Экваторлық Гвинея
Другие рефераты
Экваторлық Гвинея, Экваторлық Гвинея Республикасы – Орталық Африкадағы мемлекет. Негізінен Атлант мұхитының батысындағы Гвинея жағалауында орналасқан. Материктік бөліктен (жалпы атауы – Мбини) және аралдардан (Кориско, Биоко, Аннобан, Үлкен және Кіші Элобей, т.б.) тұрады. Жер аумағы 28 мың км2. Халқы 486 мың адам (2001). Астанасы – Малобо қаласы (Биоко аралында). Халқы негізінен фанг, буби, бенга, комбу, ленге, бухеба, дуала, фернандино, т.б. этникалық топтардан тұрады. Ресми тілі – испан және француз тілдері. Тұрғындарының басым бөлігі христиан дінінің католик және протестант тармақтарын, сонымен қатар ислам дінін, дәстүрлі наным-сенімдерді ұстанады. Мемлекет және үкімет басшысы – президент. Жоғары заң шығарушы органы – халық өкілдері палатасы. Әкімшілік-аумақтық жағынан 7 провинцияға бөлінеді. Ұлттық мерекесі – 12 қазан, Тәуелсіздік жарияланған күн (1968). БҰҰ-ның (1968), Африка Бірлік Ұйымының (ОАЕ) мүшесі (1968). Ақша бірлігі – Африка ақша қауымдастығының франкі.
Материктік бөлігі таулы қыратты (биіктігі 1500 м.) Жағалауы тегіс. Биоко және Аннобан аралдары таулы, жанартаулы, топырағы құнарлы. Биоко аралында елдің ең биік жері – Малабо тауы (3008 м.) орналасқан. Климаты ылғалды, экваторлық. Орташа айлық температурасы 24 – 28С. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлш. 2000 мм, аралдарда 2500 мм. Басты өзені – Мбини. Латеритті күлгін топырағында мәңгі жасыл экваторлық орман өседі. Ормандарында 150-ден аса бағалы ағаштардың түрі (майлы және кокос пальмасы, нан ағашы, темір ағашы, окуме, ірі жапырақты кайя, Клайн аккумеясы, т.б.) өседі. Жануарлар түрлеріне өте бай: піл, леопард, киік, елік, ақ тиін тұқымдастар, қолтырауын, әр түрлі маймылдар, т.б. кездеседі. Кен байлықтары – алтын, мұнай, табиғи газ, уран, тантал, темір, колумбит, боксит. Монте-Райсес ұлттық саябағы мен Пико-де-Санта-Исабель қорығы ұйымдастырылған. Бұл аралдардың ежелгі және орта ғасыр тарихы жөнінде жазба деректер жоқ. Экваторлық Гвинеяның Масиас-Нгуэма-Биега аралын португалдар алғаш 1472 жылы ашты. Аралдарды отарлау 1592 жылы басталып, 18 ғасырға дейін олар Португалияның басқаруында болды. 1778 жылы Испанияның қарамағына көшті. 19 ғасырда испандар Фернандо-По аралында (қазіргі Биоко аралы) какао-боб ағашын өсіруге арналған плантациялар құрып, онда жұмыс істету үшін Батыс Африкадан құлдар әкелді. 1827 – 1833 жылдары Биоко аралын ағылшындар жаулап алып, 1843 жылы Испания оны өзіне қайтарды. 1900 жылы оған елдің қазіргі материктік бөлігі Мбини қосылып, аралдар мен материктік аумақ Испан Гвинеясы деп аталды. Жергілікті буби тайпасы басқыншыларға қарсы бірнеше рет қарулы көтеріліске шыққанымен жеңіліске ұшырап, құнарсыз таулы жерлерге ығыстырылды. Дегенмен, жергілікті тұрғындар 1937, 1947, 1959 жылдары ірі бас көтерулер жасады. 1959 жылы елде алғашқы саяси партиялар құрылды. Осы бас көтерулер мен жергілікті саяси партиялардың қызметі нәтижесінде 1964 жылы елге ішкі автономия мәртебесі берілді. 1968 жылы тәуелсіздік алып, Экваторлық Гвинея республикасы деп аталынды, алғашқы президент сайлауы өткізілді. 1970 – 1979 жылдары елде әскери диктатура орнап, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлап кетті. 1979 жылы әскери төңкеріс болды. Билікке әскерилердің келесі тобы келді. Бірақ, ұзаққа созылған әскери диктатура елді қайыршылыққа және экономикалық құлдырауға алып келді. 80-жылдардың аяқ кезінен бастап ел аумағында мұнай қоры табылып, Экваторлық Гвинеяға шетелден инвестиция тартыла бастады. Көп ұзамай ішкі және сыртқы күштердің қысымымен 1991 жылы жаңа конституция қабылданып, 1995 жылы ішінара өзгерістер енгізілді. Экваторлық Гвинея – экономикасы дамымаған аграрлық ел. Шаруашылығы негізінен – егіншілік және ағаш дайындаудан тұрады. Соңғы жылдары елде мұнай өндірісіне байланысты кірістің мөлшері күрт өсті. Соған қарамастан жергілікті халықтың хал-ахуалы нашар күйінде қалып отыр. Биоко аралында плантация шаруашылық дамыған. Аумағының 65%-ы орман. Шағын ағаш өңдеу, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, май зауыты (майлы пальмадан), керамикалық бұйымдар шығару, жиїаз жасау жақсы дамыған. Ішкі қажетті өтеу мақсатында маниок, күріш, арахис, ямс, қант қамысы, көкөніс өсіріледі. Мал шаруашылығыны нашар дамыған. Мүйізді ірі қара, қой, ешкі, шошқа өсіріледі. Су айдындарынан балық ауланады. Өзендерінің гидроэнергетикалық потенциалы мол. Басты теңіз порттары – Бата, Малабо қалалары. Экспортқа какао, бағалы ағаш түрлерін, кофе, майлы және кокос пальмасын, банан, темекі шығарады. Импортқа мұнай өнімдерін, өндіріс жабдықтарын, құрал-жабдықтар, кемелер, қайықтар, электроника, азық-түлік әкеледі. Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы мөлшері шамамен 3600 АҚШ долларына тең. Негізгі сауда серіктестері: АҚШ, Испания, Франция, Италия, Нидерланд, Камерун, Либерия, Нигерия. [1]
Пайдаланылған әдебиет
-
Қазақ энциклопедиясы, 10 том;
| | скачать работу |
Другие рефераты
|