Әзірбайжан Республикасы
Другие рефераты
Әзірбайжан Республикасы (әз. Azərbaycan Respublikası) — Азия мен Еуропа аралығында, Шығыс Кавказда орналасқан мемлекет. Ол солтүстікте Ресеймен Дағыстан Республикасы арқылы, оңтүстікте Иранмен, Батыста Армениямен шектеседі. Ал оның эксклавы Нахичевань Автономиялық Республикасы оңтүстікте Иранмен, шығыста және солтүстікте Армениямен, батыста Түркиямен шектеседі.
Мазмұны
-
1 Саяси мәдениет
-
2 Халқы
-
3 Климаты
-
4 Шаруашылығы
-
4.1 Машина жасау
-
4.2 Көлік жүйесі
-
5 Cыртқы экономикаcы
-
6 Пайдаланылған әдебиет
|
Саяси мәдениет
Негізгі заңы – 1995 жылы 12 қарашада қабылданған Конституция. Мемлекет басшысы – президент. Заң шығарушы жоғарғы органы – тұрақты парламент (Милли меджлис, 125 депуттатан тұрады). Атқарушы өкіметтің жоғары органы – Министрлер Кабинеті, оны премьер-министр басқарады. Әзербайжан солтүстігінде Ресеймен, солтүстік-батысында Грузиямен, оңтүстік-батысында Армения және Түркиямен, оңтүстігінде Иранмен, шығысында Каспий теңізі арқылы Қазақстанмен шектеседі. Аумағы 86,6 мың км2, халқы 8,6 миллион адам. Астанасы – Баку (Бақы) қаласы.
Әзірбайжан мемлекеті әкімшілік жағынан 59 ауданға бөлінеді, сонымен қатар құрамына Нахичевань автономиялық республикасы енеді. Нахичевань автономиялық республикасының елдің негізгі аумағымен ортақ шекарасы жоқ, ол Армения мен Иран аралығында орналасқан. Кеңес дәуірінде елдің құрамында болған Таулы Карабах автономиялық облысы бірнеше жылға созылған ұлт араздығы негізінде (халқының 87%-ы армяндар болатын) ресми түрде таратылды. Қазіргі кезде Таулы Карабахтың басшылары өз аумағын тәуелсіз республика деп есептейді. 2010 жылы Әзірбайжан аумағында 9,0 миллион адам тұрды, қала халқының үлесі 52%-ды құрады.
Халықтың орташа тығыздығы 99 адам, әсіресе табиғат жағдайлары қолайлы Ленкорань ойпаты мен Апшерон түбегінде халық тығыз қоныстанған. Биік таулы аудандар мен Кура жазығының шөлейтті бөліктерінде халықтың орналасу тығыздығы төмен. Мемлекеттік тілі – әзірбайжан тілі.
Халқы
Әзірбайжан — көпұлтты ел, бірақ соңғы онжылдықта орын алған ұлт араздығы салдарынан жергілікті емес ұлт өкілдері ел аумағынан қоныс аударуға мәжбүр болған. Сонымен қатар Таулы Карабах мәселесіне байланысты Армениямен жанжал шиеленіскен жылдары көптеген әзірбайжандар тарихи отанына қайтты. Сол себепті қазіргі кезде ел халқының ұлттық құрамында әзірбайжандар үлесі артып отыр. Олар халықтың 82%-ын, орыстар 6%-ын, армяндар 5%-дан астамын құрайды. Елде Кавказ халықтары (лезгин, талыш, грузин, авар) мен түрік, күрд, татар, украин тәрізді ұлттардың өкілдері де тұрады. Негізінен, әзірбайжан (мемлекеттік тіл), орыс және түрік тілдері басым таралған. Дінге сенушілер арасында мұсылмандар басым, сондай-ақ христиан дінінің православие тармағының өкілдері де біршама.
Климаты
Әзербайжанның жер бедерінің үштен екісін Үлкен және Кіші Кавказ таулары, Қарабақ жанартаулық таулы үстірті және Талыш таулары алып жатыр. Ең биік жері – Базардюзю (4466 м). Климаты қоңыржай белдеумен (Кура-Аракс ойпатында) субтропикалық белдеуді (Ленкоран ойпаты) құрайды. Қаңтар айының орташа температурасы ойпатты аудандарда 0°С-тан 3°С-қа дейін, шілденің орташа температурасы 25 – 27°С. Жауын-шашынның орташа мөлшері тау етектерінде 200 мм, тау-беткейлерінде 1400 мм, ал Ленкоран ойпатында 1700 мм-ге жетеді. Ірі өзендері Кура және Аракс. Ең үлкен көлдері – Гаджикабул және Беюкшор. Ойпатта шөл, шөлейт және құрғақ дала өсімдіктері өседі, таулы жерлерде жалпақ жапырақты орман басым.
Шаруашылығы
Әзербайжан индустриалды және ауыл шаруашылығы көп салалы ел. Жері мұнай мен табиғи газға бай. Сапасы жоғары темір кендері, алюминий шикізаты, хром, молибден, кобальт, алтын, күкірт колчеданы және әр түрлі құрылыс материалдары, полиметалл кендері мен емдік минерал су көздері бар. Мұнай-газ, машина жасау және металл өңдеу, химия және мұнай химиясы өнеркәсіптері елеулі маңыз атқарады. Әзербайжанда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары әр түрлі маталар, тігін және былғары бұйымдарын, аяқ киімдер шығарады. Ауыл шаруашылығында мақта, темекі, бау-бақша өнімдері және мал шаруашылықтарының маңызы зор. Тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары түрлі шарап пен коньяк, консерві, ұн, темекі, балық өнімдерін шығарады.
[өңдеу] Машина жасау
Машина жасау саласының мамандану сипаты, ең алдымен, отын-энергетика кешенінің; дамуымен анықталады. Елдің машина жасау кәсіпорындарында кеңес дәуірінен бері мұнай мен газ өндірісіне қажетті құрал-жабдықтар (ең алдымен, бұрғылау қондырғылары) жасалады. Кезінде қарқынды дамыған прибор жасау, электр құралдары мен радиотехника өндірісі қазіргі кезде терең дағдарысты басынан кешіруде.
Көлік жүйесі
Көлік жүйесінде теміржолдардың үлесі жоғары. Елдегі теміржолдың жалпы ұзындығы — 1800 км, ал 1000 км2 аумаққа шаққандағы тығыздығы 24,5 км-ді құрайды. Әзірбайжан аумағы арқылы Ресейді Иранмен жалғастыратын халықаралық теміржол өтеді. Жүк айналымы жөнінен 2-орынды теңіз келігі алады. Баку — Түрікменбашы (бұрынғы Красноводск) аралығындағы паром арқылы Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынас жүзеге асырылады. Жүк пен жолаушы тасымалында тасжолдардың да үлесі айтарлықтай. Елде 1000 км2 аумаққа шаққандағы тасжолдардың тығыздығы 264 км, бұл көрсеткіш бойынша Әзірбайжан ТМД елдері арасында Грузия мен Молдовадан кейінгі 3-орынды алады. Құбыр көлігінің де маңызы артып келеді.
Cыртқы экономикаcы
Әзірбайжан Республикасының сыртқы экономикалық, байланыстарында ұзақ жылдар бойы Ресей жетекші орын алып келген болатын. 1995 жылдан бері Иранның үлесі күрт артты. Түрікменстан және Украинамен сыртқы сауда көлемі де ұлғаюда. Әзірбайжан импортында азық-түлік өнімдері (65%) басты орын алады, ал экспортында энергетикалық шикізат басым. Жалпы алғанда, импорт көлемі (1007 млн АҚШ доллары) экспорттан (606 миллион АҚШ доллары) асып түседі. Қазакстан мен Әзірбайжанның сыртқы саудасының жалпы көлемі 303 миллион АҚШ долларын құрады. Қазақстанда Әзірбайжан Республикасымен бірлескен 34 кәсіпорын жұмыс істейді.[1]
Пайдаланылған әдебиет
-
↑ География: Дүниежүзіне жалпы шолу. ТМД елдері. Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 10-сыныбына арналған оқулық/ Ө. Бейсенова, К. Каймулдинова, С. Әбілмөжінова, т.б. — Өңд., толықт. 2-бас. — Алматы: Мектеп, 2010. — 304 б., сур.ISBN 978-601-293-170-9
| | скачать работу |
Другие рефераты
|