Сәкен Иманасовтың шығармашылығы
Другие рефераты
Әлемдi билейтiн - сөз, сөздi билейтiн - ақын. Талантпен, талғаммен қоса табандылықты, азаматтықты қажет ететiн ақын болу - қиынның қиыны. Азаматтық жоқ жерде ақындық та жоқ. Төлеген Айбергенов:
Ақын болу оңай деймiсiң, қарағым,
Аузында болу бұл өзi дүниедегi барлық жараның, - деп бекер айтпаса керек.
«Дүниеге бiр жарықшақ түссе алдымен жүрегi жараланатын» (Гейне) аймүйiз айтулы ақынның бiрi - Сәкен Иманасов. Ол ақындық философиямен:
Хан қызығып қарағандай,
бай күндеп,
Ақындар ек,
Арыстандай айбатты ек.
Қынабынан суырылған қылыштай,
Өлең жазу болды қашан жай мiндет?! - деп жырлайды. «Ұлықтың сөз ұқпайтынын бiлсе де, естi бiрi ойланар ма?» деген оймен ел iшiнiң аужайын айта алған «кермедегi асаудай аласұрып жүрегi», ылғи да «ауылды аңсап тұрады». Сұңқар қиясын, торғай ұясын сағынады. Сенка айтқандай, туған жерiн ұлы болғандықтан емес, отаны болғаны үшiн сүйедi». Расул Ғамзатов былай дейдi: «Ұлтын ойламаған адамның қамын ұлты да ойламас болар». Сәкен Отанын сүйетiн ұлтжанды ақын. Содан да Сәкен ақынның тұрақты тақырыбы - ауыл, ең көп жырлағаны - туған жер, оның сұлу табиғаты.
Алакөл ана-көлiн ертегiден жаралған жүрегiнiң желкенiне теңеген ақын: «Армысың, атамекен, ақ самайым қолаңшаш қарағайлар, патша қайың» деп шалқиды. Өлеңнiң мазмұнын қарасөзбен баяндау қандай қисынсыз болса, жұлдызды жұлмалап, үзiк үзiндiмен шектелу де сондай қиянат. Ұнатқаныңды тұтас көшiру де әбестiк болар. Осының бәрiн салмақтап, саралай келе, Сәкен ақынның ауыл жайлы жұлдызды жырларының бiреуiн үзiп-жұлмай бiрге оқып, бiрге тұшынайық қадiрлi оқырман.
Ел жаққа кетiп барам де…
Сәлем айт онда бәрiне.
Өзi де келiп қалар де,
Жолыққан жасқа, кәрiге.
Достарға жете «қағынып»,
Саласыңдар-ау бiр «гөләйт».
Менi де бәрi сағынып,
Сағынып қатты жүр деп айт.
Арнайы сәлем ауылға,
Айта бар осы барғанда.
Тұрған шығар да тауым да,
Шалқая қарап жалғанға.
Қарттарым қанша бар елде,
Тартпаған менсiз таңда дәм.
Бәрiне менен сәлем де,
Сағынып жүр деп жан балаң.
Сәлем айт көрсең қылаң
Жазатын сирек хат қана.
Көтерiп менi ызғыған,
Сәлем айт ақбоз атқа да.
Ақбозым жүзiп су iшкен,
Өзенге сәлем Тентектей.
Сәлем айт досқа туыс пен,
Әр сөзi болған ертектей.
Сәлем айт туған далама,
Теңiзге табан тiреген.
Көзiңдi қырға қада да,
Оқып бар менен бiр өлең.
Сағынып қанша өртенгем,
Жайым жоқ шалқып, шалқаяр.
Барып та қалам ертеңдер,
Бәрiне сәлем айта бар.
Өзi де мұнда құмар де,
Кетпейдi деп айт тегi елден.
Осында келiп құлар де,
Айырса құдай өлеңнен!..
«Ауылға сәлем» айтты осы бiр жыр жолдары сезiмнiң нәзiк пернелерiн шебер шертiп тұрған жоқ па? Ақын Сәкен: «Ол жақта өзгешелеу атады таң, әйтеуiр өзгешелеу батады айың» деп суреттеген ауылға, неткен кербез өңiр, керiм аймақ деп таңғаласың. Атын алсақ аударып демейтiн жаны жомарт, жалы биiк адамдарға таңдай қағып тамсана қарайды. Ақын айшықты сезiмдермен ажарлы айт¬қанындай:
Сол жақта ғой, жаным-ау,
Серi жiгiт, перi қызы.
Сол жақта ғой пейiш те,
Перизат та, бекзат та!
«Тақырыбым - махаббат елге деген» деп ақынның өзi айтқандай елi мен жерiн емiрене сүйiп, егiле, төгiле жырлаған, адам атын асқақтатқан замандастар бейнесiн сымбаты бөлек сұлу сөзбен сомдапты. Соның мықты бiр мысалы деп ақынның «Халқыма», «Iңiр», «Жаулауда», «Басқадан орны бөлек бiр тұлғасың», «Ағам бар едi» т.б. көптеген көркем туындыларын айтар ек.
Арнау өлеңдер де ақын шеберлiгiне сын. Құрғақ мақтау, құр даттаумен кейiпкер портретi жасалмайды, жалаң сөзбен оның жан дүниесi ашылмайды. Сәкен Иманасов өзi өлең арнаған кiсiнiң сыртқы тұлғасы мен жан дүниесiн жарыстыра суреттеп, бүкiл бiтiм-болмысын өлеңнiң өн бойына он алты өрiм қамшыдай жымдастыра өредi. Бiр ғана мысал: Жақсылықтың барлығы болсын дейтiн өзiме, сөйте жүре кiсiнiң несiбесiн қызғанбас» ақын аға, жанымызға жақын аға Тұманбай Молдағалиев жайлы:
Өмiрi де жайдары, көңiлi де жайдары,
Келе жатыр килiкпей кикiлжiңге қайдағы.
Жауына да жұдырық сiлтеп
көрген жерi жоқ,
Ақ қағаздың үстiнде аяқталып майданы, - деп басталатын жыр:
Өкiне ме, кiм бiлген,
Текке бiр күн өттi деп.
Өлең-жырдың нөсерiн
күркiрете төктi-ау кеп,
Үлгi бола бастаған ұлыға да, кiшiге
Өзi де бiр асқақ ән,
Өзi де бiр тектi әулет!
- деп аяқталыпты. Бiз бiлетiн, ел бiлетiн Тұмағаң ақын ажарлы айтқандай, «аңқылдап жүрген» өлең жазып, жыр арнапты.
Сәкен Иманасовтың ақындық ерекшелiгi, бәлкiм, көп қаламдастарынан артықшылығы деп оның өлеңдегi, өмiрдегi өзгеше өрлiгi мен батылдығын, батырлығын айтар ем.
Ар алдында мен өзiмдi әрдайым,
Дар алдында тұрғандай-ақ сезiнем,
- деп жан дүниесiн жайып салған ақын:
Шындық үшiн шайқасудан бiр талмай,
Айтарымды айтам елге бұлтармай.
Бас кетсе де тұра алмадың үндемей,
Жалғандықты жалға өзiм құртардай.
Ендi осылай өтер өмiр, өтер күн.
Шындық үшiн не болса да көтердiм,
- деп жырлайды. Ақын жыры - жан сыр. Ең бастысы, бұл қыздырманың қызыл тiлi емес, ақын Сәкен Иманасовтың кредосы, керек десеңiз бұл оның стихиясы, жаратылысы. Содан да өмiрдiң күнгейiн сүйе бiлген ақын оның «Ұлығы да сұйылып, сыйқыңды алып, Қылығы да барады қиқымдалып» өткiрдiң көлеңкесi мен күнгейiне, өтiрiгi мен өксiгiне, озбырлығы мен әдiлетсiздiгiне күйе де бiледi. Ақынның «аш арыстан секiлденiп, аласұрған көңiлi», «керуен бiткен керi айналып кейде, ақсақ түйе алға түскен кезеңде», «тексiзi мен бетсiзiн тайраңдатқан заманда», «ұлылардың үнi де ит үргендей болмады» деп ащы шындықты ашына айтқан ақын:
Жарымаған жақсыға,
Кiлең ғана бiлгiштер,
Қылмыскерi сақшы да,
Сақшылары қылмыскер,
Азғындаған қызына
Ақыл айтқан «жүргiштер»
Бұл неткен ел, неткен ел?
Жақыны жоқ өкпелер,
Жауы да жоқ өкпелер,
Ұры-қара әкiмi,
Ақынында жоқ бедел,
Бұл неткен ел, неткен ел?
Аярлықты айла дер,
Қараулықты пайда дер,
Су жүректер мекенi,
Апыр-ау, бұл неткен ел,
Апыр-ау, бұл қандай ел?!
- деп аһ ұрады. «Абайдан ұлы санап әкiмдердi, қаншама тiлiмiзге зақым келдi» деп ащы да болса ашығын айтқан ақынның азаматтық позициясын оқушы да қолдары зайыр.
Тәттi өтiрiктен ащы шындық артық. Соны бiр кiсiдей бiлетiн Сәкен Иманасовтың: … малды саттық тiгерге тұяқ қалмай түп-түгел, арды саттық,
Ендеше сатылмаған не қалды?! - деп әлеуметке салауатты сауал қоюы да орынды.
Халқы үшiн «жүрегiн жұлып алып алау қылған», «әр сөзi бiр қаралық» ақын:
Бiр басымның мұңы емес торығарым,
Елдiң қамы едi ғой қорымағым,
Жамау болсам деушi едiм жыртығына,
Жөнi мәлiм жұртымның соры қалың,
- деп жыл өткен сайын, жоталанып, тұлғаланып барады. «Бәрiне де жүрегi шыр-шыр етiп, бәрiне де қабырғасы қайысатын» сөйте тұра өмiрде де, өлеңде де өр, қайсар ақындық қайталанбас хас таланты мен оқушы көңiлiн өзiне бұрғызбай қоймайды.
Сәкен Иманасовтың тағы бiр ақындық ерекшелiгi-өмiрдiң әртүрлi көрiнiстерiнен ой түйiп, оны сымбатты бөлек сұлу сөзбен жүрегiне жеткiзе алатындығында. Бұған «күзгi аспанның қалың бұлтын жамылып сыңсыған «Жалғыз тырнасы», «тоғайда топ қасқырға кездесе қап, соңғы рет қанды майдан ұрысқа кiрген», «иттiкке итке те болса жеңдiрмеген», «Арланның ажалы» атты жұлдызды жыры дәлел.
Қазақта ғана емес бүкiл әлемде махаббаты жырламаған ақын жоқ. Шығыстың Фирдоусиi мен батыстың Петраркасын ақын еткен, оқушы жүргiне жақын еткен де махаббат! Пушкин: «Я помню чудное мгновенье десе, Фет: «Ты передомной стоишь как божество» деп жырлады. Хакiм Абай айтқандай: «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» О.Генри: «Тот еще не жил полной жизнью, кто не знал бедности любви и войны» деп тегiн айтпаған. Мұның терең сырын өмiрдiң өзiнен iздеу керек. «Жаз етiп жiберген қыстың күнiн сүйетiнiне:
Жалғанда жалғыз билеп еркiңдi де,
Басайын өртiңдi де, дертiңдi де,
Көркiңдi қыз бiткеннен асырайын,
Жалғансыз махаббатым - сертiм мiне, деп жыр арнайды ақын.
Сәкен:
Естiлiп қалар ма деп бiр үнiң,
Аңсай күттiм телефонның шырылын.
Күт менен келемiн ғой, дүние-ай,
Күтумен-ақ өтер ме екен ғұмырым? деген жалтаңы жоқ жан сыры оқушыға да ортақ.
Ал серi көңiл Сәкеннiң:
Жатқанмен арамызда
қанша мүшел,
Шәрбатым сен бе деп ем аңсап iшер,
- деген де ақынға сыйымды, ақылға қонымды. Себебi Сәкен ақын тап басып, тамаша айтқандай:
Қыз дегенiң сұлулық!
Сұлулыққа
Сұқтанбау мүмкiн емес.
Мен бұл мақалада жасы жетпiске келiп, жетiлiп, әбден пiскен ақын, толысқан талантын, тапқыр теңеулерiн мысал келтiрiп, оқушының уақытын алғым келмейдi. Әйтсе де, бiрде мұңлы, бiрде күйлi, бiрде ойлы, бiрде отты ақының өзiнiң көңiл-күйiне, өлеңнiң екпiнiн, ырғақ өрнегiне сай келiстi сөзбен кемел ойлар айта бiлетiн шеберлiгiне сүйсiнгенiмдi атап айту әдiлеттiлiк деп бiлемiн.
Сәкен Иманасов - ең алдымен ақын, Азамат! Қарасөзбен жырлаған тақырыптары да, көсем сөздерi де аз емес. Аударма еңбектерi өз алдына бiр төбе. Өмiрбаянына қарап отырып, сан биiк лауазымды қы
| | скачать работу |
Другие рефераты
|