Бөкеев Оралхан (1943-1993 жж.)
Другие рефераты
Көрінуші ең көнелердің көзіндей,
Жазғандарың -қара өлеңнің сөзіндей,
Асқақ едің, атақты едің,
Нар едің -
Туған өлкең -өр Алтайдың өзіндей
(С.Тұрғынбеков)
Оралхан Бөкеев 1943 жылы 28 қыркүйекте Катон-Қарағай ауданына қарасты Шыңғыстай ауылында туған.
1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң аға пионер вожатый және Алтай совхозында тракторист болып төрт жылдай жұмыс істеген. 1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекетік ұлттық университетіне сырттай оқуға түседі де, оны 1969 жылы тәмамдап шығады. 1965-1968 жылдар аралығында Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінде корректор, аудармашы, редактордың орынбасары және облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер болған.
1968 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетінің шақыруы бойынша Алматыға келеді, осы газетте мәдениет және ғылым, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып істеді, ал 1974-1983 жылдарда «Жұлдыз» журналы проза бөлімінің меңгерушісі әрі редколлегия мүшесі болған. Өмірінің соңғы күніне дейін «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторлық қызметін атқарады.
Шынында да осы Оралхан Бөкеев деген кім ?
Оның көзі тірісінде де, бақиға аттанған соң да аттандап: «Алтайдың кербұғысы!», «Мұзтаудың мұзбалағы!» деген сынды эпитеттерді қарша боратқанымыз өтірік емес. Әлі күнге Оралхан туралы әңгіме қозғала қалса әлгі эпитеттерді малданып келеміз. Осы астам сөздердің екінші бетіне көп үңіле қоймағанымыз да, үңілуге батпай жүргеніміз де шындық. Үңілуге әрекеттеніп көрелікші.
Бала Орашты, бозбала Оралханды, жазушы әрі қайраткер Бөкеевті танығысы келген кез келген адам оның шығармаларын екі қайтара оқып шықса, сол жеткілікті шығар. Екі қайтара деп отырғаным, жалқы оқумен Бөкеевтің будақ — будақ бу атқылап жатқан иін -иірімдеріне малтығып, тұншығып қаласыз. Оның үстіне екінші қайталағанда Оралханмен ілесіп жеті қат көкті шарлап кеткен көңіліңіз сәл — пәл байсал тартып, жерге түсесіз. Ақбаз дүниенің аппақ тұманының арқасында Орекеңнің жартылай адам, жартылай пері кейіпкерімен бірге адасып жүрген сіз, сансырай шаршағаныңызды сезесіз. Шаршау — салқын қандылықтың өзегі.
Оралхан — жазушылыққа өзін бала кезінен дайындаған адам. Жиырма жасына дейін ел деген, Өр Алтай деген құнарлы да қыз — табиғат өңірдің уызынан қанып ішкен ол, өз санасында сандаған повестер мен сарытап сағыныштарға толы әңгімелердің негізін қалап үлгерген екен. Алтайда жатып асқақ та өршіл дауысымен алты алашты елең еткізген өренді, Алматыдағы қазақ жұртының қаламының желігі бар жастарын құтпан айғыр секілді үйіріне қуып тығатын Шерхан Мұртаза сынды аймүйіз ағасы аяқ- қолын жерге тигізбей астанаға алғызған. Сөйтіп… Қазақтың шоқ жұлдыздарының қатарына мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан, жүрісі де, тұрысы да кербез, жұмбақ, өр де астам, басына сынық түймедей сөз асырмайтын түз тағысы — Кербұғы келіп қосылған….
Орекеңнің үлкен, көлемді шығармаларын былай қойғанда, кез келген ұсақ әңгімесінен туған жеріне, тіпті оның әр бұта — қарағанына деген, жалпы адамзат баласына деген алапат сағынышы аңқылдап тұрады. Сағынышсыз адам — құр тұлып. Ал , Оралхандыкі тым ерекше. Туған жерінің төсінде ойнақтап жүріп — ақ әр тал ағашын, әр тал жусанын мың сан еңірей құшады. Сол от — жалынға оранған алапат сағынышына тым ерте өртеніп кетті ме кім білсін ?
Кез келген өнер иесі туралы әріден әңгіме қозғау барысында біз оның өмірін- дайындық, білімін жетілдіру, даму, өсу кезеңдері деп шартты түрде бөліп, бөлшектеп жататынымыз рас. Осы бір шарттылық шеңберіне Оралхан сыймайтын секілді. Себеп мынада: Оралханның қулық пен сұмдыққа толы қитұрқы өмірдің мәні мен мағынасын әлі толық ажырата алмай жүргенде жазылған шығармалары мен кейіндеу жазылған шығармаларын безбендер болсақ, бірін — бірі баса алтай, итжығыс түсіп жатар тұстары көп. Асылық болмасын, тіпті отызында жазылғандары қырық жасындағы «ағаларынан» өр де өршілдеу екендігін ешкім жоққа шығара алмас. Яғни Оралхан шығармашылыққа өмірдің өзінен дайын келді деген сөз. Оның әдебиет институты да, аспирантурасы да, академиясы да- айналайын ауылы, соның ақеділ адамдары, Өр Алтайы, оның табиғаты болатын. Соған тамсануын тауыса алмай, таңырқауын түгесе алмай көз жұмды. Қат — қат сағыныштрын өзімен бірге ала кетті.
Оралхан Бөкеев шығармашылығының бастауы ретінде «Сарыарқаның жаңбыры» атты ұзақ әңгімесін атап жүрміз. Бәлкім, дұрыс та шығар. Дегенмен, мен айтар едім, «Сарыарқаның жаңбыры» болашақта дауылдатып, селдетіп өтер автордың оқырмандарына, цензураға жіберген «барлаушы» шығармасы ғана деп. Ол онда аспайды, таспайды. Сұлтанмахмұтпен кеудесіне сырыл араласа бастаған бейкүнә ақынмен бірге байсал күй кешеді. Мұңдасады, сырласады. Алғашқы шер шеменінің шетін шығарады. Оны Махмұттың ауызымен айтқызады. Күркіременің бойындағы ай сәулесінен жасыруға қауқары жоқ сирек талдың жанында, бой түзеп қалған балаң бойжеткенге айтқан өзінің асық жырын Махмұттың аузына салады. Бұл — автор мен оның кейіпкерінің тағдырларындағы ұқсастықтан да шығар.
Оралханды өз биігіне шығарған, «Бөкеев — нағыз талант» дегізген шығармасы — «Мұзтау» повесі. Міне, дәл осы шығармасынан бастап Оралхан Бөкеев қоғаммен, оның кереғарлығымен, адамзатқа қасірет әкелетін сойқанды іс — әрекеттермен тайталасқа түседі. Бөкеевтің мәңгіге бітпес айтысы басталады. Міне, осы «Мұзтаудан» басталған қоғам кереғарлығымен Бөкеевтің жекпе — жегі оның қалған ғұмырындағы шығармаларының лейтмотивіне айналғаны рас.
Аршалы. Қазақ жерінің күншығыстағы сіргежинар пұшпағы. Жұрты екі — ақ күнде көр -жерін буып — түйіп бел асып, бошалап кеткен, әдірем қалған мекен. Мылқау шешесімен Ақтан ғана қалған. Тағы да бір Ақтанның мұңдасы, тіршілік иесі бар, ол арса -арсасы шыққан Шағырқасқа. Оның да терісі қанжар жүзіндей боп жұқарған, жүдеген. Мынау мүлгіген мылқау тірліктен Шағырқасқа да әбден зәрезеп болған: алқа салқасы шығып жылағысы, белгісіз бір шулы өмірге күңірене кісінеп еніп кеткісі келетін. Бірақ ондай шылбыр үзер тентектікті Шағырқасқаға кім беріпті ?! Қайта мынау меңіреу тайгадағы өзі салған, өзі мың сан таптаған сүрлеуімен митың — митың тапырақтағанына, тірлік етіп жүргеніне риза болсын. Жылқы да болса өз әулетінің тым жуастығына, тым көмпістігіне іштей қан түкіре налитын. Екі аяқтылардың еркіне көндім дегенің, табиғат берген тәуелсіз тірлігіңнен айырылдым деген сөз. Анау жылы бір тентек суға тойып алған, зәр жіберер долы Екі аяқты мұның көзін шұқып та алған. Шағырқасқа аталып жүргені сондықтан, Шағырқасқа екіаяқтылардың қолынан күніне сан рет жем алып жүрсе де оларға сауырын сипатпайтын бұғы, маралдардың ерлігіне қызығатын, Аршалының самырсынды бір сайында туып, соның ғана төсін дүбірлетіп келе жатқан Шағырқасқаның қиялы да қысыр қалған. Аршалы көгінің көкжиегін көмкерген әнеу бір, қол созым жердегі түкті төбемен шектелген. Шіркін, бұғы — маралдардай тәуелсіз болсам — ау дегенді ғана армандайды
Шағырқасқаның үстіндегі иесі — Ақтан да жалқы. Жалғыз. Жартылай аң, жартылай адам. Табиғилығына түрен түспеген пенделердің соңғы тұяғы. Өрелдегі өңезкеуделердің Аң атап жүргені де сондықтан. Олардың ойынша қулық, сұмдық, аярлық, алааяқтықты меңгермеген жан — Аң.
Ақтанның бар ермегі — ой. Санасына мәңгі тыныштық бермейді. Оралхан өзін шаршатқан, санасын сансыратқан, жауабын табу қияметқайым сандаған сұрақтарын Ақан арқылы жарыққа шығарады. Ақтан мен Аңды пікірталасқа түсіру арқылы жауап іздейді. Жақсылық пен Жамандықтың қансонарда жерді жапқан аппақ қылаудың бетіндегі қатар жатқан, бәсекелес қос із екендігін, жиі -жиі бастары тоқайласқан сәтте шарпысып, шаптығысып тіпті, қантөгіске де баратынын — қолқасына өгіз тобығы тұрып қалғандай өксікпен өреді.
Ақтан — Әділетсіздік пен Аярлықтың ордасы — күлкітоқ қоғамнан қашып, Алтай тайгасының тағылар ғана мекендейтін түкпірінде табиғилығын сақтап қалу үшін жансауғалап жүрген қияли, ойсоқты адам. Совхоз орталығы Өрелге зәуімен бір бара қалса жиреніш те лас өмірден түңіле қашып тауымен, жалғыздығымен еңіреп табысады. Бұл еркіндігі, еркелігі қаншаға созылары бір аллаға ғана аян.
Беу — беу Оралхан — Ақтан — ай , қаншама көз көрмес, құлақ естімес меңіреуге лағып, маңып кеткенімен кесірлік пен кесапаттың күйік сасыған иісі іргесінен үріп жатқанын, ерте ме, кеш пе қолқасын қан түкірте қабарын болжамаған -ау !
Әттең, Оралхан — Ақтан — ай, әр пенде шыр етіп жарық дүниеге келген сәттен бастап — ақ оның тағдырдан жер тоқпағы да, бастан сипар мейірімі де, бағы да, соры да ең аяғы тірліктің мәресі — ажалы да соңынан таяқ тастам жерде еріп отырарың соның көбі екі аяқты адам бейнесінде тапырақтап сүмеңдейтінін ертерек ойламағанын қарашы !
Қайран, Оралхан — Ақтан — ай, адам жатырынан адам болып дүниеге келген екенсің, сол тобырдан қолыңды төбеңе қойып қаншама қашқаныңменен, қаншама саяқтаңғаныңмен сол тобырсыз күнің жоқ екенін неге түсінбейді екенсің. Ажалдан қашқан Қорқыт бабаларың қайда ұзап кетіп еді ?
Адалдық пен Арамдық — егіз ұғым. Ақтан — адалдықтың бейнесін сомдаса, Кан — қулық, сұмдығына сырық байламайиын арамдықтың өкілі. Кан жетесіз емес. Ақтан секілді ауызынан әулиеліктің уызы аңқып тұрған он шақты аңқау да адал жандарды қанжығасына бөктеріп кетеді. Тым зымиян. Тым жады. Тым уытты.
Повесть соңында Арамдықтан сілікпесі шыға орлық көрген Ақтан оның қыр соңына түседі. Арқасына таңып алған, ғұмыр бойы жақ ашпаған мылқау шешесі тұңғыш рет ұлына:
- Құлыным — ай, сол қуды қуып жете алар ма екенсің ?- деп күрсінеді.
Ақтан жетуін жетер, ал оны жеңу үшін өзі де арамдықпен тоятт
| | скачать работу |
Другие рефераты
|