Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Міржақып Дулатов

> Осы сөздерде Алаш қозғалысы басшыларының болған оқиғаға көзқарасы мен бағасы да, олардың болашақтағы іс-қимылға бағдар етіп алатын жөн-жобасы да бар еді. Соған сәйкес қызу қарбалас жұмыс басталды.

Бірінші кезекте облыс орталықтарынан Алаш комитеттерін құрып, халық съездерін әзірлеу қажет болды. Ол съездерде елдің болашағы туралы кең көлемде пікір алмасу өткізілді, бүкіл қазақ съезіне делегаттар сайланды. Сол жылғы 20 шілде күні Орынборда тарихтағы тұңғыш жалпы қазақ съезі ашылды. Алты күнге созылған бұл айтулы жиынның күн тәртібіне 14 мәселе енгізілген. Солардың ішінде мемлекеттік билік туралы, қазақ автономиясы, ұлттық партия құру, әскер жасақтау, Орталықта болатын Құрылтай жиналысына әзірлену сияқты өте маңызды мәселелер бар еді. Алғашқы екі мәселе бойынша Ә.Бөкейханның ұсынысымен демократиялық федеративтік және парламенттік Ресей республикасының құрамында қазақтың ұлттық-территориялық автономиясы болсын деген шешімге келді. Оның басқа да саяси-ұйымдық мәселелерін анықтау Құрылтай жиналысынан кейінгі мерзімге қалдырылды.

Съезде ұлт зиялыларының зор белсенділігімен талқыланып, көтеріңкі ынта-жігер үстінде шешілген мәселе – қазақтың ұлттық партиясының құрылуы болды. Оған Алаш деген атақ берілді. Алдағы Құрылтай жиналысына сайланатын депутаттар осы Алаш партиясының атынан ұсынылатын болсын деп шешілді. Айтқандай-ақ, Қазақстан аумағында үш партиядан депутаттар сайлағанда “Алаш” партиясы басым көпшілікке ие болды.

Бірақ осы кезде жалпы Ресей көлеміндегі саяси ахуал күрт өзгеріп кеткен-ді. Ақпан кезінде саяси биліктен сырт қалған большевиктер қарулы күшпен қазан төңкерісін жасап, өкімет билігін басып алды да, Уақытша үкіметті таратып жіберді. Ел ішінде жаңа тәртіп орнайтынын жария етті.

Патша тұсында бұратана атанып, саяси езгіліктің зарын тартып жүргенде Уақытша үкіметтің қолынан бостандық пен теңдік алған Алаш қайраткерлерінің большевиктер үстемдігіне жатырқай қарауы заңды еді. Олар мұны шынында да қабылдамады. Өздерінің алған бағытын ұстанып, алда тұрған күрделі мәселелерін талқылау үшін жалпы қазақтың ІІ съезін шақырды. Оның күн тәртібіне қазақ халқының тағдыры үшін шешуші маңызы бар он түрлі мәселені шығарды. Солардың ішіндегі ең негізгі ұлттық автономия мәселесі жөнінде Әлихан Бөкейхан баяндама жасады. Ел іші екі жарылып, қиян-кескі жағдай туып жатқанда, Алаш аймағын аман сақтап қалу мақсатымен Ұлттық кеңес құрылды, оған Алашорда үкіметі деген ресми атақ берілді. Оның төрағасы болып Бөкейхан сайланды. Бірақ әлі де Құрылтай жиналысына қарайлаған съезд автономияны ресми түрде жария етуді әзірше кейінге қалдырды.

Ел ішіндегі жағдай съезден кейінгі кезеңде тіпті шиеленісіп кеткен. Ресей көлемінде большевиктердің тәртібіне қарсы наразылық күшейе берді. Үкімет билігінен аластатылған эсэр партиясы өзіне тілектес басқа да саяси күштермен, патшаны жақтаған ақ гвардия әскерлерімен бірігіп, большевиктік тәртіпке қарсы күреске шықты. Ел іші екіге жарылып, азамат соғысының өрті қаулады.

Солардың арасында Алаш үкіметі де өте қысылшаң жағдайға ұшырады. Алғашында әліптің артын бағып, тұра тұрайық дегенмен, олар бейтараптық сақтап қала алмады. Бір бүйірден Самардағы Құрылтай комитеті Алашорданы ресми үкімет деп танып, қаржы-қаражат, қару-жарақ, тағы басқа қажеттіктен көмек көрсетуге әзірлік білдірсе, екінші жақтан сібірлік Колчак үкіметі қылышын жалаңдатып, өзінің жағында соғысуды талап етті. Қазақ жерінде орнап жатқан большевиктердің бопсалауы өз алдына.

Ақпан мен қазан арасындағы дүрбелең кезінде Алаш жұмысын жолға қойып жан­дандыруда, әсіресе екі съезд арасындағы қызу науқан кезінде ерекше белсенділік пен іскерлік танытқан Міржақып бұл кезеңде де өзінің қажыр-қайратынан жаңылған жоқ. Төңкерістің алғашқы кезінде күшпен жабылып қалған “Қазақ” газеті 1918 жылдың күзіне қарай қызылдардың бір әлсіреген тұсында қайта жанданып шыға бастағанда, оның бетінен Дулатұлының шынайы ұлтжанды қайраткерлік үні былай естіліп еді:

“Алашорданың көркеюі, Алаш автономиясының тез жарыққа шығуы алдымен екі нәрсеге байлаулы: милиция һәм қазына… Бұл екі жұмыс әр жерде әртүрлі орындалып жатыр… біздің жұрт қатарына қосылып қалатын күніміз осы. Біздің жұрттықтан құралақан қалатын күніміз де осы” (сонда, 354-355-беттер).

Осыған жалғастыра жазған “Қайтсек жұрт боламыз?” деген мақаласында автор әлгі ойын әрі қарай жалғастырады: “Патша түсіп, ескі тәртіп жеміріліп, бостандық туғанына жыл жарым болды. Сонан бері дүние жайланып, халық рақат ғұмыр сүре алмай, саясат күнде өзгеріп, жұрттың мазасы кетіп тұрғаны рас… Осындай қара құрық заманда біз секілді аз халықтар ұйымдасып, жұрт қатарына қосылып қалудың ылажын қарап жатыр. Жұрт елдігі бүгінгі күнгі тірі жүрген адам баласына ғана хас емес, кейінгі нәсіл, үрім-бұтақтың қор болмауы үшін керек зат… Кейінгі буынның ата-бабасы – бүгінгі тірі жүрген біздер. Біз келешекті ойламасақ, кейінгі нәсіліміз бізді қарғамай ма? Алла хұзырында, тарих алдында біз жауапкер емеспіз бе?”

Естіген адамның санасын селт еткізгендей осы сөздерден кейін Міржақып халқының жай-жапсарын былай сипаттайды: “Біз қазір екі жолдың тарауында тұрмыз. Қайсысына түсетін болсақ та ерік өзімізде.

Бір жол – құлдық жолы… Осындайда жігімізді ашып, жер-суымызды қорғап, билігімізді өзіміз алып қалмасақ, күні ертең бізді алдына салып айдап кетуге ие табылады… Құлдық жолы дегеніміз осы.

Екінші жол – жұрттық жолы. Осы бастан автономия алу жолына кіріссек, Алаш һүкіметіміз деп тырысып тұрсақ, бізді ешкім басынбайды, һүкіметі бар, әскері бар жұрт деп бізбен әркім есептеседі” (сонда, 360-362-беттер).

Ұлы мақсат жолында қандай қауіп-қатерден де тайынбайтын қайсар азамат Алаш үкіметінің бұйрығымен ел ішінен әскер, қару-жарақ, ат-тұрман жинап, қол жасақтап, соғысқа араласты. Сөйтіп, жан беріп, жан алысқан екіталай күндердің бірінде өзі сойылын соғып жүрген Колчактың Алаш үкіметін тарату туралы бұйрығы жетті. “Сүйенген, сенген дәурен жалған болса, жалғаны жоқ бір тәңірім, кеңшілік қыл” деген Абайдың өлең жолдарын мұңмен еске алған Міржақып жорық жолының бағытын өзгертіп, ат басын елге қарай бұрған.

Осыдан тағы біраз уақыт өтіп, қазақ жерінде большевиктер үстемдігі біржола орныға бастаған кезде шын ниеттерімен кеңес жағына шыққан ұлтшылдарға кешірім жарияланыпты деген хабарды естіген Дулатұлы әскерін таратып жіберіп, қару-жарағын лақтырып тастаған.

* * *

Өз діні мен ұжданына берік Міржақып сынды азаматтың бір демде бүкіл көзқарасын кілт өзгертіп, басқа жолға түсуі оңай болмаса керек. Ол іштей қиналмады, тебіреніп-толғанбады десек, оны арзан бағалағандық болар. Сөз жоқ, ойланды, толғанды. Бірақ халқы осы үкіметтің қол астында тұрғанда, одан безіп ешқайда кете алмайтынын сезді. Сондықтан шын ниетімен, адал пейілімен сол халқына қызмет етудің ендігі жолы осы деп, өз жолдастарымен бірге бұл да кеңес жағына шыққан.

Обалы не керек, кейінгі еңбек жылдарында сондағы ішкі сертінен қадірменді Міржақып ағамыз бір тайған емес. Бойындағы бар қажыр-қайратымен, білік-тәжірибесімен үкімет қызметі арқылы халық мүддесіне адал еңбек сіңірді. Сол іске әрдайым өзінің қабілет-дарынын толық жұмсап отырды.

Жиырмасыншы жылдардың басынан бастап, сол жылдардың аяғына таман – тұтқынға алынғанға дейінгі бүкіл өмірі біздің көзіміздің алдында. 1920 жылы 7 қарашада Омбыдағы “Кедей сөзі” газетінде жарияланған “Октябрь төңкерісінің үшінші жылы” деген публицистикалық толғауынан бастап, 1928 жылы 19 қазанда “Еңбекші қазақта” жарық көрген “Мәдениет төңкерісінің міндеттері мен оқытушы” деген проблемалық мақаласына дейінгі бүкіл мұрасы тек қана бір мақсатқа – туған халқының рухани талабына қызмет етуге арналған.

Бірақ тағдыр, барлық Алаш боздақтары сияқты, Міржақыпқа да әділдік көрсетпеді. Өмірінің соңғы кезеңі тағы да қуғын-сүргінмен, ауыр азаппен өтті. Бірақ есесіне оның рухына бүгінгі ұрпақ адал. Мен алаш деген, мен қазақ деген әрбір адам оның атағын ардақтап, аруағына тағзым етеді. “Азаматым! Ардағым!” деп жүрегінің ыстық мерейіне бөлейді. Біз де соның біріміз. Атақ-даңқың халқыңмен бірге жасай берсін, әз Аға!

Авторы: Жұмағали ЫСМҒҰЛОВ.

123
скачать работу

Міржақып Дулатов

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ