Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Қошке Кемеңгерұлы

кенде “Қарағым, Қошке” дейтін” деп. Қалап алған мамандығы дәрігер болғандықтан, әкеміздің талайларға шарапаты тиіпті. Бәрі есте қала ма, анамыз оның жұртқа көрсеткен көмек-жәрдемін әрдайым айтып отыратын. Мысалы, ол ақын Исаның (Байзақұлы) ауруға шалдыққан бас құйқасын жазған. Дәл осындай көмек кейіндері елге танымал қызметкер атанған Шәкен Елеуішұлына да көрсетілген. Әкей сонымен бірге бізге әрі үйге күтуші болған Әсия деген кісіні іш құрты науқасынан айықтырған”.

Ташкентке табан тіреген Қошке мұнда 1921-22 жылдардан орныға бастаған Алаш зиялыларымен тығыз қарым-қатынас жасай бастады. Бұл кезде Ахмет пен Міржақып – Орынборда, ал Әлихан Бөкейхан Мәскеудегі “Күншығыс” баспасының қазақ секциясында қызметте еді. Ташкентте Қошке сондай-ақ Халел Досмұхамедұлы, Мұхтар Әуез, Мағжан Жұмабай, Жүсіпбек Аймауытұлы, Абдолла Байтасұлы, Даниял Ысқақұлы сынды арыстармен араласып тұрды. Қошкенің Түркістанға ат басын бұрған кезі әйгілі “Алқа” бағдарламасының оқығандар ортасында кеңінен талқыланған шағына тұспа-тұс келді. Бағдарламадағы мына жолдар Қошке мұратымен үндесіп жатты: “Жаңа әдебиеттің тартылса ағұзысы ғана тартылды, біссімілдәсі әлі басталған жоқ. Өміріміздің күнді һәм күңгірт дәуірлері болған һәм бар. Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар. Осылардың бірі туралы әлі айтарлық қалам тартылған жоқ. …Осылар түспей, әдебиет өз әдебиетіміз бола алмақ емес”.

Сәл кейінірек, 1926 жылы “Көркем әдебиет туралы” атты мақаласында осы ойды Қошке таратыңқырап, жүйелеп айтқаны мәлім. Оның көркемөнер табиғаты мен заңдылығы туралы пікірі әлі де көкейкесті.

Ғұмырының Ташкент кезеңі Қ.Кемеңгерұлы шығармашылығының тынысын кеңейтті. Ол Омбыда бастаған “Қазақ тарихынан” зерттеуін аяқтап, Мәскеудегі “Күншығыс” баспасына тапсырды. Аталған баспадан сонымен бірге 1925 жылы қаламгердің “Бұрынғы езілген ұлттар” атты ғылыми еңбегі мен “Қазақша-орысша тілмашы” жарық көрді. Сөздікті түзуге Қ.Кемеңгерұлының жетекшілігімен Байғасқаұлы, Баймақанұлы, Дәулетбекұлы, Темірбекұлы, Сәрсенбайұлы қатынасқан. Қошке осы Ташкентте жүріп 2 кітаптан тұратын қазақ тілінен “Жабыропалықтар үшін оқу құралын” жазды. Оның біріншісі 1928 жылы Ташкентте, екіншісі 1929 жылы Қызылордада басылды.

1918-1919 жылы С.Садуақасұлы: “Жас талап Кемеңгерұлының прозасы келеше­гінен үміт күттіреді” деп жазғанындай-ақ, Қошке қаламынан оның өмірінің Ташкент жылдарында “Отаршылдық ұсқындары,” “Қанды толқын”, “Момынтай”, “Ерлік жүректе”, “Қазақ әйелдері”, “Жетім қыз”, “Дүрия”, “Назиха” тәрізді тумысы ерекше әңгімелер туды. Суреткер Қ.Кемеңгерұлы әріптесі Мұхтар Әуез, Жүсіпбек Аймауыт­ұлы секілді прозада ұлттық нақышты сақтай отырып, көркем бейнелеудің биігіне ұмтылды.

1925 жылы Қазақстан астанасы Ақмешітке көшті де, шойын жолдың бойындағы бұл қазақы елді мекен Қызылорда деген жаңа атау алды. Осында 1926 жылы 13 қаңтарда мемлекеттік ұлт театры Қ.Кемеңгерұлының “Алтын сақина” пьесасымен тұңғыш шымылдығын ашты. Осы қойылым драматургке игі әсер етіп, 1926 жылы “Парашылдар”, 1927 жылы “Ескі оқу”, 1930 жылы “Күнәсіз күйгендер” атты пьесалар жазып, көрерменге ұсынды. Талантты сыншы С.Садуақасұлы Қошкенің драматургиясын: “Жеке адамның ішкі сыры бұған анағұрлым танысырақ”,- деп бағалады.

Қошке Кемеңгерұлы Ташкентте шебер журналист ретінде де қабілет-қарымын аңғартты. Ол Омбыдан келісімен “Ақ жол” газетінде қызмет істеді, сондай-ақ ғылыми-танымдық “Сана” журналының бірер санына редакторлық етті. “Ақ жол” тілшілерінің 1925 жылы өткен тұңғыш жиынын ұйымдастыруға атсалысты. Әлеумет, шаруашылық, ғылым-білім хақында алуан-алуан мақала жазды. Әдебиет жөніндегі айтыста сындарлы пікір білдірді.

Күйбең журналистік, ағартушылық тіршіліктен қолы босағанда замандастары туралы жазбақ болған романына материал жинады. ҰҚК архивінен табылып отырған, 1925 жылы 16 наурызда Д.Әділұлына жазған хатында ол: “Сен өміріңде талай тарихты бастан кешірген жансың ғой. Менің ептеп қаламды ермек ететінімді білесің. Өмір жолыңмен танысқым келеді. Кішкене уақытыңды бөл. Есеп беру кезеңі туды. Мен қазақ зиялылары жөнінде роман жазуға отырдым” дейді.

Ташкентте Қошке мен Гүлсімнің (Омбы зиялысының қызы) Зәйра, Нарманбет, Сәуле есімді үш перзенті дүниеге келді.

Саяси сапырылыстарға толы 20-жылдардағы Ташкент тарихында Қошмұхамбет Кемеңгерұлы тек қаламгер ретінде ғана емес, ағартушы-педагог ретінде де қалды. Ол 1926 жылы Орта Азия университеті мен Түркістан әскери училищесінде дәріс оқығанын айтады. Қайраткер сондай-ақ САГУ-дың рабфагында, даярлық бөлімінде, шығыстану факультетінде, кеңестік шаруашылық пен құқық факультетінде, педагогика факультетінде қазақ тілінен дәріс оқыған.

Университетте екі жыл қызмет жасағаннан кейін Қ.Кемеңгерұлы шындап ғылым жолына ден қойғысы келді. Бұл орайда ол түріктануды таңдады. 1928 жылы 23 қазанда Қошке Шығыстану факультетінің түріктану кафедрасына аспирант болып қабылданды. Аталған факультеттің аспирантурасында Қ.Кемеңгерұлымен қатар Мұхтар Әуез де оқыған. Бұл екі дарынды азаматқа А.Шмидт, М.Гаврилов, А.Дубсон сынды ғалымдар тәлімгерлік жасады.

Нағыз ғылым ашық, жүйелі пікірсайыстан соң барып қана туады. Қошке тіл маманы ретінде Юдахин, Поливанов, Шмидт тәрізді тәлімгерлерімен қазақ тілінің күрделі мәселелері жөнінде айтысып қалып отырған. Мысалы, 1929 жылы мамыр айында болған орфографияға арналған конференцияда жаңа орфография мен термин жасау принциптері жөнінде Е.Омаров, Қ.Жұбанов, Қ.Кемеңгерұлы орнықты пікір білдіріп, бұра тартқан еуропалық ғалымдармен айтысқан. Бұл  бесіктен белі шыққан, буыны бекіп келе жатқан тіл ғылымының еуроцентристік көзқараспен текетіресуінің көрінісі еді.

Қошке осы Ташкентте жүріп, қазақ тілі білімінің проблемалары жөнінде бірқатар зерттеу жазды. САГУ-де оқыған Даниял Ысқақұлының айтуынша: “1927 жылы Ташкенттегі Казпедвузға С.Садуақасұлы директор болып келгенде, осы оқу орнына Қошкені оқытушы етіп алған”.

Қ.Кемеңгерұлының ғылыми еңбегінің қатарына 1927 жылы Г.Архангельскийдің құрастыруымен орыс тілінде жарық көрген “Қазақ тілінің грамматикасы” да кіреді. Қошкенің редакциялауымен шыққан осы зерттеудің алғы сөзінде құрастырушы: “Настоящий труд представляет записки лекций по казахскому языку, читанные тов. Кеменгеровым – преподавателем казахского языка на б.Туркестанских Курсах Востоковедения РККА в 1924-1925 гг.”, деп жазып, ұстазына үлкен алғысын білдіреді. Ал, баспагер тарапынан жазылған сөзде А.Байтұрсынұлының бұл еңбекті жоғары бағалағаны айтылады.

Қошке Кемеңгерұлы 24-30-жылдары тек бір Ташкентпен ғана тоқырап қалмады. Орынбор, Қызылорда, Семей, Шымкент қалаларына түрлі іссапармен барып, қаламгерлермен байланыс жасап тұрды.

1929 жылы жазда қаламгер Қызылтау, Сарытаудың топырағын соңғы рет басқан екен. 1930 жылы 13 қазанда Қ.Кемеңгерұлы “Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы” деген жалған айыппен Ташкентте ұсталып, абақтыға жабылады. Осы кездегі көңіл күйін, шеккен мехнатын ол “Қамалдым өткелі жоқ терең жарға, Әділдік таба алмадым амал бар ма?” деп сипаттаса, немере ағасы Нұрмағамбетке жазған бір хатында “Құс – ауға, балық торға кездесті ғой, Тағдырдың жазуына жоқ қой шара” дейді.

Осы 30-жылдың қазан айының соңында Қошке Ташкенттен Алматы абақтысына айдалды. Ол Алматы түрмесінде 1932 жылдың сәуір айының соңына дейін отырады. 20 сәуірде үштіктің шешімімен 58-баптың 10,11-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылып, Украинаның Валуйки қаласына жер аударылады. Қаламгер мұндағы темір жол жүйесінде дәрігер болды. Дәл осы жол құрылысында 1932-1933 жылдары С.Садуақасұлы инженер болып қызмет жасаған еді. Сондай-ақ Валуйки, Воронеж бағытында Х.Досмұхамедұлы, Ж.Досмұхамедұлы, Ж.Ақбайұлы, Е.Омарұлы, С.Қадырбайұлы, К.Тоқтыбайұлы, М.Тынышбай, Ж.Күдеріұлы, М.Мырзаұлы сынды азаматтар жер аударылған еді. Міне, осы кісілер амалын тауып, жүздесіп тұрды деуге негіз бар.

1935 жылы Қошке Кемеңгерұлы Валуйкиде мерзімін толық аяқтады. Заң бойынша енді ол елге қайтуға ерікті еді. Бірақ айлалы НКВД саяси тұтқындарды елден жырақ ұстауды қалады. Сол себепті Қ.Кемеңгерұлына толық ерік бермей, Омбының Шарбақкөліне қоныстануға рұқсат етті. Ол аудандық денсаулық сақтау бөліміндегі қарапайым қызметті таңдады.

Зәйра Қошкеқызының естелігіне қарағанда, әкесі 1937 жылдың ортасында сонау Ташкенттен бастап жазған замандастары туралы романды аяқтаған, енді соны Алматы баспаларына жеткізудің жолын қарастырған.  Сол кітап кейін қолжазба күйінде НКВД қармағына түскен.

1937 жылдың қара құйыны Шарбақкөлдегі дәрігер Қошкені қиналмай-ақ тапты. Ол оның сыртқы киімінің де (дәрігер ғой), жан дүниесінің де аппақ таза екенін ескеріп жатпады. Қайраткерді ату туралы үкім 17 қарашада бекітіліп, 21 қарашада Омбыда орындалды. Қошкенің бақи дүниеге көшкенін туған-туыстары білмеді — тек бір Алла ғана білді. Қошке әділет, азаттық жолында шейіт болды.

1957 жылы 17 тамызда Сібір әскери округінің трибуналы әкесін ресми түрде ақтағанда, Зәйра, Нарманбет, Сәуле тоталитаризмнің жөн-жосығын білетін саналы азаматтар еді. Қазір олардан тараған ұрпақ ата аманатына адал, өскен-өнген.

1995 жылдан бері Қошкенің мұрасы бірнеше дүркін кітап болып шықты. 2004-2006 жылы “Алаш” баспасы қайраткердің үш томдық шығармалар жинағын жариялады. Қошкетану ғылымы да қалыптасып, салаланып келеді.

 

Авторы: Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.

12
скачать работу

Қошке Кемеңгерұлы

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ