Латын Америка елдері мен Қазақстан
Другие рефераты
Латын Америка елдері мен Қазақстан
Латын Америкасының ұлғайып келе жатқан экономикалық әлеуеті мен халықаралық аренада елеулі саяси салмағы бар. Ол жаңадан қалыптасып жатқан дүниежүзілік қалыптың, саяси және экономикалық мегаблоктардың иіріміне белсенді түрде атсалысуда. Соңғы үш жылда бұл өңірге АҚШ, Қытай және Ресей секілді алпауыт елдердің, тіпті төңірегінен дау арылмай келе жатқан Иранның да басшысы ат басын тіреді. Мұның бәрі Қазақстанның сыртқы саясат басымдылықтарында аталған өңірге ерекше назар аудару қажеттігін көрсетсе керек. Осыны қаперге алсақ, бұл сапар еліміздің сыртқы саясаты мен экономикалық мүдделерін «жаңа құрлықта» ілгерілетудегі маңызды қадамдардың бірі болары анық.
Латын Америкасындағы ірі мемлекет – Бразилияның үлесіне әлемдік жалпы жиынтық өнімнің 8 пайызына дейін тиесілі. Ол қазіргі заманғы геосаяси жағдайларға бейімделудің жолын іздестіре отырып, әлемнің басқа да бөліктерінде белсенді әрекет етіп жатқан ықпалдастық құрылымдармен, өз өңірлерінде көш басын ұстаған мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатуға ұмтылуда. Бразилияның 2006 жылдың тамыз айында Астанада өз елшілігін ашуы, арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісін жіберуі соның бір көрінісі болса керек.
Мұның сыртында Бразилия мен Латын Америкасындағы өзге мемлекеттердің әлемдік ірі алпауыт топтармен қарым-қатынасты оңтайлы құра білетін, өңірде дербес орталық ретінде әрекет ете алатын экономикалық және саяси одақ құруға негіз қалап жатқандығы да назар аудартады. Осы ұмтылыстың ауанында әлемдік форумдар мен өңірлік, субөңірлік халықаралық ұйымдардың жұмысына толыққанды қатысатын Латын Америкасы елдерінің көпжақты дипломатиясының мәні мен салмағы айтарлықтай өсетіндігін де болжауға болады.
Көпжақты форматта Бразилия мен Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары ұқсас. Олардың негізгілері мынадай болып келеді: ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, аумақтық тұтастықты сақтау және нығайту, әлемдік қауымдастық алдында берік әрі беделді орынды иелену, өңірлік қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру, БҰҰ Жарғысының қағидалары мен халықаралық құқыққа негізделген, қалыпты және демократиялық әлемдік тәртіпті қалыптастырудың жалпы үдерістеріне ат салысу, сыртқы сауданы ырықтандыру және халықаралық институттардың ауқымында әлемдік қаржы-экономикалық жүйе қызметінің қазіргі заманғы қағидаларын әзірлеуге қатысу. Мұндай сәйкестік көпжақты дипломатия саласындағы ынтымақтастықтың болашақ бағыттарын айқындары сөзсіз.
Латын Америкасы бүгінгі таңда экономикалық мегатоптардың көкжиегіне тартылуда. Мәселен, қазір Латын Америкасы елдері мен АҚШ арасында осы өңірдегі елдердің басым көпшілігін ықпалдастыратын, еркін сауда аймағын құру туралы ұйғарым бар. Бұл ниет жүзеге асса, әрі қарай кеден және валюта одағының да құрылуы әбден мүмкін.
Дей тұрғанымен, панамерикалық еркін сауда аймағын құру жобасы кейбір дуалы ауыздардың айтуынша, Латын Америкасы елдерінің бар мұқтажын өтей алмайды. Сондықтан ұзақмерзімді болашақта олар төрткүл дүниенің өзге де өңірлерімен өзара тиімді ынтымақтастықтар орнатуға ұмтылатын болады. Ал бұл үдерістің басында қай ел тұратынына келсек, оған кезінде айтылған АҚШ президенті Р.Никсонның «Бразилия қайда барса, Латын Америкасы түгелдей сонда барады» деген сөзіммен жауап беруге болатын сияқты.
Жалпы, Бразилия мен сол өңірдегі елдер Қазақстанға экономикалық жағынан тартымды көрінетіні жасырын емес. Бразилия бүгінде өнеркәсібі дамыған елдердің ондығына кіреді. Оның қазіргі машина-техникалық өнімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 60 пайызды құрайды. Бұл – біздің іргедегі көршіміз Ресейдің дәл осындай көрсеткішінен артық деген сөз. Екінші жағынан, бір-бірін толықтырушы салаларға ие Бразилия өңірде өзгелерге қарағанда, өзінің экономикалық дербестігімен де ерекшеленеді. Сыртқы экономикалық ахуал жағымсыз сипат алған жағдайда ішкі проблемаларын да өз күшімен шешуге қауқары жетеді. Сөйте тұра, бұл ел АҚШ-пен және Еуропа Одағымен, сондай-ақ Ресей және Қытаймен байланыстарын жолға қоя отырып, өзінің сыртқы қарым-қатынастағы еріктілігін (теңгерімін) де сақтауға тырысуда. Мұның сыртында, Латын Америкасы елдерінің әлеуметтік-экономикалық даму тәжірибесі де көңіл аударарлық. Мұндағы бірқатар елдер, реформалардың екінші кезеңін бастап, кем-кетігін түзеуге кіріскен. Осының бәрін жинақтай келе, Елбасының Бразилияға сапарында мынандай мәселелер талқыланатын болады: саяси ықпалдастық (соның ішінде Латын Америкасымен белсенді әрекеттестік, Орталық Азиядағы интеграциялық үрдістер, дінаралық сұхбаттың дамуына Қазақстанның үлесі), халықаралық қауіпсіздік саласындағы серіктестік (жаппай қырып-жою қаруларын таратпау, халықаралық лаңкестікке, есірткілердің заңсыз айналымына және басқа да бүгінгі күннің қауіп-қатерлеріне қарсы күрес), сауда-экономикалық ынтымақтастық, отандық ғылыми ауқымды, экспортқа бағытталған өнеркәсіп пен ақпараттық саланы дамыту үшін жаңа технологияларды тарту.
Сапар аясында Елбасының Бразилия президенті Л.И.Лула да Силвамен, БФР Парламенті Сенатының төрағасы Р.Калейроспен, Өкілдер палатасының төрағасы А.Чинаглиамен, Федералдық Жоғарғы Сотының төрайымы Э.Нортфлитпен кездесулері жоспарланған.
Сонымен қатар Мемлекет Басшысының Бразилия іскер қауымымен келіссөздерінде энергетика, өндіруші өнеркәсіп, жаңа технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту және өнеркәсіптің түрлі тармақтарында бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері талқыланады деп күтілуде.
Бұл сапар Қазақстан мен Латын Америкасы арасындағы серіктестікті дамытып, осы болашағы зор өңірдегі біздің елдің мүдделерін ілгерілетуде маңызды мәнге ие болмақ.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|