ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ (1846 — 1945)
Другие рефераты
АҚЫН ӨМІРІ
Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы февраль айы екен.Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей болған. Тұрған жеріміз құлазыған кең, жазық дала еді. Сондықтан да мен балалық шағымда егісті де, бақты да, арықты да көрмедім. Жазық кең дала менің Отаным болды. Мен киіз үйде өстім. Сол кездегі барлық қазақ балаларындай мені де көшкенде бесігіммен алып жүрді. Бала кезімде мен тентектеу болдым. Қарттарды да, әкемді де тыңдағым келмеді. Мені қозы бағуға жіберетін, мен бармай қоятынмын. Маған отын тер дейтін — мен тіл алмай қасаратынмын. Менің ағам, әкемнің інісі белгілі домбырашы еді. Мен домбыра тыңдауға әуес едім. Он екі жасымда одан домбыраны үйрендім. Домбыра қолыма тигенде барлық тентектікті ұмытып, бүкіл жан жүйем елжірегендей болатын еді. Менің қой баққым келмеді. Домбыра тартып, ән салу мені қатты қызықтырды. Табиғат маған күшті де жуан дауыс берді. Мен далада ән шырқағанда дауысым бүкіл даланы күңіренткендей сезінетін едім. Он төрт жасымда әкемнен қол үзіп, өзімше күн көруге мықтап бел байладым. Ораза кезінде үй-үйді аралап, жарапазан айтатын болдым. Менің өлеңім жұртқа ұнап, маған сый-сипат көрсете бастады. Он беске толғанда мен атақты ақын Сүйімбай тұратын ауылға келдім. Домбырамды ұстап оның үйіне таяп келдім де, мен әндете бастадым. Өлеңіме риза болған Сүйімбай мені үйіне шақырып алып: — Сенің ақындық дарының бар екен, дауысың да жақсы, ұнайсың жігітім,— деді Сүйімбай. Қарт ақынның тілеуі бойынша мен көптеген әндерді құйкылжыта айтып бердім. Оның біреуін сол үйде отырып шығардым. Сүйімбайдың ақындық шеберлігіне бас иіп, қошеметімді өзімнің жастығым мен тәжірибесіздігімді өлеңге қосып, Сүйімбайды аспан әлемін нұрға бөлеген таң шапағына, жарық жұлдызға теңеп, өзімді ақынның інісімін деп атап, көмегін, қолдауын сұрадым. Ол уәде берді. Бұл менің өмірімдегі еқ бақытты минуттердің бірі еді. Сүйімбай түні бойы ақындық шеберлік жайында әңгімеледі. Сөйтіп мен оның шәкірті болдым, оның өлеңдерін жұртқа тараттым. Тек он алты жасымнан бастап қана мен өз бетіммен жырлауға бел байладым, бірақ көрнекті, тәжірибелі ақындармен айтысқа түспедім. Қазақ даласында айтыста жеңілу—ақынның өлгенімен теқ саналатын. Сондықтан да мен алғашқы кезде тек жас, онша әйгілі емес ақындармен сөз таластырып жүрдім. Мен Шу өзенін бойлап көшіп-қонып жүрген ауылдарды аралап, оларға халық өлеңдерін, ертегілерін, қиссаларын, атақты ақындардық өлеңдерін, өз өлеңдерімді айтып беріп жүрдім. Ғасырлар бойы қалыптасқан жәйт: суырып салма ақын — рулар мен тайпаларды, ру ақсақалдарын, атақты адамдарды, оқиғалардың бәрін білуге тиіс еді. Ол барлық жаңалықтарға үн қосып, жағдайды ескере білуге тиіс еді. Ақын тілінің өткірлігі қысылтаяңда тапқырлығы, тез де ұтқыр жауап беруі арқылы бағаланады. Ол әріптесін күлкі, сықақ уытына бөлеп, өзі байсалды, ұстамды болуға тиіс еді. Мен осының барлығын үйрендім. Қазақ және қырғыз даласының көптеген қарт та даңқты ақындарымен кездестім. Оларды мұқият тыңдадым, үйрендім, солар сияқты болуға әзірлендім. Кедейшілікті көре жүріп,- мен халықты жақсы түсіндім. Мен еңбекші халық жайында ғана шынайы сыр шертетін едім. Ақынның жалған айтып, екіжүзді болмауға тиіс екенін ұғып, тек шындықты жыр еттім. Менің өлеңім самғаған құстай бүкіл Жетісуды шарлады. Ыңыршағы шыққан ат үстінде мен ауылдан ауылға жорттым. Қайғы мен қасірет әнін шырқадым. Мен Жетісуда, Қырғызстанда болдым,. Қарағандыға бардым, Шығыс Қазақстанды қыдырдым. Не туралы жырладым? Мен өзімнің тапшылық көрген, қасірет шеккен халқым туралы, зәбір шеккен Отаным жайында, даңқты батырлар жайлы жырладым. Түні бойы өлең айтып, сыйға тиын-тебен алған күндерім де болды. Осылай бір кезде мен атақты ақын Құлмамбетті жеңдім, сөйтіп, Жетісудың үздік ақыны атандым. Құлмамбетті жеңгендігім туралы хабар Жетісудың шегінен шығып, тіпті бүкіл қазақ ауылына тарады. Осыдан кейін мен көптеген үлкен айтыстарға қатынастым, бірақ жеңіліп көрген емеспін. Сахарадағы жыр — үлкен күш. Дауылды тоқтата алмайтындай, оны ешнәрсемен тоқтата алмайсъің. Байлар мен манаптар менен және менің батыл жырларымнан сескенетін-ді. Елу бес жасқа дейін мен осылай өмір сүрдім, келе-келе нашарлап кеттім. Бұл халге мені кәрілік емес, ауыр тұрмыс душар етті. Кәрі бүркіттей көздерім бұлдырлайтын болды, даусым да бәсеңсіп кетті. Домбыраның орнына қолыма асатаяқ ілікті. Кең сахараның орнына тар төсек келді. Мен семіп бара жаттым, жырлауға дәрменім жетпеді. Қазақтар 1916 жылы патшаға қарсы көтерілгенде ғана күреске шақырған бірнеше өлең айттым, бұлар сахараға тарап кетті. Мен жетпіске келгенде жаңа өмірдің жарық таңын көрдім. Мен Ұлы ‘батыр Лениннің есімін естідім және Қызыл Армияның жеңімпаз салтанатын көзбен көрдім. Менің айналамда өмір қазандай қайнады, алтын түс көргендей мен мұны өзімнің ең жақсы өлеңдерімде жыр еттім. Жаңа күш қосылғанын сезініп, мен тағы да домбыраны қолға алдым! Менің жастығым қайта оралды, мен жыр шерттім. Айналама көз тігіп, мен таныс сахарамды танымай қалдым. Ауылдарды аралап жаңа өмірді жырлай бастадым. Әрқашандағыдай, мен өз халқыммен бірге болдым. Советтік Қазақстанның — қазақтардың бүтін ұрпақтары арман етіп, үздік ақындар жырлаған еркін, тамаша дәуірдің туғанын көзбен көрдім. Мен үшін өмір жаңадан басталды. Жиырма жастағы жігіттей — жап-жас, күп-күшті, тасқынды жігермен жырлай бастадым. Мен колхоз үшін жалынды үгітші болдым. Колхоз жайында жүздеген өлеңдер айттым, олар сахараны шарлады, өйткені бұлар шын жүректен шыққан өлеңдер еді. Мен ертегідегі гүлстаннан да тамаша — Москвада болдым… Совет өкіметі өлеңдерім үшін маған Еңбек Қызыл Ту орденін берді. Мен сол кезде былай деген едім және қазір де қайталаймын: — Мен наградталған жоқпын, Қазақстанның халық поэзиясы наградталды. Мен жыр шертемін, әзірге жүрегім соғып тұрғанда жырлай берем…
Жамбыл Жабаев
1937 жылы бүкіл еліміз Жамбылдың творчестволық қызметінің жетпіс бес жылдығын мерекеледі. Бұл күндері халық ақыны дүние жүзінің көптеген озат қайраткерлерінен құттықтау телеграммалар алды.
1941 жылы Жамбылға мемлекеттік сыйлық берілді. Ұлы Отан соғысы күндерінде Жамбыл өзінің өлеңдерінде Совет халқын Отанды қорғауға, еңбектегі ерлікке шақырды. Совет адамдарының батырлығын, СССР халықтарының мызғымас достығын жыр етті.
1943 жылы майданда Жамбылдың ұлы Алғадай қаза тапты. Бұл жөнінде ақынға хабар жеткенде, ол біраз үнсіз отырып барып, қайғылы хабарға өлеңмен жауап берді. Жамбылдың ақырғы жыры
1945 жылы 9 майда айтылды. Бұл неміс фашистерін біздің халқымыздың қаһармандықпен жеңгендігіне арналған еді. Жүз жасқа небәрі бірнеше ай қалғанда,
1945 жылы 22 июньде Жамбыл дүние салды.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|