СОҒЫС ЖАЛМАҒАН БАЛАЛЫҚ
Другие рефераты
Иә, адамзатқа соғыс үлкен апат әкелдi. Оның зардабы тым қымбатқа түстi. Ананы – баласынан, баланы әкеден айырды. Сүттей ұйыған қаншама отбасының жылуын жұтты бұл сұрапыл соғыс! Ал әке мейiрiмiне жарымаған, балалығын соғыс жалмаған балалар тағдыры тiптi аянышты.
Бiздiң көшеде Сейiл атты қартаң кiсi тұратын. Өзi кешегi алапат соғыстың кезiндегi 12 жасар бала. Қашан көрсең де жылы жүзiнен мейiрiм төгiлiп тұрады, әрi тың. Мен ол кiсiмен жақын араласып, әңгiмек-дүкен құруды ойлайтынмын. Мiне, бүгiн Сейiл қартты тағы көрдiм. Күндегi жайдары келбетiн мұң шалған, үлкен ой құшағында. Нелiктен мұңайғанын бiлуге асықтым.
– Ата, бүгiн сiздiң жүзiңiздi неге мұң торлаған?
– Е, қызым, — дедi ол ойлана. – Соғыстың құрбаны болған балалығымды ойлап отырмын. Соғыс кiмдi аяды дейсiң?.. – деп сөзiн аяқсыз қалдырды.
– Соғысты бiз тек кiтаптардан ғана оқитын ұландармыз. Ал сiздер үшiн соғыс – өмiрлерiңiздегi ең қасiреттi күндер мен жылдар жылнамасы. Мүмкiн, «мылтықсыз майдандағы» өмiрiңiздi әңгiмелерсiз.
Қарт үндемедi. Тек мақұл дегендей басын шұлғыды.
– Соғыс. Осынау сөзден бойым әлi де үрейленедi. Сұрапыл соғыстың аяқталғанына 65 жыл. Көп уақыт. Уақыт барлық нәрсенiң дауасы десек те, менiң жаралы жүрегiмнiң емi, соғыс жалмаған балалығымның қарымтасы бола алмады, – деп көкжиекке көз тiктi қарт. – Соғыс басталғанда мен 12-ге ендi аяқ басқан баламын. Отбасымда әкем Едiл, анам Шәкенай және ағам Әбiл, сосын мен. Әке-шешем колхозда қара жұмысшы. Бiрi – малшы, бiрi – сауыншы. Ағам Әбiл колхоздағы жастардың бас көтерерiнiң бiрi едi. Ол кезде мен төртiншi бiтiргенмiн. Оқуда озатпын, жазу-сызуда алдыма жан салмаймын. Киiм мен тамаққа жарымасақ та, көңiлге бай едiк. Қайран, алаңсыз балалық-ай!
Бiр күнi әке-шешем де, Әбiл ағам да үйге көңiлсiз оралды. Анамның көзiнде жас, әкем мен ағам түрлерi өрт сөндiргендей сұрықсыз. Не болғанын сұрауға батпадым. Сөйтiп, үн-түнсiз ауқаттанып, ұйқыға кеттiк. Таңертең үйдегi үлкендердiң дауыстарынан оянып кеттiм. Әкем мен ағам жолға дайындалып жатыр. Бұл жиылыстың кешегi үнсiздiктiң әуресi екенiн түсiне қойдым. Анамның көзi тағы да жасқа шыланған. Бiз таңертеңгi ас iшуге дастарқанға жайғастық. Бәрi үнсiз. Үнсiздiктi әкем бұзды.
– Балам Сейiл! Отанға жау келдi, елiмiздiң iргесiн ойрандады немiс әскерлерi. Бiз елiмiздi қорғауға аттанып барамыз. Мен де, ағаң да өз еркiмiзбен майданға барып, жау әскерiн талқандаймыз. Кешегi сүреңсiз келiсiмiздiң жөнi – осы. Сейiл, ендiгi үйдiң иесi де, анаңның сүйенiшi де өзiңсiң. Ағаң екеумiз жаумен алысқанда, көкейiмiзде «бiздiң үйдiң оты сөнбейдi, артымызда тұяқ бар» деген сенiм болады. Сен сол сенiмдi ақта, – деп үлкен сенiм артты.
Менiң жаным алай-дүлей. Iштей әке үмiтiн ақтауға серт еттiм. Сөйтiп, олармен қоштасатын уақыт та жеттi. Қоштасарда әкем мен ағам кезек-кезек құшақтап, бауырларына басып тұрып, «бiз Отанға аман-есен ораламыз, сен анаңа сүйенiш бол» дедi. Анам екемiз шығарып салдық. Сол күнi олар майданға аттанып кеттi. Бұл 1941 жылдың жазы едi.
Қарғыс атқыр соғыс басталған күннен бастап тiршiлiк тауқыметi анам екеумiзге түстi. Оқу жайына қалды. Ауылда кiл шал-кемпiр, әйелдер, балалар. Бәрi де жүдеу, уайымшыл. Бiздiң ауыл Арал теңiзiнiң етегiнде. Ол Арал теңiзiнiң тартылмаған кезi. Теңiзден балық аулап, соны талғажау етемiз. Өте қиын жұмыс. Қыста тiптi қиямет, қатқан мұзға ау салып, балық аулаймыз. Әкемдерден еш хат-хабар жоқ. Анамның көңiлi күптi. Түн бата, жұмыстан шаршап-шалдыға келiп, табылған тамақпен ауқаттанамыз. Анам кейде маған көрсетпей жылап алады. Сол кезде менiң жүрегiм езiлiп кете жаздайды. Сөйтiп, бiр-бiрiмiзге сүйеу боп өмiр кешiп жаттық.
1941 жылдың көктемiнде әкемнен хат келдi. Хатты дiрiлдеп, әзер оқыдым. «Шәкенай, Сейiл! Бiз Әбiл екеумiз бiргемiз. Жаңа жау қоршауын бұзып шықтық. Анаңа қамқор бол, Сейiл. Бiз жеңiспен ораламыз» дептi хатында. Анам екеумiз жылап, хатты қайта-қайта оқимыз. Ырымшыл анам қап түбiндегi ұннан жетi күлше таратып жiбердi. Одан кейiн де бiрнеше мазмұндас хат келдi. Сұрапыл соғыс жылдары өте бердi. Елге «қара қағаз» деген пәленiң келе бастаған уақыты. Күнiне кем дегенде екi-үш «қара қағаз» келедi. Ел iшiн үрей билеген. Бiздiң үй қорқыныш құшағында…
1943 жылдың күзi. Осынау қасiрет арқалаған жылдың қараша айы мәңгiге сақталды менiң санамда. Сол күнi бiзге хат тасушы «қара қағаз» ұстатты. Онда: «Едiл Бөлеков Ленинград үшiн шайқаста ерлiкпен қаза тапты», – деп жазылыпты. Шешем тiлсiз қалды, көзiнен жас шықпады. Менiң көзiм жастан құрғамады. Шын жетiмдiктiң қамытын кидiм, өзiмдi жаман түзде жалғыз қалғандай сезiндiм. Иә, ол кез бiзге ауыр тидi. Анама да жеңiл соқпағаны анық. Мен тiптен құлазып кеттiм. Бiрде анам маған:
– Сейiл, ендi әкең жоқ. Оны зұлмат соғыс жұтты. Дегенмен ол сенiң жолыңда, сенiмен қатарлас балалар жолында өз жанын құрбан еттi. Сен жасыма, басыңды көтер, қарғам! – деп менi жiгерлендiрдi. 1944 жылы ағам Әбiлден хат келдi. Бұл хат бiздер үшiн үлкен сый болды.
Мiне, бiз асыға күткен Жеңiс күнi де келдi. «Жеңiс» деген ыстық сөз әрбiрiмiздiң жүрегiмiзде жатталып қалды. Соғыстан жаралы солдаттар келiп жатты. Бiрiнiң – қолы, бiрiнiң аяғы жоқ. Сол солдаттармен бiрге менiң ағам Әбiл де оралды. Омырауы толған орден-медаль. Көзiне снарядтың жарықшағы тиген екен, бiр көзi көрмейдi. Оған да тәубе дедiк. Соғыс жылдарынан соң жағдайымызды түзеп, өмiр кештiк. Кейiнгi толқын жастарға айтарым, соғысқа қатысқан әрбiр майдангердi сыйлаңдар, құрметтеңдер. Өйткенi, олар сендер үшiн от кештi, – деп қарт әңгiмесiн аяқтады.
…Сейiл қарттың әңгiмесi менi ойға батырды. Соғыс оны асқар таудай әкесiнен айырды. Ал соғыс кезiнде әкесiн көрмеген, әке мейiрiмiне жарымаған жетiмдер қаншама?.. Бiр отбасы емес, бүкiл ауылды жетiм қалған күндер өттi емес пе? Мүмкiн, соғыс сонысымен де қасiреттi, сонысымен де аяусыз шығар…
Алтынгүл САНСЫЗБАЙ,
№216 Қ.И.Сәтбаев атындағы мектептiң 9 «Б» сынып оқушысы.
Әйтеке би кентi,
Қазалы кентi,
Қызылорда облысы
| | скачать работу |
Другие рефераты
|