудан мүлде бас тартады.
Мұстафаның терең білім алып, саяси көзқарасының қалыптасуы және қоғамдық қозғалысқа, халқының азаттығы үшін күреске қатысып шыңдалуы Петербор университетінің заң факультетінде оқып жүрген кезінен басталады. Ол гимназияда да, университетте оқып жүргенде де, жергілікті әкімшіліктен зәбір жапа шегіп келген жерлестерінің атынан арыз жазып, олардың әділдікке жетуіне көмектеседі, тіпті, кейбір күрделі істер бойынша сенат алдына мәселелер қоюына тура келеді.
Мұстафаның алғашқы қоғамдық жұмысы оның 1914 жылы Әлихан Бөкейхановтың ұсынысымен IV Мемлекеттік Думадағы Мұсылман фракциясының хатшылығы. Бұл оның Ресейдегі қайраткерлермен, Дума депутаттарымен араласуына, іс жүзінде жалпы мұсылмандық, жалпы түркістандық идеяларды қолдауына алып келді. Азаттық алу үшін езілген халықтардың тізе қосуы қажет екенін Мұстафа сол кезде анық түсініп, өмірінің соңына дейін бұл пікірінен айныған жоқ.
1917 жылғы Ақпан төңкерісін Мұстафа Петeрборда пікірлес достарымен бірге қуана қарсы алады, патша үкіметінің құлауы оларға бостандыққа жетуге жол ашқандай болады. Ол Әлихан Бөкейханов секілді отандастарымен бірігіп, іс жүзінде ұлттық қозғалыстың басты тұлғаларының біріне айналады.
Уақыт туғызған мүмкіндікті пайдаланып, еркіндікке қол жеткізер кезде Түркістан мұсылмандары бірлік таныта алмай, ек топқа бөлініп: бірі консервативті бағытты, екіншісі прогресшіл бағытты ұстанады. Қазан төңкерісінен кейін билікті алған Түркістан жұмысшы шаруа кеңестерінің үкіметі бұл екі топты саяси бірлікке келтірмеудің бар шарасын істеп бағады. Екінші бағыттың басында тұрған Мұстафа Шоқай осы кезде құрылған Түркістан автономиясының Уақытша үкіметінің сыртқы істер министрі, Мұхамеджан Тынышбаев отставкаға кеткен соң, оның орнына Бас министр қызметін атқарады. Бұл кезде ол Өлкелік Қазақ Кеңесінің төрағасы болатын. Оған қоса 1917 жылдың шілде айында Орынборда өткен I Бүкілқазақтық Құрылтайдан соң құрылған «Алаш» партиясына мүше еді.
Ташкенттегі жұмысшы солдат депутаттарының үкіметі өзін бірден-бір билік иесімін деп есептеп, Қоқандағы Мұсылман автономиясына қарсы қанды қырғын ұйымдастырады. Қоқандағы большевиктер ойранынан зорға қашып құтылған Мұстафа Иргаш Құрбашының бандыларының қолына түседі. Өліммен бірнеше рет бетпе бет келіп, әйтеуір аман қалады. Бұдан кейінгі басталған оның эмиграциядағы өмірі де қиыншылыққа толы еді. Жат жерде қаржы қаражатсыз жүргеніне қарамай, тынымсыз саяси ғылыми баспагерлік жұмыстармен айналысады. Бұл Мұстафа Шоқай ұлының өз халқының тәуелсіз болашағы үшін білек сыбанып, ымырасыз күреске түскен жылдары еді.
Ол өмірінің соңында тамыз айының басынан қараша айының соңына дейін немістің бірнеше лагерін аралап, тұтқындағы ондаған мың түркістандықтармен кездеседі, оларды өлім тұзағынан құтқарып алуды өзінің бірден-бір борышы санайды. Жаны күйзелген Мұстафа Германияның билік орындарына жолдаған хатында: «Сіздер немістер өздеріңізді Еуропадағы ең мәдениетті халықпыз деп санайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргендерім болса, онда мен сіздерге тұтқындардың шеккен азабын көрулеріңізді тілеймін. Сіздер XX ғасырда өмір сүре отырып, XIII ғасырда Шыңғыс ханның жасаған зұлымдығынан асып түстіңіздер. Мәдениетті халық екендіктеріңізді айтуға хақыларыңыз жоқ» деп жазады. Осы хатты тапсырған СС офицері: «пікіріңді тым тура айтыпсың, мұның артықтау емес пе?» дегенде Мұстафа: « Егер сіздер осыған байланысты маған ату, не асу жазасын берсеңіздер қарсылығым жоқ. Мұндай мәдени қоғамда өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық» дейді. Мұстафаның адал жары Мария Яковлевна арқылы бізге жеткен осынау деректер ұлтын сүйген ұлы азаматтың ұлтшыл жүрегінің жерлестері тартқан азапты көріп қалай ауырғанын, жанының қалай күйзелгенін әлемге жариялап тұрғандай.
Ол 1941 жылы Берлиндегі «Виктория» ауруханасында құпияға толы жағдайда қайтыс болды. Сүйегі Берлин қаласындағы мұсылмандар бейітінде жерленген.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|