Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Мысыр пирамидалары: қаланған ба, әлде құйылған ба?

ткен адамзат, дәлірек айтқанда, құдыретті перғауындар келер ұрпаққа өсиет ретінде адамзат тарихын осылайша таңбалап кеткен болуы керек. Пирамидалар толық зерттеліп болған жоқ. Егерде кейін ол жерден бұрын ешкім байқамаған құпия бөлмелер, ол бөлмелерден адамзаттың шежіресі табылып жатса, таңқалмас едім. Келер ұрпаққа арналған шежіре мен өсиет. Ол ұрпақ жердің адамы бола ма, әлде ғарыштан келетін басқа адамзат тайпасы бола ма – айырмасы жоқ. Әйтеуір саналы тіршілік иесіне жолданған хат.
– Ғарышта тіршілік бар деп ойлайсың ба? – дедім мен.
– Мен ғалымдарға таңқалам, – деді Ерік тағы бір шылым тұтатып, – Жердің орбитасына шығарылған телескоптардың есептеуінше, аспанда миллиондаған галактика, триллиондаған жұлдыздар мен планеталар бар көрінеді. Осынша шетсіз-шексіз дүниеде тіршілік жоқ деп қалай айта аласың? Сол сансыз планеталарды аралап келіп барып, көз жеткізіп барып айтқан абзал болар. Ал аспанға қарап тұрып, «Жерден басқа планетада, бүкіл ғарышта тіршілік жоқ» деп айта салу, надандық болып саналады. Әрине, Чарльз Дарвин тіршіліктің шығу тегін дәлелдемек болған, тіршілік күрделене келе маймылдан адам пайда болды дегенді айтады. Бірақ, дарвинизм – көп теорияның бірі ғана. Ал біз, жерді мекендеп жатқан адамзат, ғарыштың қай түкпірінен келгенімізді білмейміз. Қайсымыздың қай жақтан келгенімізді білмейміз.
Мен қайран қалдым.
– Оны қалай түсінуге болады?
– Менің ойымша, жердің халқы әр ғарыштан келген түрлі тайпалардан құралған, – деді Ерік, – Болды, енді осымен бұл тақырыпты доғарайық.
…Шамамен осы кезде мен өнертапқыш Сейілбек Қышқашевпен танысқан едім. «Заман – Қазақстан» қазақ-түрік газетінде орыс бетінің редакторы қызметіндемін. Бұл Қазақстан егемендік алып, орыстілді баспасөз мемлекеттік тілге қарсы күрес бастаған кез. Әрине, қазақ баспасөзі, қазақ журналистері бұндай «құбылыстарға» жақсылап жауап береді. Бірақ, орыс пен қазақ мәдениеті, екеуі екі тілде өрістегеннен кейін, бір-бірімен жанасауы қиын. Қазақ баспасөзі не жауап жазса да орыс оқырманына жетпейді. Ал олар ойындағысын айтып отыра береді. Міне, осы кезде орысқа орысша жауап берген екі адам болды. Біріншісі – Алдан Айымбетов, ал екіншісі – осы Сейілбек ағамыз еді. Орыс газеттеріндегі материалдарға ертесіне-ақ жақсылап жауабын беріп, артынша жауапқа тартылып, қисапсыз соттарда шыңдалған Сейілбек ағамен 1997 жылы танысып, араласа бастадым. Араласа келе, оның қазақ қоғамының қорғаушысы ғана емес, тамаша өнертапқыш екеніне де көзім жетті. Бірде, кезекті сотта итжығыс түсіп, редакцияға қайтып келіп, түстен кейінгі шай үстінде отырғанбыз. Журналист қыз-жігіттер әңгімелесіп отырып, ақыры пирамида тақырыбына ойысқан. Әңгімеге мен де араласып, Ерік досымнан естігендерімді айттым. Сейілбек аға елең ете қалды.
– Ойпыр-ай, мынауың бір данышпан адам болды ғой.
Содан соң қулана жымиып алды да, – Ертең жұмыста бол, бір нәрсе көрсетем, – деді.
Ертеңіне түске қарай келген ол сөмкесінен бір жарым литрлік пластик шишаға құйылған қанқызыл сұйықты суырып алды.
– Бұл не? – дедім мен.
– Кейін айтам, – деді Сейілбек аға, – Оймақтай ғана ыдыс керек.
Сол жерде басқа шишаның қақпағын алды да, күрең сұйықты меймілдете құйған. Редакцияның ішін әлдебір қышқыл иіс алып кетті. Қақпақты менің үстелімнің үстіңгі бос тартпасының түкпіріне қойып, еппен жапты.
– Құлыпта, – деді содан соң, – Үш күнге дейін ашпа. Өзім келем. Бәрін түсіндіріп көрсетем.
Үш күннен кейін келіп ашқанда, о керемет қақпақтың ішінде тас қатып тұр екен. Сейілбек аға бәкісін алып қақпақты кесіп тастады да үлкен таблетка сияқты дөңгелек қызыл тасты қолыма ұстатты.
– Бұл не ғажап? – деп сұрадым.
– Бұл гранит, – деді Сейілбек аға, – Сенің әнеукүнгі досың айтқан ерітілген тас осы. Мен бұны осыдан төрт жыл бұрын таптым.
– Енді былай, – деді кеудесін кере демалып, – Мен қайткенде сенің сол досыңмен танысуым керек. Міндетті түрде. Мені ертіп апар. Жолықтыр. Ағалық өтінішім.
– Өй, жарайды, – дедім мен, – одан оңай нәрсе жоқ. Ол өте қарапайым адам. Сіздей адаммен танысқанына ол қайта қуанады.
Жайнаған көктемнің кезі еді. Сейілбек аға екеуміз «Қырғауылдыдан» түсіп, Райымбек ауылына жаяу тарттық. Ерік әдетінше жұмыстан келіп, демалып жатыр екен. Екеуі танысып, аздан соң, бірін-бірі бұрыннан білетін адамдай шүйіркелесіп кетті. Мен тыңдаушы ғана болып отырдым.
– Ерікжан, – деді Сейілбек аға, – Пирамиданың ішінен адамның шашы табылғаны жайында мен де оқыған едім. Содан соң түрлі тәжірибе жасай бастадым. Уксуспен, басқа заттармен. Кейіннен жер бетінде бірде-бір өсімдік синтездей алмайтын уксустың бір түрі бар екені жайында оқыдым. Ол уксусты жылқының сүт бездері ғана синтездей алады екен. Осыдан кейін мен қымызбен тәжірибе жасай бастадым. Биенің сүті, қымыз, жалпы, сүт атаулы қасиетті нәрсе ғой, жасаған тәжірибелерімді құдай кешірсін.
– Тәжірибелер кезінде қанша қымызды құртқанымды құдай біледі, – деді Сейілбек аға, – Ал мынау ең соңғы нәтиже. Әрқайсысына он екі литрден, 24 литр қымыз кетті.
Ерік екі шишаны да айналдырып көрді.
– Керемет, – деді ойлана, – Міне, тасты осылай еріткен ғой. Пирамидалардың жанынан балшық айдайтын қырманға ұқсас өте үлкен бассейндер табылған. Оның не үшін екенін ешкім де айтып бере алмады. Ойымша бұл, сол тас ерітетін бассейндер.
Содан соң досым өнертапқыш ағаға сауал тастаған.
– Ал, Сейілбек аға, бұл ашқан жаңалықты не істедіңіз? Патент алдыңыз ба?
– Қайдағы патент, – деді Сейілбек аға қолын сілтеп, – Бардық, патент тіркейтін жерде бір «кісі» отыр. Сөзімді тыңдап болып, өзімді тәлкек қылды. Бұның не керегі бар, қазір гранитіңнің әкесіндей небір бетонның түрлері бар. Ол бетонды, тіпті, теңіздің суы тоздыра алмайды дейді. Жаңалығыңды қолтығыңа қыс та, қайқай деді. Міне, біздің патенттің сиқы.
– Адамды мезгілсіз ажалдан құтқарып, оның өмірін ұзарта алатын ұлы шипа тапқаныңызды ол бейбақ қайдан білсін, – деді Ерік шылымын сораптап отырып.
Сейілбек аға көзі жарқ етіп Ерікке қараған.
Сөз соңы: Алдияр аруағыңа ет пен қымыз!
– Қазақтар ертеде неге ұзақ жасаған? – деді Ерік, – Өйткені, қымыз ішкен. Әрине, байырғы тарихтағы қазақ азаматы әдетте майданда өлетін болған. Бірақ өлмей, әлдеқалай аман қалған адам өте ұзақ жасайтын болған. Үш жүзге келіп өлген Майқы, жүз тоқсанға келіп өлген Сыпыра жырау… жүзден асып, жүз он, жүз жиырмаға келу – қазақ үшін әдепкі нәрсе еді. Жүзден асып өлген аталарымызды көзімізбен көрдік. Міне, осының бәрі – қымыздың құдыреті.
– Дұрыс айтасың, – деді Сейілбек аға, – Әрине, қазақ бұрын ауырмаған. Өйткені, бала жасынан қымыз ішкен, ет жеген, ағзасы, бүкіл организмі тап-таза. Әжелеріміз айтушы еді, пәлен атамыз, түген бабамыз жасы жетіп өлгенде, мәйіті сәбидей буланып, нұрланып жатушы еді деп. Қымыздың құдыреті.
– Себебі, гранитті еріте алған қымыз, адамның бүйрегіндегі құм мен бауырына байланған тасты, атеросклерозға ұшыраған адамның қан тамырларын бітеп баттасып тұрған холестерин, бәрін күл-талқан қылып ерітіп, су қылып ағызып жібереді. Сондай-ақ, сыртқа айдап шығуға адамның өз ағзасының күші жетпей отырған небір зиянды өңез, ішек құрттарын да қымыз оп-оңай қырып салады, ағызып жібереді. Зияндыны жояды, пайдалыны күшейтеді. Қымыздың құдыреті осында, – деді Ерік, – Ал ағзасы осындай тап-таза, тамырларын кернеп нұрлы, шипалы қан аққан адам ұзақ жасамағанда қайтеді.
– Қазақ бұрынғыдай саба-саба қымыз іше алмайды, – деді Сейілбек аға, – Бірақ, мен тапқан дәріні нашарлау қымызға, айранға қосып, тіпті жай суға тамызып ішсе де әсері тамаша. Осыны айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне де бардым. Онда отырған «кісі» тыңдап болып, ыржиып, қолымды қысып құттықтады да, шығарып салды.
– Себебі, медицина қазір фармацевтиканың қолжаулығына айналды, – деді Ерік, – Бұрын дәрі өндіру саласы медицинаға бағынатын. Енді, керісінше, медицина дәрі өндіруге бағынады. Сіздің тапқан дәріңізді қабылдаса, онда шет елдің бауыр тазалап өт айдайтын, бүйрек тазалайтын дәрілерінің керегі болмай қалады. Өнертапқыштың, әсіресе, қазақ сияқты елдің өнертапқыштарының тағдыры осы.
Екеуі түні бойы отырып сөйлесті. Ертеңіне қалаға қайттық. Сейілбек аға жүзі нұрланып жол бойы автобустың терезесінен сыртқа қарады да отырды.
– Өзіңмен пікірлес адамды кездестірген қандай жақсы, – деген еді ол қоштасып тұрып, – Жақсымен өткізген бір күнің – жылға тең. Бірақ, ол күнде бола бермейді ғой.
Содан бері пәленбай жыл өтті. Сейілбек аға да, Ерік досым да баяғыда көз жұмған. Кей-кейде әртүрлі істің бабында жүріп сол бір ғажайып кешті, екі тірі гений, тірі данышпанның бірін-бірі қалай құрметтеп, сыйласқанын есіме түсірем. Көңілім біртүрлі босап қалады. Иә, екеуі де өмірде жолы болмаған, тауы шағылған адам еді. Бірақ, екеуі де туған елін жанындай жақсы көрген, қазаққа қашан да болсын деген адал перзент еді. Жатқан жерлері жайлы болсын дегеннен басқа не келеді біздің қолдан. Тәмәм.
Т. Әсемқұлов
(Рим мен Спартактан басталып Сейілбек Қышқашевпен аяқталған хикая)

1234
скачать работу

Мысыр пирамидалары: қаланған ба, әлде құйылған ба?

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ