Алаш қозғалысының соңғы түйіні - Мұстафа Шоқай
Другие рефераты
Әбдіуақап Қара
Тарих ғылымдарының докторы,
профессор, шоқайтанушы (Түркия)
АЛАШ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ СОҢҒЫ ТҮЙІНІ –
МҰСТАФА ШОҚАЙ
Қазақ халқының таяу заман тарихында ерекше орынға ие Алаш қозғалысының тарихы көбінесе Алаш Орда үкіметінің тарқауымен байланыстырылып 1918 жылға дейін келіп аяқтатылады. Алайда бұл мәселеге тереңнен үңілгенде, оның ауқымының одан әлдеқайда әріде,Мұстафа Шоқайдың күрес тарихымен жалғасып 1940 жылдарға дейін барғанын көреміз.
Алайда, Мұстафа Шоқайдың іс-қимылдарын Алаш Орда қозғалысынан бөлек қолға алу басым болып отыр. Атап айқтанда, Алаш қозғалысы, Алаш Орда үкіметі мен Мұсафа Шоқай, Түркістан автономиясы, Шоқайдың Еуропа елдеріндегі саяси іс-қимылдары көбінесе бір-бірінен тәуелсіз әрекеттер ретінде бағалануда.
Мұның себебі түсінікті. Өйткені Алаш Орда үкіметі және оның жетекшілері туралы зерттеулер, Мұстафа Шоқай туралы зерттеулерге қарағанда көш ілгері болып отыр. Сонымен қатар кеңестік кезеңде тыйым салынған Алаш жетекшілері туралы ақиқаттар қайта құру-жариялылық кезеңінде ақтаңдақ беттер ретінде Шоқайдан бұрын қолға алына бастады. Тіпті олар 1988 жылы Компартияның қаулысымен ақталған да болатын. Осы кезде Шоқай туралы еш нәрсе айтылмады. Шоқай тек Қазақстанның соңғы шындығы ретінде, Алаш қайраткерлерінің ақталуынан екі жыл өткеннен кейін, атап айтқанда 1990 жылдың аяқ шенінен кейін ғана ауызға алына бастады.[1]Қазақстанда бұрынғы Кеңестік идеологияның салдарынан Шоқайға сенбей күмәнмен қараушылар қатары күн сайын азайып келе жатса да, әлі де баршылық.
Сонымен бірге Алаш Орда жетекшілері туралы зерттеулерде, олармен Шоқай арасындағы қарым-қатынастар, әсіресе Алаш және Түркістан автономиялары құлағаннан кейін оның жетекшілері Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқай арасындағы байланыстарға жеткілікті назар аударылмауда.[2]
Міне осы себептерден Шоқайдың Алаш қозғалысымен бірге аталмай жүрген болуы мүмкін.
Көпшілікке белгілі жәйт,Шоқай Петербург университетінде студент кезінен бастап Алаш Орда жетекшісі Бөкейхановпен тығыз байланыста болды. Тіпті Шоқайды саясатқа баулыған Бөкейхановтың өзі десек қателеспеспіз. Демек Шоқай Алаш қозғалысының рухы болып есептелетін Бөкейхановтың саяси шәкірті. Оған қоса Ташкенде, Қоқанда Түркістан автономиясының ішінде жүргеннің өзінде Бөкейхановпен байланыста болып жүрді. Олай болса, Шоқай шетелдерге шыққаннан кейін Алаш идеяларын ұстанбай жүре ала ма? Әрине жоқ. Ол заңды түрде Алаш мақсаттарын орындап жүрді. Тіпті оның мақсат-мүдделерін одан әрі дамытты десек артық айтқандық бола қоймас.
Бұл тұрғыда Шоқай, Алаш қозғалысының жалғасы деген пікірге қосылмайтындардың мынадай пікірлерді алға тартуы мүмкін.
«Шоқайдың Еуропа елдерінде ұстанған басты екі мақсаты бар еді. Біріншісі – тәуелсіздік, екіншісі – бір тұтас Түркістан идеясы, яғни Түркістан одағы.
Ал Алаш көсемдері болса автономия пікірін жақтады және әсіресе Бөкейханов өзге Түркістан халықтарымен, өзбектермен одақтасуға қарсы болды. Оның орнына Сібір үкіметімен одақтасуды жақтады. Мұндай арада үлкен пікір айырмашылығы болған екі әрекетті қалайша бір-бірінің жалғасы деп айтамыз».
Дұрыс, Бөкейхановтың кезінде, атап айтқанда, «Қазақ» газетіне 1917 жылы қазан айында жазған бір мақаласында былай деп атап өтеді: «Біз Түркістанмен діндес, туысқанбыз. Автономия болу – өз алды мемлекет болу. Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы болса, Түркістан халқының қараңғылығы һәм шебер адамының жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бір автономия болса, автономия арбасына түйе мен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп біз қайда барамыз».[3]
Бөкейхановты Түркістан аймағында ескішілдік пен діни фанатизмнің басым болуы және халықтың дүмше молдалардың шылауында жүруі де ойландыратын.[4]Осы себепті оның ойынша, Түркістан өкіметі мен Алашорда Өкіметінің бірлесуі екі соқырдың қол ұстасып жолға шығуы деген сөз еді.[5]Бөкейханов, сондай-ақ, Түркістан мен Алашорда өкіметтері бірлесе қалған жағдайда, биліктің ескішіл күштердің қолына өтуінен сескенетін.[6]Өйткені, Ташкенге барып, жұмыстарына қатыса алмаса да, Түркістан Комитетінің бір мүшесі ретінде Ташкенттегі ескішілдердің Шоқай жетекшілігінде саяси ұйым, Ұлттық Орталықтың саяси іс-қимылдарына кедергі келтіруге дейін барған, әсіре діни фанатизмдері туралы құлағдар еді. Қазан айында Семейде сөйлеген сөзінде Бөкейханов ескішілдердің діни фанатизмдерін тілге тиек етіп, олардың Ташкент қалалық басқарма мәжілісінде оба ауруының Алланың ісі екендігін айтып, оған қарсы шаралар қолдануды күнә санап, қарсы шыққандықтарын айтты.[7]Сондықтан Бөкейханов, Дулатовтың Кеңес дәуірінде ОГПУ-ге берген жауабында да айтқанындай, Түркістанда ескішілдердің діни фанатизмі саяси жұмыстарды ойдағыдай жүргізуге кедергі болады деген пікірде еді.[8]
Алайда Түркістан үкіметінің жұмыстары, Алашорда жетекшілерінің өзбек және қазақ халықтарының саяси ынтымақтасуының алдында тұрған ең маңызды кедергі ретінде бағалаған ескішілдердің саяси саланы бақылайтындықтары жайындағы алаңдаушылықтың орынсыз екенін көрсетіп берді. Өміршең мәселелерде халықтың саналы қимыл жасап, ескішілдерге қарсы жаңашыл қайраткерлерді қолдайтыны байқалды. Сонымен, Түркістан үкіметі толықтай жаңашылдардың қолында болды. Тіпті үкіметтің басында қазақ болуларына қарамастан, алдымен М.Тынышбаев және кейіннен Шоқай сынды білімді саясаткерлер тұрды. Мұның өзі Түркістанда көпшілікті құраған әсіре діншілдердің үкіметте әсерлі бола алмайтындарын көрсетіп берді.
Бөкейхановтың түркістандықтармен одақтасуға қарсы қатаң көзқарастарының жұмсарғаны Сырдария қазақтарының құрылтайында белгілі бола бастады. Өздеріңізге белгілі, Сырдария қазақтарының Түркістаннан бөлініп, Қазақ өкіметіне қосылу туралы бір шешім қабылдауы үшін шақырылған сол құрылтай, жиналу мақсатына қарама-қайшы бір шешім қабылдап, Қазақ өкіметі мен Түркістан өкіметі арасында ынтымақтастықтың алғашқы қадамына түрткі болды. Құрылтайдың қарарларыныңбірінде «Алашорда өз алдына автономия жариялап болып Түркістан автономиясымен одақ болса, Сырдария қазақ-қырғыздары Түркістан автономиясынан шығып, Алаш автономиясына кіруге шешім қабылдайды»,– деп атап өтілді.[9]
Қазақ автономиясының жариялануынан кейін Түркістан үкіметімен бірігудің тілге тиек етілуі бізге осы одақтың күн тәртібіне енгенін көрсетеді.
Бірақ қаңтар айында пайда болған оқиғалар, бұл мәселенің өкіметаралық кездесулерде талқыланып,одан әрі дамытылуына мүмкіндік бермеді. 18 қаңтар күні большевик күштерінің Орынборды басып алуымен бірге Бөкейханов басшылығындағы Алашорда өкіметі тарап кетті.[10]Айдыңсоңында Түркістан өкіметі де большевиктер тарапынан біржола тарқатылды. Сонымен,большевиктер Алашорда мен Түркістан өкіметтері арасында басталғалы тұрған ынтымақтастықтың іске асуына мүмкіндік бермеді.
Алайда бұл жағдай Алаш көсемдері мен Түркістан Автономиясы жетекшілерінің бір-бірімен тізе қоса жұмыс істеулеріне кедергілік келтіре алмады. Түркістан Үкіметі құлағаннаннан кейін қиын-қыстау күндерді басынан кешірген Мұстафа Шоқай Қоқаннан Ташкенге, ол арадан Орынборға өтіп Алаш Орда жетекшілерімен бас қосты.
Олар ұлттық әрекеттің бұдан кейінгі бағытын белгілеу үшін 1918 жылдың 30 тамызы мен 7 қыркүйегі арасында Орынбор және Самара қалаларында бірқатар жиналыстар өткізілді. Бұл жиналыстарға Шоқайдан басқа Алаш көсемдерінен Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулат және М.Тынышбаев қатысты. Сонымен қатар Қоқан өкіметі мүшелерінен Убейдуллах Хожа да осы жиналыстарға қатысушылардың арасында болды. Сонымен, Алашорда, Түркістан және Башқұрт Өкіметтерінің өкілетті қайраткерлерінің басы осы жиналыстарда қосылды. Жиналыстардың қорытындысында бұл үш өкіметтің «Оңтүстік-Шығыс автономиялық Мұсылман Өлкелері Одағы»[11]деген атпен бір федерация болу және қазақ және башқұрт әскерлерін бір армияға топтастыру туралы шешім қабылданды. Уәлиди жиналыстарда федерация жоспарының жан-жақты талқыланғанын айтады. Аталған федерация жоспары шамамен қазіргі Башқұртстан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркіменстанды қамтитын 4.010.139 шаршы километрлік бір кеңістікті және 1917 жылғы есеп бойынша ұзын саны 15.673.680 адам және мұның 82 пайызын мұсылмандар құрайтын халықты қамтыды.[12]
Сонымен, 5 қаңтар күні Түркістан қаласында Сырдария қазақтары құрылтайында алғашқы қадамы басылған Алашорда мен Түркістан автономияларының одағын құру жолындағы жұмыстар сегіз айлық үзілістен кейін Орынборда Башқұрт өкіметін де қосылып, кең түрде жалғастырылды. Өйткені айдай анық боп ортаға шығып отырған бір шындық бар еді. Ол большевиктердің Ресейдің түркі тілдес халықтарына өзін-өзі басқару құқын ешқашан бермейтіндігі еді. Мұны тек білектің күші найзаның ұшымен большевиктермен соғыса отырып қана алу мүмкін еді. Ал бұл үшін болса, күш біріктіру қажет
| | скачать работу |
Другие рефераты
|