Оқу процесінің мəн-мағынасы
Жоспары
1. Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік
2. Оқу- дидактикалық процесс
3. Оқу процесінің қызметтері
4. Оқудың əдіснама-дидактикалық жүйелері
5. Таным теориясы жəне оқу
1. Оқу процесінің мəні жəне дидактика жөнінде түсінік
Біртұтас педагогикалық процесті құраушы екі басты бірліктің біреуі – оқу процесі. Бұл процесс өте күрделі, сипаты жағынан ол тек тəрбие жəне даму процестерінен кейін тұруы мүмкін. Сондықтан оған толық та жан-жақты анықтама беру қиынға соғады. Оқу процесі əр текті жəне табиғаты жағынан əртүрлі көптеген жағдаяттардың мың санды байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Процесс анықтамаларының көптігі де осыдан болар.
Ежелгі жəне ортағасырлық ойшылдардың шығармаларында “оқу”, “оқу процесі” ең алдымен мақсаты - оқушы болған оқыту қызметін (преподавание) білдірген. Ғасырымыздың басында оқу ұғымы енді осы процесті құрайтын екі бірлікті – оқыту қызметі мен оқып- үйренуді қамтитын болды. Оқыту – оқу материалын игеруге ынталандырушы мұғалімдердің қызметін, ал оқып- үйрену (учение) ұсынылған білімдерді игеруге бағышталған оқушылар іс-əрекетін танытады. Кейінгі жылдары «оқу» ұғымы оқушылардың танымдық іс-əрекет тəсілдерін қалыптастырушы мұғалімнің басқару іс-əрекетін де , мұғалімдер мен оқушылардың бірлікті іс-əрекетін де аңдататын болды. Мұғалім мен оқушының бірлікті іс-əрекеті болған оқу процесінің мəні оқыту мен оқып үйренудің бірлігін аңдатады. Бүгінгі түсінім тұрғысынан оқу келесі белгілерімен сипатталады: 1) екі тараптылық; 2) мұғалім мен оқушының бірлікті əрекеті; 3) басқарым мұғалім тарапынан; 4) жоспарлы ұйымдасу жəне басқару; 5) біртұтастық жəне бірлік; 6) оқушылардың жас даму заңдылықтарына сəйкестік; 7) оқушылардың дамуы мен тəрбиесіне жетекшілік.
Оқу жəне білімдену проблемалары педагогиканың дидактика деп аталатын бөлімінде зерттеледі. «Дидактика» термині грек тілінен енген, аудармасы «үйретуші» дегенді білдіреді. Алғашқы рет бұл сөз неміс педагогы Вольфганг Ратке (1571-1635) шығармаларында қолданылып, оқыту өнері мəнін аңдатқан. Ал Я.А.Коменский дидактиканы «баршаны барлық нəрсеге үйретудің əмбебап өнері» деп түсіндірген. XIX ғасырдың басында неміс педагогы И.Гербарт дидактиканы тəрбиелеп оқытудың өз алдына тұтас жəне қайшылықсыз теориясы ретінде таныған. Дидактиканың негізгі міндеттері В.Ратке заманынан бермен қарай бірде өзгерместен келе жатыр. Олар: нені үйрету жəне қалай үйрету проблемасын шешу; қазіргі заман педагогикасы бұларға қоса –қашан, қай жерде, кімді жəне не үшін оқыту қажет деген мəселелерді қарқынды зерттеуде. Дидактиканың негізгі категорияларын танытушы келесі ұғымдар белгіленген: оқыту, оқып-үйрену, оқу, білімдену, білім, ептілік, дағды, сонымен бірге оқу мақсаты, мазмұны, ұйымдастырылуы, түрлері, формалары, əдістері, құрал-жабдықтары, нəтижесі (өнімі). Дидактикалық жүйе жəне оқу технологиясы да осы категориялық ұғымдар тұрғысынан танылуы тиіс. Осыдан қысқа да ауқымды анықтама келіп шығады: дидактика- бұл оқу жəне білімдену, олардың мақсаттары, мазмұны, əдістері, құрал-жабдықтары, ұйымдастырылуы мен нəтижелері жөніндегі ғылым.
Дидактика өз пəні аймағында іске қосылатын заңдылықтарды зерттейді, оқу процесінің барысы мен нəтижесіне негіз болар тəуелділіктерді талдайды, жоспарланған мақсаттар мен міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуші əдістер, ұйымдастыру формалары мен құрал-жабдықтарын белгілейді. Осының арқасында ол екі басты функцияны атқарады: 1) теориялық (диагностика жəне болжастыру); 2) практикалық (қалыпты іс-əрекет, құралдар дайындау).
Дидактика барша пəндер бойынша жəне оқу іс-əрекетінің барлық деңгейіне орайластырылған оқу жүйесін біріктіреді. Зерттелуші болмысты қамту шеңберіне байланысты дидактика жалпы жəне жекеленген болып бөлінеді. Жалпы дидактиканың зерттейтін пəні: оқыту мен оқып үйренуді, оларды туындатқан жағдаяттары мен оларды орындау шарттары жəне соның арқасында жетілетін нəтижелерімен бірге анықтау. Жекеленген (нақты) дидактика оқыту əдістемесі деп аталады. Ол əртүрлі оқу пəндерінің желісін , мазмұнын, оқыту формалары мен əдістерін қарастырады. Əр оқу пəні өз əдістемесіне ие.
2. Оқу – дидактикалық процесс
Дидактикалық процесс мəнін түсіну үшін «оқу» жəне «оқу процесі» түсініктерінің мəн-мағынасын ажыратып алған жөн. Кейде бұл категориялар теңдестіріле қарастырылады. Іс жүзінде олай емес. «Оқу» түсінігі құбылысты білдіреді, ал «оқу процесі»- бұл процестің уақыт жəне кеңістікте дамуы, оның кезеңдерінің бірізді ауысып баруы.
Ұзақ уақыттар желісінде оқу процесі негізінен оқыту қызметі ретінде қарастырылды, яғни мұғалім жұмысы деп есептелінді. Уақыт өтумен бұл түсінікке кең мағына беріліп, оқушы іс-əрекеттеріне ерекше назар аударылатын болды.
Оқу процесі – шынайы болмыстағы қиын да қыстаулы, күрделі процесс. Ол өз ішіне көптеген құрылымы, деңгейі əр текті жəне табиғаты бір-біріне ұқсамаған жағдаяттардың сан қилы байланыстары мен қатынастарын қамтиды. Сондықтан да «оқу процесі» түсінігіне толық жəне жан-жақты анықтама беру қиындау. Солай да болса, қазіргі педагогика ғылымында «оқу процесі» ұғымына орай келесідей анықтама қабылданған: «оқу процесі – бұл барысында білім беру, игеру, тəрбиелеу жəне дамыту міндеттерін іске асыруға бағытталған оқытушы мен оқушы арасындағы мақсат бағдарлы өзара байланысты іс -əрекет».
Оқу процесі екі тарапты сипатқа ие. Оның құрамы өзара табиғи байланыстағы екі түрлі əрекеттен тұрады: оқыту – мұғалімнің оқу материалын меңгеруге орай ұйымдастыратын оқу-үйрету іс-əрекеттері жəне оқып үйрену – білім меңгеру мақсатындағы оқушының іс-əрекеттері. Бұл екеуі арасындағы байланыстырушы тетік – бірлікті іс-əрекеттерді жанамаластыратын оқу мазмұны.
Оқу негізінде мұғалім үшін осы процесс мазмұнының базалық бірліктері болып есептелетін, əрі оқушылар тарапынан игерілуі тиіс өнім ретінде білімдер, ептіліктер жəне дағдылар жатады.
Оқып-үйренудің аса маңызды элементі – сеп-түрткілер (мотивтер). Қандай да оқу əрекеттерін не тұтастай оқу істерін орындай отырып, оқушы осы сеп-түрткілерді басшылыққа алады. Оқуға қызықтыратын мотивтер түрі көп, əрі сан қилы. Олардың əрқайсысы өз алдына дербес ықпал жасамай, бір-бірімен тығыз ықпалдастық байланыста оқушының білім игеруіне себепші болады. Ақыл-ой əрекеттеріне ынталандырушы сеп-түрткілер қатарында танымдық қызығулар мен қажеттердің маңызы ерекше. Бұлардың жоғары деңгейде дамуы үшін шынайы ғылыми мазмұн жəне педагогикалық мақсат бағдарында ұйымдастырылған белсенді де дербес таным қажет.
3. Оқу процесінің қызметтері
Оқу процесі бірнеше қызметтерді – білімдендіру, дамыту, тəрбиелеу, ынталандыру жəне ұйымдастыру – атқарады. Бұлардың бəрі кешенді іске қосылады, алайда, тəжірибелік іс-əрекетті дұрыс ұйымдастыру, оқу міндеттерін тиімді жоспарлау үшін олардың əрбірін өз алдына қарастырған жөн.
Оқу процесінің білімдендіру қызметі ең алдымен білім, ептілік, дағдыларды, шығармашылық іс-əрекет тəжірибесін қалыптастыруға бағытталады.
Білім (знание) – бұл деректер, мəлімет, ұғымдар, ережелер, заңдар, теориялар, формулалар мен сипаттамаларды , т.с.с. түсіну, есте қалдырып, қажеттікке орай қайта жаңғырту.
Оқу барысында ғылыми білімдер тұлға меншігіне айналып, оның тəжірибелік қорына енуі қажет. Бұл қызметтің іске асырылуынан білім толықтығы, жүйелілігі жəне саналылығы, оның бекімі мен əрекетшеңдігі қамтамасыз етіледі. Оқушы ғылым негіздері мен іс-əрекет түрлері бойынша мəліметтер жинақтайды, игерілген білімдерді саналы пайдалана білу негіздері қаланып, оларды тұрмыстық міндеттерді шешуге қолдануға үйренеді.
Білімдендіру қызметі сонымен бірге оқушыға тек білім игертіп қана шектелмей, олардың ептіліктері мен дағдыларын қалыптастыруға арқау болады.
Ептіліктер – бұл адамның ережелерге сүйене отырып, қандай да нақты əрекеттерді орындау қабілеті. Дəлірек айтсақ, ептілік дегеніміз – білімді практикамен байланыстыра қолдану тəсілдерін, жолдарын меңгеру.
Дағды – бұл саналы іс-əрекеттің автоматтастырылған бірлігі. Басқаша айтсақ, дағды – ойланбай орындалатын, жоғары дəрежеде жетілген ептілік.
Ептілік жаттығулар нəтижесінде қалыптасады. Дағды қалануы үшін көп санды қайталаулар қажет.
Ептіліктер мен дағдылар жалпы оқулық жəне арнайы оқулық болып ажыралады.
Арнайы оқу ептіліктері мен дағдылары нақты оқу пəні мен белгілі ғылым саласына байланысты қалыптастырылады. Мысалы, физика, химия пəндері бойынша – зертханалық тəжірибелер өткізу, заттай көрнекіліктер пайдалану; географиядан – картамен жұмыс, масштабты өлшемдер, компас не басқа құралдарды қолдану; математикадан – логарифмдік сызғышпен, есептеу машиналарымен, əрқилы модельдермен жəне т.б. жұмыс алып бару ептіліктері мен дағдылары орнығады.
Арнайылардан тыс оқу процесінде оқушылар барша пəндерге қатысы бар жалпы оқу ептіліктері мен дағдыларын да игереді. Мысалы, оқу жəне жазу дағдылары; өзіндік таным жұмыстарын тиімді ұйымдастыру ептіліктері; оқулық, анықтамалар, библиографиялық тізімдермен жұмыс.
Оқу процесі білім беру қызметімен бір уақытта тəрбиелік міндеттерді де іске асырып барады. Оқудың тəрбиелік қызметтері осы əлеуметтік процестің өз табиғатына орай орындалады. Осыдан оқу процесінде оқушыларда көзқарастар, ғылыми дүниетаным, табиғат, қоғам жəне ойлау заңдылықтарын пайымдау, қоғамдық талап, тəртіп нормаларын мойындау əрі оған байланысты заңдарға бойсыну
| | скачать работу |
Другие рефераты