Тіл мәртебесі ұлықталды
Другие рефераты
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Қазақ тілі – ана тілі» атты байқау өткізілді. Қазылар алқасын комитет төрағасының орынбасары С.Нұрлыбай басқарып, Тілдерді дамыту басқармасы, Руханият орталығының қазақ тілінің оқытушылары төрелік етті.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Тілден артық қазына жоқ, тілден артық қасиет жоқ», С.Сейфулиннің «Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңбайды…» деген қанатты сөздері сайыстың ұраны болды.
Сайыста комитеттің орталық аппаратындағы үш басқарма қызметкерлері өзара өнерлерін ортаға салды. Әр басқарма өз топтарын құрып, топтың атын, ұранын, киімдерін дайындап, ал топқа кірмегендері сол топтың белсенді жанашырлары болып табылды. Олар: «Оқжетпес» (ұйымдастыру-кадр жұмысы бөлімі), «Мен қазақпын» (арнайы есепке алу басқармасы), «Талдау тарландары» (талдау жұмысы және құқықтық реттеу басқармасы).
Байқаудың бағдарламасы Абай өлеңдерінен, «Қара сөздерінен» үзінді оқу немесе әндерінің бірін әуенімен орындау, мақал-мәтел, қанатты сөздер жарысы, жаңылтпашты жаңылмай қайталап айтып беру, сауатты жазу, «Ойлан, тап» сияқты әртүрлі бағытты қамтыды. Сонымен қатар қызметкерлер арасында Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» заңнан сұрақтар қойылып, жедел және дұрыс жауап беруге басты назар аударылды.
Өте тартымды бөлімнің бірі – комитет қызметкерлері арасындағы айтыс өнері болды. Әу демейтін қазақ жоқ демекші, мұның көпшілікті бір сілкіндіріп алғаны – өз алдына бір тақырып. Комитет көлемінде «Тіл білгірі» болып жас маман Шөкенов Әлімжан Хабидоллаұлы танылды. Ол өз кезегінде басқармалар арасындағы тіл мәселесін тілге тиек етіп, шешендік танытты.
Байқау барысында қазылар алқасы әр бөлім нәтижесіне көңіл бөліп, әділ бағасын беріп, сайыс кезінде болған кемшіліктерді сынға ала отырып, оны келешекте болдырмауға нақты бағыт беріп, ұстаздық кеңестерін айтып отырды.
Кештің соңына қарай «Құжат үлгісін жазу» мемлекеттік тілдегі құжат айналымынан болған жарыс сарапталып, «Өнері өрге озған…» атты еркін тақырыпқа ұласып, әр топ өз өнерлерін ортаға салды. Дегенмен заңгер мамандардың жан-жақтылығы айқын байқалып, қазақ тілінің басқарма қызметкерлері арасындағы қолданылу аясының кеңіп, жастардың мемлекеттік тілге деген оң көзқарасы мен құрметінің артып келе жатқанын, болашаққа үлкен үміт сыйлайтынын атап кеткен жөн.
Қорытынды баға беру кезінде топтың ұйымшылдығына, тапқырлығына, әр топтың киіміне, топ жанашырларының белсенді қолдауына көңіл бөлініп, 1, 2, 3-орындарға және аталымдар бойынша мадақтамалар мен ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. Байқау қорытындысында Әділхан Туғанбеков – «Қазақ тілінің жетік маманы», Зауыр Әлімжанов – «Өнері өрге озған…», Сабина Жұманбаева – «Мәнерлеп оқу шебері», Ләззат Сүлейменова – «Ең белсенді қатысушы» аталымдары бойынша марапатталды.
Марал ЖИДЕБАЕВА,
ҚР Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі
комитетінің бас маманы
| | скачать работу |
Другие рефераты
|