Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Сырбай Мауленов



 Другие рефераты
Балалар әдебиеті кейіпкерлерінің тіліндегі көріктеуіш тәсілдер Балалар әдебиетіндегі жалқы есімдердің қолданыс аясы Қадырғали Жалайыр Қожа Ахмет Йассауи

Көзінің тірі кезінде-ақ қазақ әдебиетінің классик ақындары қатарынан орнықты орын алған Сырбай Мәуленов шығармалары осы күннің өзінде де ешкімді бей-жай қалдырмасы хақ. Оның сырлы да нұрлы, қысқа да нұсқа өлең жолдары Сырбайға тән шеберлікпен шендесіп, қазақ жырының үздік үлгісіне айналды.

Осындай өзгеге ұқсамайтын өзгеше ақынның өзіне тәнті шәкірттері де аз болған жоқ. Мен де солардың бірі болғандықтан, Сырағаң туралы сыр сабақтап, ой толғағанды жөн санадым. Және оның әлдеқашан ел таныған ерекше ақындығына емес, көп адам біле бермейтін бөлекше болмысын сомдауға күш салдым. Ең алғаш көрген күннен бастап ерекше есте қалған толағай тұлға туралы тебіреніп, толғанбау әсте мүмкін емес.

Әңгімемді Сырбайды алғаш көрген сәттен бастайын.

1963 жылдың мамыражай мамыр айы. «Торғайда халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің 60 жылдық мерейтойы тойланады екен” деген хабар ел ішінде желдей есе жөнелді. Сол жылдарда жырдың тай бәйгесінде жүрген Кеңшілік екеумізді де елең еткізді бұл хабар. Ол кезде Торғайдан тоқсан шақырым жердегі Ақшығанақ ауылында тоғызыншы сыныпта оқимыз. Құлағымыз да, көзіміз де – Торғай жақта. Оның үстіне бұл тойға Алматыдан өзіміз баспасөз арқылы өлеңдерін күнде оқып, жырларын жадымызда жаттап жүрген сүйікті ақындарымыз Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбеков келеді екен деген сөзді естіген соң тіптен жарғақ құлағымыз жастыққа тимеді. Арманымыз – Торғайға барып, атақты ақындарды өз көзімізбен көру. Бірақ, екі арада қатынап жатқан көлік жоқ, жаяу жүрудің тағы да жөнін таппадық. «Енді, ертең той…” деп дегбіріміз кетіп тұрғанда, Торғайға жүретін бір шөп тиеген мәшине тап бола кетті. Кімнің көлігі, кімнің шөбі екенінде шаруамыз жоқ, жүргізушісі бір үйде шай ішіп отыр екен. Кеңшілік екеуміз мәшинеге ыңырана тиеген шөп үстіне ырғып мініп, ортасын ойып, орнығып алдық. Шөптің үстіне шыққан кісі болмаса бізді көріп, байқауы мүмкін емес. Біраздан кейін, жүргізуші мәшинені оталдырып, орнынан қозғалып кетті. Кеңшілік екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Бірімізді біріміз құ­шақтап, мәшинедегі шөп аударылып кетпесе, аман-есен Торғайға баратынымызға әбден сенімдіміз. Бірақ, мәшине жүргізетін кісі көрінген жерге тоқтап, шәй ішеді, қымыз ішеді. Асығып-аптығатын түрі жоқ, тіпті ішімізді пыстырғаны сондай, көбірек тоқтап қалған жерде Кеңшілік екеуміз мәшинеден түсіп, аз-кем көлеңкеде отырып, көлігімізге қайта мінеміз. Өстіп жүріп, түннің бір уағында Торғайға жеттік-ау, әйтеуір. Кеңшілік екеуміз сол түні бір туысқанның тауық қорасында түнеп шықтық.

Ертеңіне Торғайдағы ескі клубқа ел-жұрт көп жиналды. Түске таман Нұрхан тойы басталып та кетті. Ығы-жығы адамдардың толқыны бізді залдың бір бүйіріне қарай ығыстырып тастады. Зал іші сілтідей тынған. Бір кезде аудандық газеттің сол кездегі жауапты хатшысы, жергілікті ақын Назарбек Бектемісов бұл жиынның мән-жайын баян ете келіп, ортаға Нұрхан Ахметбековті шақырды. Осыдан бірер жыл бұрын сал ауруына ұшырап қалған ақынды екі жігіт екі жағынан қолтықтап, сахнаға шығарды. Арнайы жабдықталған отырғышқа отырғызды. Сол кезде Назарбек: «Сөз баяндама жасау үшін Алматыдан арнайы келген Сырбай Мәуленовке беріледі” десін. Зал іші жылқы өргендей дүр ете қалды. Шатырлаған шапалақ. Халық тікесінен тік тұрып, Сырбайды зор қошаметпен қарсы алды. Ортаға бір алып арыстан шыққандай әсер етті. Бұйра шашы бұрқырап тұр. Бас бітімі де, тұтас денесі де ешкімге ұқсамайтын ойқы-шойқы. Көзі де, мұрны да, тіпті құлағы да ешкімге ұқсамайтын секілді. Біртүрлі бітімі бөлек тұлға. Тіпті үстіне киген киімінің өзі олпы-солпы. Кеудесі аяққаптай, алқам-салқам. Шалбарының өзі өтектелмеген, қыртыс-қыртыс па қалай, әйтсе де мынау денеге солай кимесе жараспайтын тәрізді.

Көрінген қалпында қолайсыз қозғалып келіп, мінбеге мініп алды. Иығындағы ауыр басты қиналып қозғағандай, сәл еңкейген кеудесін әрең көтерді. – Уа, ардақты ағайын! – деген алғашқы сөзі күннің күркіріндей естілді құлаққа. Содан дауылдатып, жауындатып, тасқындатып әкетті дейсің. Алдында ауыр қозғалған дене бітімі енді дегеніне тез көніп, жанарынан от шашып, томағасын сыпырған қырандай құйқылжиды. Кейде тұяғымен жер тарпып, ауыздығымен арпалысқан тұлпарға ұқсайды. Кейде арғымақтай ағындап, біраз жерге дейін бауырын жазып бір сілтеп алады да, артынша аз аялдап, аяғын алшаң басқандай баяу күй кешеді. Содан кейін қайтадан ағындайды, қайтадан арындайды. Сөз дегенің тау суындай төгіледі. Сондағы санада қалған мына сөздер әлі күнге жадымда:

– Нұрекең алпысқа алқынып келген жоқ, шарқ ұрып келді. Нұрекең алпысқа еңбектеп келген жоқ, еңбекпен келді. Алпысқа келген Нұрекеңе Алматыдан Алатаудың алып бір шыңын көтеріп алдына қойсаң да артық емес. Алайда, біз ақын көңілі көктемдей болсын деп әзірге иығына көк шапан жабамыз…

Зал іші ұзақ дүрлігіп барып әзер тынды. Ара-арасында «Жарайсың, Сырбай, мың жаса!” – деп рахмет айтқан разы дауыстар естіліп жатты. Сөйтіп, біз Кеңшілік екеуміз аз күнде ертегідей ғұмыр кешіп елге оралдық. Сол кездегі әсерден арыла алар емеспіз. Көпке дейін тамсана әңгімелеп жүрдік. Сырбайдың күндей күркіреген үні құлағымыздан кетпей қойды. Тіпті келе-келе сол дауысты сағынатын болдым. Сырбайды көргім келеді. Үнін естігім келеді. Алматыны аңсап, астанаға баруды армандаймын. Гүжілдеп, арыстандай ақырып өлең оқып тұрған ақын кіреді түсіме.

Бір күні тағы да жолым түсіп, Торғайға келгенімде, аудандық газетте істейтін туысқан ағам Сабыржан Шүкіровтің үйінен Сырбайдың дауысы жазылған үнтаспаға тап келдім. Әдетте мұндай күйтабаққа ән-күйлер жазылатын еді. Мынау тұтастай Сырбай жырлары. Магнитофонға қосып көріп ем, о, ғажап, сонау күнгі өзім естіген Сырбайдың сырнайдай дауысы, сиқырлы үні, сазды жыры. Құлақ құрышым қанбай қайта-қайта тыңдай берем. Сол баяғы ғажайып әуен, қазыналы жыр. Өзім аңсап жүрген сағыныш сазы.

Ақ түн, ақ түн,

Алып бір ақ сауыт.

Ақбоз аттың

Жалындай ақша бұлт.

…Ақ түн ағады,

Петрдің ақ атындай

Аспанды жабады

Аққудың қанатындай.

Осылай бірінен-бірі асқан сиқырлы шумақтар жалғасып кете береді. Келесі өлеңі алғашқы махаббатынан сыр сабақтайды.

Сен мені ойладың ба,

Түсімде көрдім.

Тобылдың қойнауында

Тобылғы ішінде көрдім.

Жүрмеймін көтермесең,

Деп маған еркелейсің,

Өтірік «кетем” десем.

«Кетпеші, ерте” – дейсің.

Дейсің сен: – «Ұрсып анам,

Жөнімді сұрады”, – деп

– «Болдым-ау, қырсық саған”, –

Деймін мен жылағым кеп

Сен мені ұнатасың,

Мен сені ұнатамын.

Кетпеген балалығы,

Кейпіңді ұнатамын.

Сен мені ойладың ба?..

Тыңдаған сайын тыңайып, рахат күй кешесің. Өзің де кейіпкердің болмысына айналып бірде мұңайып, бірде қуанасың. Балаша мәз боласың. Жігіт боп жымыңдайсың. Сенің де басыңнан өткен бір хал. Жазғың келеді. Бірақ Сырбайша түсініп, Сырбайша сомдай алмайсың. Сенің жазбағаныңды ол жазды, соған разы боласың. Күйтабаққа жазылған жырды күнде тыңдай отырып, өзім де Сырбайша толғап, Сырбайша жырлайтын күйге түстім. Тіпті дауысымды да ұқсатып, Сырбайдың мақамына салып өлең оқитын болдым. Содан ба екен, ел ішіндегілер мені «Бала Сырбай” деп атай бастады. Бірақ, Алматыға бірден барудың сәті түспеді. Мектеп бітірген соң аудандық газетке қызметке орналасып, Торғайда тұрақтап қалдым.

Бір күні аудандық газетте тілші болып істеп жүрген маған, радиохабарларын тарату міндеті қосымша жүктелді. Демек, жарты сағаттай аудандық радиодан сөз сөйлеп, хабар беруім керек. Мәскеуде компартияның съезі өтіп жатқан кез. Сол кездегі «Социалистік Қазақстан” газетінің бірінші бетінде Сырбай Мәуленовтің өлеңі көзіме оттай басылды. Санама бір ой сап ете қалды. Дереу радиодан хабарлап жібердім. – Съезді насихаттау сапарымен туған жер – Торғайға Алматыдан арнайы ақын Сырбай Мәуленов келді. Микрофон алдында Сырбай Мәуленов, – дедім де, әлі күнге дейін жадымда жатталып қалған сол өлеңді Сырбайдың дауыс ырғағына салып оқи жөнелдім.

Москва.

Март таңында.

Съездер сарайының нарт залында

Отыр Ленин.

Президиумның арт жағында…

Радио торабы байланыс бөлімшесінің үйінде орналасқан. Хабарды тәмамдап тысқа шықсам, Торғайдағы Сырбайдың жақын туыстары – Мырзалы Өтепбаев, Ғалым Сомтеміров сынды белгілі азаматтар есік алдында тұр. Алдымен Мырзалы Өтепбаев гүж ете қалды. (Оның да дауысы Сырбайға ұқсайтын).

– Мына Сырбайға не болған?! Үй таппағандай бірден радиоға келіп, қайда өзі?! – дейді маған. Мен сасқалақтап қалдым.

– Сырекең Алматыда ғой, – деппін.

– Қайдағы Алматы. Жаңа ғана осы Торғайға кеп, радиодан өлең оқыған жоқ па?! – деп сөзге Сомтемірдің Ғалымы араласты.

Мен қателік жасап алғанымды енді білдім. «Сырбайды тауып бер” – деп мыналар дігірлеп тұр. Ылғи сайдың тасындай ірі кісілер. Жалпы, Сырағаңның ата-тегі шежіре бойынша Арғынның Аю деген атасынан тарайды. Айтса айтқандай, атына заты сай, «Аюдан тараған тұқым ылғи денелі, тұлғалы болып келеді. Бұл жөнінде Сәбит Мұқановтың «Алыптың адымы” деген кітабында Сырбайдың әкесіне байланысты бір әңгімесі бар. Онда Сырағаңның әкесі Тай деген кісі Қызылорданың базарын аралап жүреді. Тым ұзын, екі иығына екі кісі мінгендей, еңгезердей кісі болған деседі. Базардағы жұрттың бәрінен биік көрінген кісіні біреу «Бұл кім?!” деп сұраса керек. Сонда жанындағысы: «Бұл – Арғынның Тайы!” депті. Сонда жөн сұраған кісі таңданы­сын жасырмай: апырай, Арғынның тайы мынандай болғанда, құнаны қандай болды екен! – депті.

Сондай ірі кісілер, міне, «аюдай ақырып” радио торабының алдында Сырбайды тосып жүр.

12
скачать работу


 Другие рефераты
Железин ауданы
Основные этапы развития психологии, основные направления развития зарубежной психологии ХIX - XXвв
Политический портрет Витте
Д.И.Менделеев


 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ