Түркі тілдес түгел бол
Другие рефераты
2006 жылдың қараша айында Түркияда өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының VІІІ саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің Парламенттік Ассамблеясын құру туралы ұсыныс жасаған еді. Түрк ПА деп аталған сол ұйым 2008 жылғы 21 қарашада Ыстамбұл қаласында құрылған болатын.
2009 жылы Әзірбайжан астанасы Баку қаласында ұйымның алғашқы отырысы болды. Осы отырыста ұйымның регламенті мен хатшылығы туралы ереже бекітілді. Ал бүгін және ертең Астанада Түрк Па Кеңесінің отырысы мен Түрк ПА-ның ІІ пленарлық отырысы өтеді. Осыған орай біз Түрк ПА-ның қазақстандық делегациясының мүшесі Амангелді МОМЫШЕВКЕ жолығып, ұйым жұмысының барысы және отырыста қаралатын мәселелер жөнінде айтып беруін өтінген едік.
– Меніңше, барлық тараптардың мүддесінен шығып, тиімді жұмыс істеп келе жатқан көптеген мемлекетаралық ұйымдарды құрудың бастамашысы болып жүрген біздің Президентіміз Түрк ПА-ның да өмірге келуі – түркітілдес туысқан халықтар арасындағы интеграциялық үдерістердің тереңдей түсуіне қызмет ететінін көрегендікпен болжаған. Басқалар өзара жақындасудың жолдарын іздеп, бірін бірі қолдап жатқанда, бір атаның баласы болып, бір тіл, бір діл, бір дінмен қалыптасқан түркі халықтары неге өзара жақындаспасқа? Және оның неше түрлі жолдарын, түрлі амалдарын тауып, осы күнгі интеграциялық үдерістердің талабына сай құрылымдар жасалуы керек қой. Бұрын бізде мәдениет ортақтығын және осы сала бойынша жақындаса түсуді көздеген ТүркСОЙ ұйымы болса, ендігі жерде құқықтық, саяси және экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық салалардағы өзара жақындасудың, ынтымақтасудың маңызы зор. Парламентаралық ынтымақтасудың әлеуеті мұндай жақындасуларды іске асырудың берік тұтқасы, маңызды институты болары сөзсіз. Сондықтан да мен Түрк ПА-ның болашағы зор, маңызы терең ұйым деп есептеймін. Болашақта ол Еуропарламент секілді ықпалды ұйым болар деген үміттемін.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты кітабында қазақ даласын «Ұлы Түркі елінің қарашаңырағы» деп атаған еді. Қазақтың аса білімді, теңіздей терең дарынды ақыны Мағжан да «Көп түрік енші алып тарасқанда, Қазаққа қарашаңырақ қалған жоқ па?» деп жазған. Тарихтың неше түрлі теперішіне түссе де тәуелсіздігінен айрылмаған жалғыз түркі тілдес ел – Түрік Республикасы болса, оның басшылары болған Ататүрік, одан бергі Тұрғыт Өзал сияқты саңлақтары түркілердің өзара бірлестікте, татулық пен туыстық қарым-қатынаста болғанын жақтап келді. Олар қазақ даласын «Ұлы Тұран даласы» немесе «Ана ватан» деп атап бөлекше қадірледі. Бүгінгі таңдағы түркі әлемінің аса ірі қайраткері Нұрсұлтан Назарбаев та сол үрдісті жақтап отыр. Қазір түріктер Моңғолиядағы Күлтегін зиратының басына кесене салуды қолға алуда. Сол жерде мұражай жасап, түркілердің көне тарихынан мол мағлұмат беретін орталық ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр қаласынан сол жерге апаратын жолды да жөндеп, жақын жерден ұшақ қонатын орын да ашпақшы. Міне, мұны да түркітілдес елдердің ортақ тарихына жататын маңызды бір іс деп атауға болады.
– Түрк ПА-ға қандай мемлекеттер мүше болып кіреді? Әрбір мемлекеттен оған неше адамнан мүше болады?
– Бүгінгі таңда Түрк ПА-ның құрамына төрт мемлекет мүше болып еніп отыр. Олар: Қазақстан, Түрік Республикасы, Әзірбайжан Республикасы және Қырғыз Республикасы. Әрбір мемлекеттің ұлттық Парламентінің жеті депутаты ПА мүшесі болып енгізілген. Қазақстан делегациясының төрағасы – Мәжіліс спикері Орал Мұхамеджанов. Ал мүшелері қатарында Мәжіліс депутаттары Ұзаққали Елеубаев, Бекболат Тілеухан және мен, ал сенаторлардан Қайрат Ищанов, Ғарифолла Есім және Сәрсенбай Еңсегенов бар. Түркіменстан мен Өзбекстан делегациялары ПА қатарына енуге құлық танытпай отыр. Сонымен қатар, біз соңғы отырыста Ресей Федерациясы құрамындағы Татарстан, Башқұртстан республикалары сияқты түркітілдес республикалар өкілдерін де байқаушы ретінде шақыру қажеттігін айтқан едік.
Бүгінгі таңда Түрк ПА ЕКПА-мен (Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы) және НАТО ПА-мен өзара ынтымақтастық орнатып үлгерді. Ал Халықаралық Парламент Одағына, ЕҚЫҰ ПА мен ИКҰ-ға байқаушы мәртебесін алды.
– Бакуде болған алғашқы отырыста қандай мәселелер қарастырылып еді?
– Ол отырыста біз Түрк ПА-ның Регламенті мен Хатшылық ережесін қабылдадық. Сонымен бірге, ұйымның Бас хатшысын сайладық. Оған Әзірбайжан өкілі Рамиль Гасанов, ал үш орынбасарының бірі болып қазақстандық Мэлс Семғалиев сайланды. Ұйымның 300 мың еуро көлеміндегі жылдық бюджетін де осы жолы бекіттік. Бас хатшы екі жылдық мерзімге, келесі отырыс болғанша сайланады, биылғы Астанада болатын отырыста жаңа Бас хатшы Қазақстан тарапынан сайланатын болады.
– Бейсенбі күні болатын отырыстың күн тәртібіне қандай мәселелер енгізілген?
– Ең алдымен биыл тәуелсіздіктерінің 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған түркітілдес елдер туралы баяндамалар оқылады. Онда, әрине, түркітілдес мемлекеттердің өзара интеграциялық байланыстары мен ықпалдастықтарының перспективалары туралы да мәселелер көтерілетін шығар. Жасалған баяндамалар бойынша пікір алысулар да өтеді. Қазақстаннан негізгі баяндаманы жасайтын Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов болады. Одан әрі Парламенттік Ассамблеяға мүше мемлекеттер делегацияларының басшылары кезекпен сөйлейді. Соның ішінде Түрік Республикасынан Ұлы Ұлттық Мәжілісінің Төрағасы Мехмет Шахин, Әзірбайжан Республикасынан Милли Меджлистің Төрағасы О.Асадов және Қырғыз Республикасынан Жогорку Кенештің Төрағасы А.Келдибеков баяндама жасайды. Шақырылған қонақтар арасынан құттықтау сөздерді Түрк СОЙ Бас хатшысы Д.Қасейінов, Ислам Конференциясы Ұйымы Парламенттік одағының Бас хатшысы Махмуд Эрол Килич, АӨСШК атқарушы директоры Чинар Алдемир, Түркітілдес мемлекеттер ықпалдастық кеңесінің Бас хатшысы Халел Акынжы айтады деп күтілуде.
Қаралатын мәселелер арасында 2011-2012 жылдарға арналған ұйымның бюджеті, ПА регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізулер де бар. Бюджетке салынатын жарналар көлемі әрбір туысқан елдің мүмкіншілігіне қарай бөлінген, соның ішінде, нақты айтар болсақ, Түрік Республикасы – 296, Қазақстан – 148, Әзірбайжан – 74 және Қырғызстан 37 мың еуро көлемінде жарна төлейді. Ал регламентке енгізілетін өзгерістер қатарына тұрақты комиссиялар құру қарастырылған. Бұрынғы регламентте ондай болмаған. Соның ішінде Экономика, сауда және қаржы, Заңнама, Халықаралық істер, Әлеуметтік-мәдени және гуманитарлық мәселелер бойынша тұрақты комиссиялар құру көзделуде. Бұлардан басқа да мәселелер қаралатын болады.
Сонымен бірге, күн тәртібіне Түрк ПА-ның төлтаңбасы мен туын бекіту де енгізіліп отыр. Олардың жобаларымен ПА-ға мүше мемлекеттер делегациялары танысып шықты. Отырыс қорытындысы бойынша Астана декларациясы қабылданатын болады. Ал Бас хатшылық осы жолы Қазақстан өкіліне берілетінін жоғарыда айттым, оның бір орынбасарлығына Қырғыз Республикасының өкілі сайланатын болады.
– Парламенттік Ассамблеяның отырысы қай тілде жүргізіледі?
– Қабылданған келісім бойынша делегация мүшелерінің бәрі өз тілдерінде сөйлейді, бірақ түрік және ағылшын тілдеріне ілеспе аударма жасалып отырады. Біздер, Кеңес Одағының шекпенінен шыққан түркітілдес мемлекеттердің өкілдері ілеспе аударманың орыс тілінде де жүруін қалаған еді, сондықтан осы отырыста сөздер орыс тіліне де аударылатын шығар.
– Келетін қонақтарға мәдени шаралар да көрсетілетін болар?
– Әрине, бүгін, яғни сәрсенбі күні олар Тұңғыш Президенттің мұражайында болады. Одан кейін Президенттік мәдениет орталығында болып, кітапхана, мұражай, концерт залдарын тамашалайды. Әсіресе, мұражайдың түбі бір түркі туысқандарға арналып жасалған көрмесі қонақтардың көңілдерінен шығар деген ойдамыз. Мәдени шаралар бағдарламасының аясында қонақтарға «Қазақ елі» монументін таныстыру, «Тәуелсіздік» сарайын көрсету және «Бәйтерекке» шығару қарастырылған. Сондай-ақ олардың «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі де көзделіп отыр. Осы күні қадірлі меймандарды Сенат Төрағасы Қ.Мәми және Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджанов қабылдайды деп күтілуде. Ал бейсенбі күнгі пленарлық отырыс басталмай тұрып қонақтар «Түркітілдес мемлекеттердің тәуелсіздігі: дамуы және жаңа белестері» атты фотокөрмемен танысатын болады. Сонымен бірге, «Түркі академиясы» қызметінің тұсаукесер рәсімі болады. Ал жалпы отырыс аяқталған соң, түстен кейін делегация басшыларын «Ақордада» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қабылдайды деп күтілуде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.
«Егемен Қазақстан» газет
| | скачать работу |
Другие рефераты
|