Батыс Қазақстан облысы
Другие рефераты
Жаңақала ауданы
Айболат айдын. Бұл – аудандағы көл атауы. Атау осы көлді жайлаған адамның есіміне байланысты қойылған. Айдын – аудандағы көл атауы. Айдын сөзі жалпытүркілік сипатқа ие. Белгілі түркітанушы А.М.Щербак «айдын» сөзінің этимологиясына төмендегідей анықтама береді: Айдын – айлы түн. Ай сәулесінің түнде су бетіне түсіп, шағылысқан жарығы су бетін жарқыратып, түбінде жатқан ай суретінің көрінісін беретіні осы топонимнің пайда болуына негіз болған.
Ақеділ айдын – көлдің аты. Ақеділ атауы түркі халқының ежелгі қонысы саналған Еділ өзенімен байланысты берілген. Бұл атау көне түркілерінің соңғы көсемі Еділдің (Атилла) құрметімен аталған. Қазақтар өзінің малы мен жанына пана болған атамекенді үнемі еркелетіп, ол атауларға «ақ» сөзін қосып, «Ақ Еділ», «Ақ Жайық» деп атаған.
Бесқалмақ. Облыс аумағында қалмақтар мен қазақтардың арасындағы күрделі қарым-қатынастың кейбір белгілерін сипаттай алатын қалмақ сөзінің қатысымен жасалған топоним. ХVІ-ХVІІ ғасыр арасында Жоңғар хандығы нығайып, жаңа жерлерді басып ала бастады. Ойраттардың торғауыт князы Хо-урлюк 40 мың үймен ХVІІ ғасырдың 20-жылдары Сібірдің оңтүстік шекараларына жетіп, 30-жылдары Жайықтан өтіп, Еділ өзенінің сағасына қалмақ хандығын құрады. Қалмақтардың қазақ хандықтарымен көршілес орналасып, соның нәтижесінде соңғысының тыныштығының бұзылып отыруына, яғни қазақ даласының қалмақтар тарапынан дүркін-дүркін шапқыншылыққа ұшырап отыруына патшалық Ресей ерекше мүдделі болды. «Қалмақтардан зәбір көрген қазақ хандықтары орыс патшалығының қоластына тезірек кіреді» деп есептеді. Батыс Қазақстан даласы арқылы қалмақтардың өткендігін, олардың қазақ жерінде шапқыншылық жорықтарын жасап тұрғандығын, қазақтардың қалмақ басқыншыларына ойсырата соққы бергендігін және тағы басқа оқиғалар туралы мәліметтер беретін облыс топожүйесінде «Қалмақ қыры», «Бесқалмақ», «Қалмақшағыл», «Қалмақ», «Қалмаққырған» топонимдері кездеседі.
Борық. Бұл елді мекеннің атауы – фитотопоним. Борық – қамыстың тамыры, ақ түсті, жұмсақ әрі тәтті болып келеді. «Борық» сөзі қазіргі тілімізде сирек қолданылады. Қазақ тілінде «борықтай» деген теңеу бар. Бұл сөз әйел адамға байланысты айтылады. Қазақ «борық» сөзі арқылы оның денесінің ақтығын және тағы басқа қасиеттерін сипаттауға тырысқан.
Жаңақазан. Бұл – елді мекеннің атауы. Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлау саясаты негізінде бір кездері аудан аумағында татар отбасылары көшіп келіп, Сарыөзен бойындағы шұрайлы жерлерді иемденіп, қоныстана бастайды. Соның нәтижесінде олар қоныстанған ауыл «Новая Казанка» деп аталған. Кейін осы атау «Жаңақазан» болып өзгертілді.
Казарма. Еділ-Жайық аралығын ғасырдан астам қоныстанған торғауыт қалмақтары 1771 жылы Жоңғарияға көшеді. Осыдан кейін орыс патшасы 1794 жылы Жайық орыс-казактарына жаңа бекініс шебін белгіледі. Оның төрі Сарыөзеннің Сарыкөлсамарға құяр тұсындағы Глинянск бекінісі болды. 1813 жылы Орал әскери кеңесі өз билігімен Сарыөзеннің батыс жағалауын, яғни Қамыссамар жерін өз меншігіне айналдырды. 1866 жылы Глинянск бекінісінен Оралға дейін әрбір 30-35 шақырым сайын бекеттер орналастырды. Казарма – сол бекіністердің бірі.
Қамыссамар – ауданның оңтүстік батысындағы Нарын құмына қарай орналасқан көл, құрамына бірнеше шағын көлдерді біріктіретін ірі су бассейні. Бұл – «қамыс» және «самар» детерменативінің бірігуі арқылы қалыптасқан гидроним. Самар детерменативінің шығуы төңірегінде бірнеше пікір бар. Е.Қойшыбаев бұл сөзді көне тілдеріндегі жұрнақ деп санайды. Алайда ғалымның бұл пікірімен келісуге болмайды. «Самар» сөзінің жұрнақ емес, керісінше, көне түркі тілдеріндегі су нысанына қатысты географиялық термин екендігіне дау жоқ. Бұл сөздің көне түркі тілдеріндегі географиялық термин екендігін оның таралу аймағы да дәлелдейді. Ресейдің Самара қаласының атауы да осы сөз негізінде қалыптасқан. С.Аманжолов көне түркі тіліндегі «самар» сөзін «су бассейні» деп түсіндірсе, кейбір ғалымдардың пікірі «самар» сөзі астау мағынасын білдіреді» дегенге саяды. Астау мен су бассейннің беретін ұғымы – бірдей. Сондықтан қамысы қалың, су құятын үлкен астау тәрізді көл «Қамыссамар» деп аталған.
Мұқыр – аудандағы өзен және елдімекеннің атауы. Мұқыр – Қазақстанда да, Моңғолияда да кездесетін атау. Моңғол тілінде «мохоо» сөзі «қысқа», «мұқыл», «тұйық» мағыналарын береді. Демек, гидроним «қысқа өзен», «тұйық өзен» ұғымын білдіреді. Мұқыр өзені – қысқа өзендердің бірі, ұзындығы 30 шақырымнан аспайды.
Сарман. Бұл да – елді мекеннің атауы. Сарман – татар тілінен енген топоним. «Сарман» сөзі татар тілінде мифтік ұғымға байланысты айтылады. Халық арасында жынның атын Сарман деп атаған. Татар ауыз әдебиетінде «Шақырайын шалғайдан сарманымды» деген тіркес осы ұғымға байланысты айтылған.
Тоқсоба – көл және елдімекеннің атауы. Тоқсоба – Кіші жүздегі Байбақты руының бір бөлімі. Сырым батыр «Жайық өзенінің оңтүстік-батысын басқа ұлт өкілдері басып алмасын» деген мақсатпен осы жерлерге байбақты мен алаша руының біраз бөлігін әкеліп қоныстандырғаны белгілі. Солардың арасында Сырым батырдың өзі шыққан Тоқсоба бөлімінің өкілдері да бар болатын. «Тоқсоба» топонимі сол тарихи оқиғаның негізінде қалыптасқан.
Жәнібек ауданы
Басқұншақ – аудандағы елді мекен. Көршілес Ресейдің Астрахан облысында «Жоғары Басқұншақ» деген атау бар. Осы екі топоним бір негізден қалыптасқан.
Борсы – аудандағы көл және елді мекен. «Борсы» атауы бұл жерде тура мағынасында қолданылып, көл суы ағынсыз болғандықтан жаз айларында борсып кететіндігін көрсетіп тұр.
Қалпақ. Бұл – елді мекеннің атауы. «Қалпақ» сөзі облыстағы татар, башқұрт халқын атау үшін де қолданылады. Бұл атау олардың баскиіміне байланысты қалыптасқан. Казталов ауданында «қалпақ» деген ру бар. Олар – Е.Пугачев көтерілісін қолдаған башқұрт халқының батыры С.Юлаевпен бірге келген башқұрттар. Көтеріліс жеңіліске ұшырап, оған қатысушылар жазалана бастаған кезде, оңтүстік аудандардағы қазақтардың арасына сіңісіп кеткен. Жергілікті халық оларды «қалпақтар» (қалпақ кигендер) деп атаған. Кейін осы атау оларды бөлек ру ретінде тануға негіз болды.
Зеленов ауданы
Көшім – аудан жерімен ағатын өзен атауы. Сібір хандығының соңғы билеушісі Көшім ханның атына қойылған гидроним. ХІV-ХVІІ ғасырларда Алтын Орданың құрамынан бөлініп шыққан Ноғай ордасы, Сібір хандықтары біржола ыдырағаннан кейін, осы мемлекеттердің құрамындағы қазақ рулары қазіргі қоныстанған жерлерінде өз хандықтарын құра бастайды. Хақназар хан қазақ хандығының құрамына Жайықтың сол жағасындағы жерлерді, ноғай ұлыстарының біраз жерін қосып алады. Көшім ханға қарсы тұру үшін өзбек ханы Абдоллахпен одақтаса отырып, Хақназар хан бұрын айырылып қалған Сауран мен Түркістан қалаларын қайырып алады. «Оңтүстіктен Хақназар ханнан, батыстан Ермактан қысымшылық көрген Көшім хан өмірінің соңғы кезінде Ноғай ордасын паналаған» деген деректер бар. Көшім өзенінің атауы осы деректерді растайды.
Дайындаған
Молдияр СЕРІКБАЕВ, өлкетанушы
| | скачать работу |
Другие рефераты
|