Генерал Сағадат Нұрмағамбетов
Другие рефераты
Генерал Сағадат Нұрмағамбетов
Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 5 мамырда Ақмола облысы, Ақкөл ауданында дүниеге келген, даңқты сардар, Кеңестер Одағының батыры, №1 Халық Қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш армия генералы, тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Қорғаныс министрі. 1924 жылы дүние есігін ашқан адамның алдында қандай азапты кезеңнің күтіп тұрғанын бүгінде бәріміз білеміз. Оның үстіне қатал тағдыр мұны тумай жатып сынағысы келгендей өмірге келуіне бір ай қалғанда аяулы әкесі Қожахметке ауыз салады. Бұл да аз болғандай, арада алты жыл өткенде қос қарашығын бір құдайға табыстап, әке соңынан бақилық дүниеге жан анасы Айса да аттанады. Бірақ бұл кезде бала Сағадат анасының аяулы бейнесін көз алдында, ал оның айтқан әңгімелерін санасында мәңгі жаттап үлгерген еді. Сондай-ақ бала Сағадат батырлар жайындағы әңгімелерді туыс атасы Әлжан ақсақалдан да көп еститін. Әсіресе Қобыланды, Алпамыс секілді батырлардың жауларын ылғи күйрете жеңетінін естігенде ашу-ызаға булығып қалатын. Жалғыз тірегі де, сүйеніші де Сағит ағасын майданға аттандырған Сағадат та басқа өзі құралпы жасөспірімдер секілді майданға сұранумен болған. Өйткені олар да өз елінің патриоттары болып өскен еді. Сөйтіп жүргенде мына жалғандағы ең жақын адамы Сағиттан суық хабар жетіп, төрткіл дүние теңселіп сала берді. Сол түнді көз ілмей отырған ол меселін қайта-қайта қайтара берген әскери комиссариатқа тағы келеді. Бірақ бұл жолы оның жүзін өрт сөндіргендей, көкірегін ашу-ыза керней келді. Ағасы үшін кек алмай, ештеңеден тайынар емес. Әскери комиссар сұңғыла кісі еді, мұны бірден байқады. Сөйтіп, балаң жігіт Сағадат Нұрмағамбетов 1943 жылы сәуірде Кушка қаласындағы Түркістан пулемет училищесін бітіргеннен кейін майданға жіберіледі. Солтүстік Кавказ, Украин және Беларусь майдандарында взвод, рота және батальон командирі болып, Польша жерінде Пилица өзенінің сол жағалауындағы плацдарм үшін болған ұрыста ерекше ерлік көрсетті. 1949 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітіріп, Түркістан әскери округі штабында істеді. 1954-58 ж. мотоатқыштар полкінің командирі, 1958-61 ж. мотоатқыштар дивизиясының штаб бастығы, 1962-69 ж. Қазақ КСР Азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1969-89 ж. Орта Азия әскери округі қолбасшысының 1- орынбасары болды. 1991жылы 25-қазанда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев республиканың егемендігін, аумақтық қауіпсіздігін, қорғаныс және басқа маңызды мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында “Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетін құру туралы” Жарлыққа қол қойып, оның төрағалығына генерал-лейтенант Сағадат Нұрмағамбетовты тағайындайды. Бірақ та бұл комитеттің әрекет ету мүмкіншілігі тар болып, ол әскери құрылыс мәселесін түгелдей шеше алмайтын еді. Сондықтан 1992 жылы 7-мамырда мемлекет басшысының жоғарыдағы комитеті ҚР Қорғаныс министрлігіне қайта өзгерту туралы Жарлығы шығып, бұл нақты, айқын мақсаттарды көздеді. Сол күні Қазақстан Президентінің “Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы” №745 Жарлығы шықты, ол еліміздің Қарулы Күштерін өз бетінше қалыптастыруға негіз қалап еді. Сол Жарлыққа сәйкес С.Нұрмағамбетов Қазақстан қорғаныс министрі болып тағайындалып, өз туған жұртының әскери құрылымын қалыптастыруға бел шеше кірісті. Әрине бұл өтпелі кезең тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштерінің негізін салудағы ең қиын кезеңі еді. Өйткені, әскерлерді орталықтандырылған қамсыздандыру мәселесі тоқтап, әскерден қашу деген секілді жағдайлар кең етек алған болатын. Міне, осындай өте қиын жағдайда тәуелсіз Қазақстанның өз дербес әскерін қалыптастыруға қосқан теңдессіз үлесі үшін 1994 жылы өзінің ата-баба қонысының ең жоғары “Халық Қаһарманының” тұңғыш иегері атанды. Иә, адам бойында сенім атты ұлы күш бар. Осы орайда тек өз бойындағы күш-қуатқа, ерік-жігерге, дарын-қабілетке қалтқысыз, бар жан-тәнімен сене білген адам ғана биік мұрат-мақсат шыңдарына шыға алады. Ендеше, мына ой-соқпағы көп өмірде тек өз күшіне сенгендер ғана үнемі жеңіске жете бермек және Гете айтқандай, “Өмір үшін кім қорықпай майданға шыға алса, өмір сүруге соның ғана толық қақы бар”. Олай болса ғұмыр бойы халқына қалтқысыз қызмет етуді, Отан қорғауды кәсібіне айналдырған даңқты батыр, қолбасы Сағадат Нұрмағамбетов ел-жұрты алдындағы перзенттік парызын абыроймен атқарып шықты деп айтуға әбден болады.
Сағадат Қожахметұлы Ленин, 2 Қызыл Жұлдыз, 1,2- дәрежелі Отан Соғысы, Қызыл Ту, “Құрмет белгісі”, Октябрь революциясы, “Отан” ордендерімен, медальдармен, шетелдердің орден, медальдарымен марапатталған.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|