Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Қаһарман Қалибек

зған марқұм Жақсылық Сәмитұлы осы кезеңдегі тарихи жағдай туралы: “Шынжаң тарихына көз жібергенде, дәл осы кезде халық тағдырына жан-тәнімен күйініп, ел-жұрттың болашағын ойлап, сол үшін өздерінің басын бәйгеге тігуге батылдық еткен қазақ жұртында екі-ақ адам болды. Оның бірі – жоғарыда атап өткеніміздей, әйгілі халық батыры – Оспан Сіләмұлы, енді бірі – Қалибек Райымбекұлы”, – дейді өзінің “Қытайдағы қазақтар” атты зерттеуінде.

Айтып-айтпай не керек, А.Қасыми мен А.Апбасовтың қатары неше жүздеген, мыңдаған боздақтардың қанымен келген Шығыс Түркістанның азаттығын сатып кет­кеніне қатты ашынған Оспан батыр мен Қалибек хакім бастаған Алаштың ардагер ұлдары енді Гоминдаң үкіметімен бірлесе отырып, “кеңестің қуыршағы” Шығыс Түр­кістанға қарсы шабуылдарын бастайды. Алайда алғашында Шығыс Түркістан үкіметі әр түрлі айла-тәсілдермен олардың “бетін” бері қаратуға тырысып бағады. Бұл туралы Хасен Оралтай: “Сол 1947 жылдың жазында Үш аймақ жағы әкемнің көңілін алып өзіне тарту үшін басқа да айла-шарғылар қолданды. Түрлі топ-үйірмелер жіберіп, бірнеше алтын медаль да тақты. Сол жаздағы екі медальмен қосқанда әкеме тағылған медальдардың жалпы саны алтыға жеткен-ді”, – деп еске алады өз естелігінде. Бұдан кейін Қалибек хакімді Шығыс Түркістан үкіметіне бет бұрғызуға Мәскеу де белсене араласады. Мәселен, сол жылдың (1947) күзінде Сауан ауданының Дөңжұрт деген жерінде отырған Қалибек ауылына Шәуешек қаласындағы Кеңес одағының консулы келеді. Консул Қалибекке өзінің Кеңес үкіметінің тапсырмасымен арнайы келгенін ашық айта отырып, Қалибек хакімнің Гоминдаңмен ымыраласудан бас тартып, Шығыс Түркістан үкіметіне адал болуын, Шәуешекке тез келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі қызметіне кірісуін талап етеді. Алайда Қалибек хакім қазіргі “Үш аймақ үкіметі” дегеннің бұрынғы Шығыс Түркістан емес екенін, ол қазір мүлде КСРО-ның қуыршағы екендігін айта келіп, Тарбағатай аймағының уәлиі болудан үзілді-кесілді бас тартады.

Осыдан кейін Үрімжідегі Гоминдаңның өлкелік өкіметі мен Қалибек хакім арасында бірнеше мәрте келіссөз өткізіліп, ең соңында мынадай келісім-шартқа қол қояды: 1). Оспан батыр мен Қалибек хакімнің қол астындағы қазақ сарбаздарын қытай үкіметі (Гоминдаң – Д.М.) қаруландырады. 2). Үкімет (Гоминдаң үкіметі – Д.М.) қызметіне қазақтар молырақ тартылатын болады.3). Шығыс Түркістан үкіметі КСРО ықпалынан құтқарылады.

Міне, осы келісімнен кейін Гоминдаң үкіметі Қалибек хакім қосынына жеткілікті қару-жарақ әкеліп береді. Осы қарумен және өздеріндегі бұрыннан бар қарумен, оқ-дәрімен толық қаруланған Қалибек сарбаздары Кеңес одағы офицерлерінің бұйрығымен ел іргесін қоршап алған үш аймақ әскерімен қиян-кескі соғысты бас­тауға тас-түйін дайындалады.

Жалпы, Қалибек хакім қосынының күннен күнге ұлғайып, қару-жарақтарының толықтанып бара жатқанын байқап отырған үш аймақ үкіметі енді оларды одан әрмен күшейіп кетпей тұрғанда тып-типыл ғып жойып, түбегейлі құртып жіберу үшін мүлде жаңа жоспар жасайды. Яғни, олар Шихуда алдыңғы шеп қолбасшылық штабын құрып, “Қалибек бастаған бандыларды” үш бағыттан қоршап жоюға шындап кіріседі. Кеңес одағында жасалған озық қару-жарақпен мұздай қаруланған, Ұлы Отан соғысы майданында болып, соғыс өнеріне әбден жетілген кеңестік тісқаққан офицерлер қолбасшылық ететін үш аймақ әскерлеріне саны шағын (мыңнан сәл ғана асатын), арнайы әскери дайындығы жоқ, соғыс өнерінен бейхабар, қарулары да қарапайым Қалибек қосынының төтеп бере алмасы екібастан белгілі еді. Осылайша үш аймақ әскерлерімен өліспей-беріспей 20 күн шайқасқан Қалибек сарбаздары 11 желтоқсан күні (1947ж.) қатты қырғынға ұшырап, Манас өзенінің батысынан жол тауып, өзеннің шығысындағы Гоминдаң иелігіндегі өңірге ауа көшеді. 1948 жылды мал-жанын тынықтырып, сарбаздарын шынықтырып, алдағы жоспарларын тиянақтап сол өңірде өткізген Қалибек хакім 1949 жылдың басынан бастап шұғыл іске кіріседі. Өйткені, бұл кезде ішкі Қытайда коммунистік қытайдың жеңісінің төбесі көрініп, Гоминдаң үкіметі жеңіліске бет алып келе жатқан болатын. Осының бәрін жіті қадағалап, мүлт жібермей безбендеп отырған Қалибек сол жылы көкек айының басында Еренқабырғаның бөктеріндегі Қошты деген жердегі қыстауында Үрімжі мен Еренқабырға өңіріндегі қазақтардың ел ағаларын жинап шұғыл жиналыс өткізеді. Бұл жиналысқа Оспан батырдың, қаржы министрі Жанымханның, дүңген генералы Ма-жүнжаңның өкілдері қатысады. Жиналыс мынандай қаулы қабылдайды: Оңтүстік Шығыс Түркістандағы ұйғырлармен селбесу; Циньхай өлкесіндегі дүңген генералы Ма-Буфаңмен сөйлесу; АҚШ-тың Үрімжідегі консулымен сөйлесіп, АҚШ үкіметінен көмек сұрау; Гоминдаңның Шығыс Түркістандағы қарулы күштерімен тізе қосу; Қалибек хакім ауылы Қарашәріге көшіп барып, сол жақтағы ұйғырлармен бірлесе отырып коммунистік қытайға қарсы жаңа соғыс шебін ашу; бұл қаулыны Оспан батырға жеткізіп, оған барлық мән-жайды түсіндіру, т.б.

Аталған қаулыдағы Үрімжідегі АҚШ елшісімен сөйлесу, Оспан батырға жағдайды түсіндіру міндеті Қалибек хакімге жүктеледі. Ұзамай Қалибек хакім Алтайдағы Оспан батырға, Үрімжідегі АҚШ елшісіне барып жолығып, сөйлесіп қайтады. Осы сапардан оралған соң “Қалибек елі” Оңтүстік Шығыс Түркістандағы Қарашәрі аймағына қарасты Өри деген жерге барып қоныстанады.

“Қошты қаулысына” сай Оңтүстік-Шығыс Түркістанда коммунистік Қытайға қарсы өрістеуге тиісті кең көлемді шабуыл жүзеге аспай қалды. Оған Үрімжідегі ұйғыр жетекшілері мен дүңген генералдарының аяқ астынан шетелге қашып кетуі себеп болды. Енді Қалибек хакім бастаған елдің алдында қияметтің қыл көпіріндей қиын, тозақтай азапты бір ғана шығар жол бар еді. Ол жол – атамекенмен, туған елмен мәңгіге қоштасып, шетелге босып кету.

Қалибек хакімнің 1949 жылдың соңынан басталған босқындық өмірі 1954 жылы шіл­денің 29-ы күні Түркия топырағына табандары тигенге дейін созылған. Бұл бес жылда Қалибек хакім өзіне ілескен елмен бірге Такламакан шөлін басып, Гималайдың мұзарт шыңдарынан асып, жол-жөнекей әр түрлі елдің сан алуан құқайын көре жүріп, жүздеген аяулы жандарды жер қойнына тапсырды. Олардың ішінде Қалибек хакімнің туған ағасы Әділбек Райымбекұлы, бауыр еті – балалары Іскендір, Нұркамал, Қапан, Шәрбан, Мәриямдар бар еді...

1954 жылдың қыркүйек айында Қалибек хакім қоныстанған күннен бастап Түркияның Салихлы деген қаласы көптеген шетелдік журналистер мен ғалымдар, дипломаттар жиі келетін әйгілі мекенге айналады. Себебі, Анадолы жеріне барып қоныстанған соң да Қалибек хакім бала-шағасын асыраудың қамынан тыс, өзінің өмірлік мұраты Шығыс Түркістанда қалған ел-жұртының азаттығы мен бостандығы мәселесін күн тәртібінен бір күн де түсірген емес. Тіпті Түркияға барған жылдың күзінде Қалибек Райымбекұлы елдің сол кездегі президенті Желал Баярдың қабылдауында болып, оған қазақ босқындарын қабылдап, туысқандық көмек көрсеткеніне рахмет айтып, мүмкін болса Шығыс Түркістандағы қазақ, ұйғыр халықтарының азаттық ісіне атсалысуын өтінеді.

Қалибек хакім бала кезінен-ақ өте діндар адам болған. Тіпті сонау Сауандағы қызыл қырғын шайқас күндерінде де, Такламакан шөлінен өтіп, Гималайдың мұзды шыңдарынан асқанда да намазы мен оразасын қаза қылмаған. Анадолы жерінде де қым-қуыт тірлікпен айналыса жүріп жеті мәрте қажыға барып қайтады. Осылайша Алаш жұртының азаттығы, ақ дінінің тазалығы жолында шарқ ұрған ұлы жүрек 1985 жылы қараша айының 16-сы күні Түркияның Салихлы қаласында соғуын тоқтатты.

Бір ауыз сөзбен айтқанда, Қалибек хакім Райымбекұлы – азат Отанының қандай құрметіне де лайық, ХХ ғасырда ғұмыр кешкен Алаш жұртының қапысыз қаһарманы.


Авторы: Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Шығыстану кафедрасының меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.

123
скачать работу

Қаһарман Қалибек

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ