Үкілі Ыбырайдың Гәкку әні
амның бір шарты әнді әр әннің жаңа үйреніп алған иесі ғана айтады. Ол тіріде өзгемізге айтуға мұрсат жоқ. Тұрсынбай – жазушы, журналист болатын, дүниеден ерте өтті де “Аңшының әнін” нотаға түсіріп, күйтабаққа жаздыра алмай кетті. Қытайдан келген тамаша әнші Дәнеш Рақышев радиодан айтып жатқанда Тұрсынбай есіме түсуші еді, жаттап алмадым деп өкінуші де едім. Бірақ бәрін де олар жоқта ептеп айтып жүрдім. “Қарақат көзді, сым саусақ” менің еншіме тиді. Бұл әнді Қайрат Байбосыновқа 1980 жылдары Мәскеуге келген сапарында үйреттім. Қайраттың өзі айтып жүрген Ыбекеңнің “Қарақат көз” атты өлеңі бар. Ол өлең алты тармақты шумақпен бітеді де, қайырмасы мүлде ұқсамайды. Сондықтан “Қарақат көздің” екі түрі бар деп бекіп кетті, дұрысында екеуі екі бөлек ән, сөздерінде ұқсастық бар және алдыңғы шумақтың әні де егіздей ұқсас. Екі түрі де тамаша айтылып жүр. Айта берсек, сұлудан туған көркем қыздардай операға кірген “Үлкен Гәккуден” тараған қайырмалары “гәккулеп” аяқталатын әндер баршылық. Оларды негізгі гәккумен шатастырмау шарт.
1983 жылы 8 желтоқсанда қазақтың ұлы дарыны Нұрғиса Тілендиев Мәскеудегі П.И.Чайковскийдің концерттік залында “Отырар сазы” оркестрімен шығармашылық кешін өткізердің алдында “Мәскеу” қонақүйінде жатып, Тихон Хренниковті қонаққа шақырды. Ол кезде орыстың озық композиторларының бірі атанған ақсақал КСРО Композиторлар одағын басқаратын. Менің Мәскеуде қызметтегі кезім еді. Қоярда қоймай, оңаша отырғанда солақай домбырасын оңқай түзеп беріп, маған ән салдырды. Ертеректе Шота Уәлихановтың қырық жасқа толған тойында өлең оқып, ән салғаным бар еді. Онда Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Нұр-ағаңның “Құстар әнін” шын ынтыға айтушы едім, оған қоса “Гәккудің” екі-үш түрін орындағанмын. Бұл жолы “Құстар әні” мен “Гәккуді” және “Қарақат көзді, сым саусақты” өз әлімше айтып бердім. Хренников Нұрғисаға: “Әнің тамаша, қысқаша айтсам, бір әнің бір симфонияға татиды екен, ертең сағат он бірде кабинетіме келіңдер, сонда жаздырып аламын”, – деді. Айтқанын орындадық. Кабинетінде екі рояль бар екен, ноталарды жайып жіберіп, “Құстар әнін” орындатты. Мұндайды көрмеген басым, қызыға бастадым. Тихон ақсақал “Гәккуді” білемін, оның нотасы да “Қыз Жібектің” партитурасында бар ғой, ал кешегі екінші әнді домбырамен қайтадан айтшы деп қолқа салды. Орындап бердім. Сонда орыс композиторы: “Нұрғиса, твоя песня хороша, великолепна, но песня Ибрая отличается от наших с тобой песен да и от других. Дело в том, что мы поем и пляшем на одном музыкальном горизонте, а Ибрай как птица в полете то стремится ввысь, то плавно опускается на другой уровень, другой горизонт. Надо эту песню немедленно передать профессиональным исполнителям и представить нам, а мы дадим возможность распространяться на весь мир”, – деп сөзін аяқтады. Мен “Гәккудің” кереметін содан кейін айқынырақ түсіне бастадым. Расында да солай екен-ау! Ыбекең “Гәкку-га... га”-лап бірде жоғары, бірде төмен толқытып, бір деңгейде қалмайды екен. Музыкалық ырғақ жаңа деңгейге шығып кетіп, қайта асқақтап, қайта-қайта “гәккулетеді” екен. Бұл кездесудің нәтижесінде “Отырар сазы” атты поэмам туды, “Гәккудің” сиқырлы сазына құныға түстім, қызыға түстім, оңашада ән салсам қайталай берем, жалықтырмайды.
“Гәккудей” тамаша әнді әңгіме етіп, не себеппен туғанын әрлі-бері толғанып, бірсыдырғы айтып өтсек, оның түп тамырына ой тоғытпай тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйініне жете алмаймыз. Біріншіден, Ыбырай Сандыбайұлы – текті әулеттен шыққан табиғи дарыны мол өнерпаз. Оның арғы атасы Сәбден батыр Абылайдың жорықтарына қатынасып, аты шыққан әрі батыр әрі он саусағынан өнері тамған шебер ұста. Ол – қылыштан инеге дейін, ат-тұрманды безендіруден, сақина жүзікке дейін жасай білер атақты зергер. Сандыбайға да тұқым қуалай келіп, осы ұсталық өнер қонған. Сәбденнен Деріпсал, одан Әбіле, Маңдай, Сандыбай туды. Сандыбайдан Бөбіш, Шалғымбайдан Ыбырай туған. Бөбіштен (Мейіз) атақты Тайжан Қалмағамбетұлы туды. Маңдайдан тараған Асайыннан Смағұл, Мырзағұл тараса, Мырзағұлдан ақын Мұса туды, оның шешесі Бағи апам менің шешемнің туған апасы. Мұса керемет әнші болса, оның әкесінің ағасы Смағұл ақсақал әрі ұста, әрі зергер еді. Ол кісіні көрдім. Зергердің Сталиннің 70 жасқа толуына арнап, өте кішкентай герб жасап Мәскеуге жібергенін білуші едім. 1950 жылы орта мектепті бітіріп, Түсті металл және алтын институтында оқып жүргенде Мәскеудегі “Сталинге сыйлықтар” мұражайында Смағұл қарттың алтын мен күмістен жасап жіберген, өте әдемі гербін көрдім. Мұса бабасына тартып, асқақ әнші, шешен де тапқыр айтыс ақыны болып Жамбыл атамыздың 125 жылдығына арналған республикалық айтыстың жеңімпазы атанып елге танылды. Әбіле оқыған кісі, Шыңғыс төренің хатшысы болып қызмет істеген. Ыбырай ерте жастан әнге, өлеңге бейім екен. “Айналайын айран, неге бұрын келдің шайдан, қатындардан таяқ жеп, айырылыпсың ғой майдан”, – деген сияқты әзіл-қалжыңдары ерте тарапты. Атақты Шөбектің Нұралысының қызы Жәнияны ұзатардағы тойда Ақан бастап, әркім өзі сүйгенін өлеңмен шақырсын қасына деген тәртіп болады. Ал Мұқанның қызы Мәлике сұлуға Ыбырай:
Бозбалаға бұл бір сын жеке-жеке,
Әркімнің жаны сүйген сәулесі ерке.
Бұйрығын ханзаданың екі етпейік,
Жаныма келіп отыр, ей, Мәлике! – деп шырқап салыпты. Жалпы, Үкілі Ыбырай алдындағы ағалары, Сегіз Сері, Шал ақын, Біржан сал, Ақан сері, Орынбай, Шөже, Арыстанбай тәрізді дүлдүлдердің өнеріне қанығып, Сегіз Серінің баласы Мұстафаның “Қамажайын” елге кең таратты. Ақан сері таныстыру ретінде Ыбырайды Біржан салға ертіп Көкшетауға әкелгенде алғашқы өлеңі баяу шығыпты, Біржан жас талантты елемесе керек. Сонда Ақан: “Әй, Ыбырай, сен қайда келгеніңді білесің бе? Қысылмай шырқа, саған не болған?” — дегенде Ыбырай: “Ащы айғайға салуға сіздерден ұят бола ма деп отырмын”, — деп жауап қайтарып, шырқай жөнелгенде жұрт селк етіп, Біржан сал күліп жіберіпті. Ән біткенде Ыбырайдың бетінен сүйіп, батасын беріпті де, Ақанға қарап: “Жарайсың, Ақаным, қазаққа Көкшетаудың дүлдүлі, төрт аяқтының перісі Құлагерді беріп едің, енді маған әншіліктің дүлдүлі, екі аяқтының перісі Ыбырайды әкеліпсің, құтты болсын! Бұл жас ақын осы қалпымен шырқай берсе, екеумізден де озары айқын!”, – депті. Кейінде бір жиында Біржан сал жасы ұлғайған кезде атақты “Шалқымасын”:
Өлеңмен екі өкпеңді қалқытайын,
Қорғасындай денеңді балқытайын.
Біржаннан алып қалған әнім еді,
Азырақ “Шалқымамды” шалқытайын, – деп көк аспанды тесіп кетердей, жеті қырды кешіп өтердей асқақтатыпты. Сонда қарт Біржан: “Әнімді жоғалтпас інім болғанына шүкіршілік” деп тағы да ақ батасын беріпті. Осының бәріне қоса, Ыбырай аз оқығандығына қарамай, табиғатынан зерек өсіпті. Құлағы шалған әндерді жаттап алып, иесінен де асыра шырқай беріпті. Смағұл қарттың айтуынша, ол білмейтін қазақ әні болмапты. “Қозы Көрпеш-Баян сұлу”, “Төлеген мен Қыз Жібек”, “Жүсіп пен Зылиха”, “Мұңлық-Зарлық” секілді дастан, аңыз, эпостық жырларды да жатқа өз сарынымен әндетіп, қажымай, талмай, күн-түн демей қызықты етіп айтып береді екен. Сәбит Мұқановтың, Молдахмет Тырбиевтің, Ғалым Молдыбаевтың берген деректеріне қарағанда, “Мың бір түн” мен “Тотының тоқсан тарауын” өлең қылып бірнеше күн айтуға машықтаныпты.
“Гәкку” Ыбырайдың музыкалық өнеріндегі ғана шырқау шыңы емес, ол бүкіл қазақтың халықтық музыкасындағы озық туған құбылыс. Ал өзінен бұрынғы және өз заманындағы ән әлемін тегіс біліп, өзінің табиғи аса қуатты дарынына темірқазық етіп, сол ұлан-ғайыр байлықтың заңғарына шыққан, еңлікгүлдей биігіне көтерілген қазақтың ұлы композиторы, алдына жан салмаған әншісі, ерен жүйрік ақыны. Біржан сал мен Ақан серінің аялауымен жетіліп, ерен жүйріктігімен еркелеп өскен Ыбырай – жас кезінен хат танып, ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттен бірдей сусындаған шабысты да табысты дарын. Ақындық пен композиторлық әлімсақтан жаны мен тәні бірге жаратылған етене құбылыс. Осы орайда Үкілі Ыбырай поэзияның жаңаша түрлерін аша біліп, сөз сарасының інжу-маржанымен ән әуенін астастыра білген тапқыр талант. Үздік ән мен ұшқыр ойды ұштастыра біліп, ұшар құсқа қос қанат байлап бергендей ән шығармасына зор мән берген тынымсыз талпыныстың иесі. Ол – әрі керемет ақын, әрі аруақ қонған композитор, қатарынан асып туған үздік әнші. Үш өнері біріне бірі ақ жол тілеп, бірі бірінің алдына шырақ жағып берген ғаламаттан ән жұлдызы — “Гәкку” туып отыр.
Ыбырай жалғыз Гәкку емес, туған халқына көптеген басқа да тамаша әндерін қалдырып кетті. “Гәкку” дегенде қазақтың ұлы әншісі, бұлбұлы атанған, “Гәкку” әнін әлем өнерінің сахнасына шығарған Күләш Байсейітова еріксіз еске түседі. Есмағамбет Ысмайылов: “Күләш Ыбырайдың дарқан әншілігін құрметпен айтып, суретін әйнекпен қаптап үстеліне салып қойған еді”, деп Ыбырай туралы зерттеу мақаласында жазыпты. Халық сүйікті ақынын, “үкілі домбырасын бұлғақтатып өткен дүлдүлін “Үкілі Ыбырай” деп атап кетті, ел сүйіспеншілігінің бұл да бір зор белгісі. Әттең, дейтініміз 1990 жылы ұлы өнерпаздың 130 жылдық тойын бүкіл ел атап өтсе де, мәңгі ұйқыда жатқан жері белгісіз, еш жерде оған орнатылған ескерткіш жоқ. Туған жылын сол ескі есеппен қабылдай берсек, 2010 жылы қазақтың ардагер ұлы Үкілі Ыбырайдың туғанына 150 жыл толады. Осы мерейлі күнге ыждағатты дайындалып, ұлы өнерпаздың есімін мәңгі сақтарлық шаралар жасалар деп билікке де, еліме де сенемін.
| | скачать работу |
Үкілі Ыбырайдың Гәкку әні |