Қазақстан халқының барлығы мемлекеттік тілде сөйлеуі керек, мен солардың бірі ғанамын дейді қазақ тілін жетік меңгерген молдаван қызы Алла Платонова
маймын. Мен қазақ мектептерінің білімі нашар деген пікірді де естіп қаламын. Ол пікірмен келіспеймін. Өзім қазақ мектебін бітірдім ғой, білімім ешкімнен кем деп санамаймын. Жалқау адамға қай мектепте де білім алу оңай болмайды. Қазақ, орыс тілдерін жақсы білемін, ағылшын тілін де қажетіме жарата аламын. Ұстаздар жалпы бағыт береді, ал оны ары қарай жалғастыру, одан белгілі нәтиже шығару адамның өзіне байланысты. Балаға үлгі отбасынан берілуі керек. Мысалы, мен қаладағы үйлердің ауласында ойнап жүрген кішкентай бүлдіршіндердің орысша былдырлап сөйлеп жүргенін жиі байқаймын. Олар ертең балабақшаға барғанда да орысша сөйлеу әдетінен арылмайды. Одан кейін мектепке барады, бала жасынан орысша сөйлеген бала, қазақ мектебінде білімге немқұрайлы қарауы мүмкін. Соның барлығы да баланы отбасында қадағалауға байланысты. Жаңағы мен айтқан аулада ойнап жүрген бүлдіршін орысша сөйлегенде оған анасы қарап отырады. Сол ата-ана балаға қазақша сөйлеуі, қазақша сөйле деп айтуы керек емес пе? Сәби мектепке барғанша ата-ананың бауырында өседі.
Балалық шақта тәрбие, өскен соң намыс, патриотизм деген болмай ма саналы адамда. Бірде қалада келе жатып, сүрініп құлап қала жаздадым. Анадай жерде қызымен құшақтасып тұрған жігіт орыс тілінде әзілдеген боп, менің сүрінгенімді қағытты. Қызы ыңғайсызданған болып, «не обращай внимание» деді жігітіне. Мен қазақ тілінде оған: «Сен мені сүйемей-ақ қой, одан да қызың екеуің қазақ тілін үйреніп алыңдар» дедім. Менің осы сөзім жаңағы жігіт пен қыздың санасына жетсе болар еді деп ойлап бара жаттым. Ал олардың не ойлағанын қайдан білейін…
– Сенің отбасыңда олай емес қой? Олай дейтінім, өзің қазақ мектебіне бардың, ал ата-анаң қазақша сөйлесе алмайды? Олай болса, неге бар жауапкершілікті отбасына жүктейсің?
– Мен бұл пікірімнен айнымаймын. Өйткені, бәрібір әке-шешесінің көзі қайда қараса, баланың беті солай ауады. Менің ата-анам өз ана тілі – молдаван және орыс тілдерінде сөйлеседі. Бірақ олардың қыздары таңдаған қазақ тіліне құрметін, адал ниетін қайда қоясыз? Мен бала кезімде бір қалам немесе дәптер, кітап керек десем, анам сол күні ұйықтамаса да тауып беретін. Мен мектеп, ауыл сахнасына шығып, тақпақ, ән айтқанда ол бар жұмысын тастап, түсінбесе де келіп тыңдап отыратын. Бұл баланың ынтасын оятпай ма? Өзіңізге сұхбат басында айттым ғой, мен мектепте жүргенде қазақтың ұлттық киімін, сахналық костюмдерді жыл сайын тіктіретін едім. Иә, менен ата-анам ештеңе аяған емес. Ағам Федя орысша оқығанмен, ниет қойды да, қазақ тілін үйреніп алды. Әрине, оның орфографиясы мен менің білімімді салыстыруға келмес, бірақ талабын айтсайшы. Мен туралы жақында «Қазақстан» ұлттық арнасынан суреттеме көрсетті. Соны мамама хабарлағанмын. Сөйтсем, анам байғұс өзі істейтін дүкенге үйдегі телевизорды көтеріп барыпты. Жұмыстан қалуға болмайды ғой, сонда тұрып, мен туралы хабарды көріпті. Ауылдастарға айтып, қуаныштан жылапты. Енді олардың үмітін ақтауға қалайша тырыспайсың? Ал біздің үй қонақ шақырғанда дастарқанды жерге жаяды. Көрпешелер төсейді. Ет асу, соғым сою біздің отбасының дәстүріне кіріп кеткен. Анамның сандығы бар, іші толған мата, орамал. Ауылдағы қазақтардың үйге қонақ шақырғанда дастарқаннан сыбаға салып беретіні, мата тарататын салты менің анама да жұғысты болды.(күледі).
– Үйде әке-шешең молдаван тілінде сөйлеседі дедің. Өзің молдаван тілін түсінесің бе?
– Мен ептеп түсінемін. Көп сөздерді білемін. Анамның үйреткен тақпақ, өлеңдерін әлі ұмытқаным жоқ. Ұлтым молдаван болғандықтан, молдаван тілі менің туған тілім саналады ғой. Ол тілге құрметім үлкен. Әдемі, сұлу тіл. Бірақ мен өзім үшін соның барлығынан қазақ тілін жоғары қоямын. Өйткені, мен Молдавияда емес, Қазақстанда тұрамын, Қазақстан Республикасының азаматымын. Мен мемлекеттік тілді білуім керек. Екіншіден, қазақ тілін жан-жүрегіммен жақсы білемін, жақсы білген соң да жақсы көремін, әрі ойды да қазақша ойлаймын.
– Алла, сен әңгіме арасында ауыл тәрбие де берді дедің. Сол сөзіңе қайтып оралшы.
– Ауыл – ұлттық тәрбиенің де қайнар көзі. Менің әке-шешем сонша кәрі емес, орта жастағы кісілер. Анам молдаван халқының ұлттық дәстүрінде тәрбиеленген, әкем Қазақстанда туып-өскендіктен, ауылдың тәрбиесін көрген. Содан болар, менің тәрбиемді де бос жіберген жоқ. Мен жоғары сыныпта жүргеннің өзінде ауылдың дискотекасына барған емеспін, ашық-шашық, қысқа көйлек киген жоқпын. Әкем ұнатпайтын. Әкеге қарсы келмейсің, соның пікіріне жығылатынмын. Сыра ішіп, темекі шегетін қыздарға әлі таңғалып келемін. Олар «мұнда тұрған ештеңе жоқ, жастықтың қызығы, өмірден қалып қойған жоқпыз» дейді. Ал ішімдік ішпейтін, темекі шекпейтін қыздарды «уақытқа ілесе алмайтындар» деп түсінеді. Өзін осылай жеңіл ұстайтындарға менің көзқарасым басқа.
Ауылдың тәрбиесі дегенім, ауылда өскен балалардың барлығы да еңбекке жақын. Мектептен келген соң барлық бала үйдің жұмысын істейтінбіз. Мен де бала кезден анама көмектесіп, күніне бес сиыр сауатынмын.Оны сеператордан өткізуді, майын шайқап алуды да білемін.Үйдегі тірліктің барлығын да атқарамын. Соның жақсы нәтижесін қазірден-ақ көре бастадым. Қалада оқудан бос кезімде жұмыс істеп, қаржы табамын. Үйге салмақ сала бергім келмейді. Ешқандай жұмыстан тартынған емеспін. Ауылда сонша сиыр ұстап отырып, құртты көршілерден сұраған ұят емес пе, өзім құрт жаятынмын. Әжелердің «технологиясы» жетеді ғой. Мен жасаған құртты үйде таласып жейтін едік.
– Құртты қалай жасайтын едің?
– Сүзбе құртты айтайын. Сүттің майын айырмай ұйытамын да, ашыңқыраған соң, сәл ғана қайнатып, ірітіп, қалтаға құйып қоямын. Көк суы ағып кеткен соң, тұздап, жаямын. Бірақ ешқашан оны кептіруге үлгерткен емеспіз, тез жеп қоятынбыз. Майлы, сүзбе құрт, шіркін, оның дәмін айтсаңызшы! Аузымның суы ағып кетті ғой. (Алла екеуміз де күліп алдық) .
– Алла, сен бала жастан ән айттың. Әншілік өнеріңді ұштап жүрсің бе?
– Бала жастағы әуестену ғой бәрі де. Бірақ өзім кәсіпқой әнші боламын деп мақсат қойғаным жоқ. Менің бар мақсатым – журналист, тележурналист болу. Қазақ эстрадасын жақсы көремін. Роза Рымбаева осы өнердің шыңында жүрген кісі ғой, ол ән айтқанда мен теледидар алдынан кетіп қала алмаймын. Сосын эстраданың қазіргі өкілдері арасынан Заттыбектің салған әндері, оның дауысы ұнайды. Қазақ музыкасын, оның ішінде күй тыңдағанды керемет ұнатамын. Домбыраны мен тек аспап емес, қасиетті нәрсе деп ұғамын. Күй тыңдағанда керемет ойларға берілемін. Домбыра «сөйлеп» жатқандай көрінеді. Республикалық байқауға қатысқанымда Арқалық педагогика институтында қызмет істейтін айтыс ақыны Айбек Қалиев ағай маған өзінің домбырасын берген еді. Мен сол домбыраны тарттым. Күмбірлеген қоңыр үні қандай керемет. Ал дүкендерде сатылатын домбыра, домбыра емес қой, соларды ақша үшін жасай салатын шеберлерге өкпем қара қазандай.
– Сенің қазақша сайрап тұрғаныңа қатарлас құрбыларың қызығып қарайтын болар.
– Өмірі көрмеген ағылшын, араб, қытай тілдерін аз уақытта үйреніп алып, шет елдерде қызмет істеп жатқандар жеткілікті ғой. Енді қазақтардың арасында, тілдік ортада жүріп, мемлекеттік тілде сөйлегенім соншалықты жаңалық емес шығар. Бірақ таңғалатындар бар. Өйткені, пойызда, басқа да көліктерде жол жүргенімде, немесе бір басқосуларға барғанымда қазақша сөйлесем, айналамдағылар бетіме таңданып қарап қалады. Оған өзім ыңғайсызданамын. Үлкен кісілер айналып, батасын беріп жатады. Ал кейбір жастар, балалар дереу менімен суретке түсейік дейді. Сол жерде мені «жұлдыз» етіп қояды. Бірақ өзімді еш уақытта «жұлдыз» сезінген емеспін. Менің түсінігімде, Қазақстанның барлық халқы мемлекеттік тілде сөйлесуі керек. Мен солардың бірі ғанамын.
– Алла, әңгімеңе рахмет. Болашақ әріптес ретінде өзіңе табыс тілеймін.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
| | скачать работу |
Қазақстан халқының барлығы мемлекеттік тілде сөйлеуі керек, мен солардың бірі ғанамын дейді қазақ тілін жетік меңгерген молдаван қызы Алла Платонова |