Қазақстанның ең ежелгі қаласы
Другие рефераты
Қазақстанның ең ежелгі қаласы
Сонымен жылқы жылының күзінде Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойы өткізіледі. Бұл жөнінде дүниежүзілік құзырлы ұйым ЮНЕСКО шешім қабылдаған болатын. Осыдан екі жыл бұрын түркі дүниесінің, қазақ мемлекетінің рухани астанасы Түркістанның 1500 жылдығы тойланған болса, ендігі кезек Таразға келіп отыр. Ал Тараз - әлемге ежелден Үлы Жібек бойындағы сауда-саттығы дамыған, салмақ өлшеу құралы — таразы ойлап табылған шаһар қолөнер, керамикасы, алтын, күміс, зергер бұйымдары, сұлу ару қыздары, қайтпас қайсар жауынгерлері, ғұлама, ойшылдары, ақындары арқылы белгілі қала еді.
Тараз қаласының іргетасы қаланғанына шынтуайтына келгенде биыл дәл 2040 жыл толады. Бұл жайында Қытайдың 6000 жылды қамтитын «Цянь-хань-шу», яғни «Кейінгі Хань әулетінің тарихы» деген жылнамада жазылған. Оны алғаш орысшаға қысқаша аударған Ресейдің қытайтанушы монах-сопысы Н. Бичурин болса, осы елдің тағы бір ғұламасы Л.Н. Гумилев өзінің «Таласская битва Зб-го года н.э.» деген мақаласында Талас өзенінің жағасында ғұн билеушісі Чжи-чжи біздің жыл санауымызда бұрынғы 42-41 жылдары тұтқын Рим легионерлерін пайдалана отырып, кент салғызғанын жазған еді. Талас өзені жағасында салынған сол қала әуелі Талас аталып, 892 жылы Бұқарадан қалың әскермен келіп, жаулап алған Исмаил Самани билігінен кейін ортағасырлық тәжік тілінің «р» мен «л» дыбыстарын алмастыра айтатын әсерімен Тараз аталып кеткен.
Талас қаласы және оның тұрғындары талай тарихи оқиғаларды бастан өткізді. «Талас» деген сөз санскрит тілінде, сол тілден бастау алған соғды тілінде «су», «өзен» деген мағынаны білдіреді екен. Ата-баба түркілер санскрит тілі негізінде сөйлейтін парсылармен кемінде 3 мың жыл аралас-құралас болғаны белгілі. 568-ші жылы Византия императоры Юстианның елшісі Земарх түркі қағаны Естемиге келгенде қаламыздың атын грекше Талас деп жазған екен. Бұл елші түркі қағанына Визатияның Иранға қарсы одақтасуды ұсынғаны, бұл ұсыныс құп алып, түркі әскерлері эфталиттердің-ақ ғұндардың қаласы Яссының (қазіргі Түркістанды) жаулап алған. 751 жылы шілде айында Талас өзені жағасында қытайлықтар мен араб әскерлері шайқасқанда да біздің ата-бабаларымыз — түркілер мұсылмандар жағына шығып, Ислам дінін жаппай қабылдағаны да аса зор оқиға болды. Осы соғыс араб жылнамаларында Талас соғысы немесе Атлах шайқасы деп жазылған.
Талас қаласы түркештердің, қарлықтардың, кейінірек қарахандар әулеті шыққан яғмалардың үлкен саяси орталығы, астанасы болды. Бұл жерде «көшпелі» деген мағынаны білдіретіндігін айту керек. Атақты академик В.В. Бартольд яғмалардың кейінгі мұрагерлері жалайырлар болды деп жазған. Бұл жөнінде Кдзақ Совет Энциклопедиясының 12 томыдағы «яғма» деген сөздің мағынасы туралы мақаладан білуге болады.
Қарахандар билігін 1212 жылы әуелі найман ханы Күшлік, пұтқатабынушы қара қытайлар, ең соңында Хорезм шахы Мұхаммед құлатты. «Қарахан» деген атау — кейбіреулер ойлайтындай адамның аты емес, ұлы хан деген мағынаны білдіретін ежелгі түркі лауазымы. Бұл жайында қашқарлық ғұлама бабамыз Махмұд XIғасырда өзінің «Түрік сөздігінде» жазып кеткен. Қарахандар әулеті -атақты ақын Фердаусидің «Шахнама» атты ұлы эпосыда Тұран мемлекетінің қолбасшы билеушісі Афрасиабтың ұрпағы екен. Ал Афрасиабтың түркіше өз аты — Алып Ер Тоңа. Осы қарахандар әулетінің егізін қалаған Афрасиаб — Алып Ер Тоңа біздің жыл санауымызға дейінгі 626 жылы Иран патшасы Кейқысыраудыңалдауынан уландырылып өлтірілген. Алып Ер Тоңа — Афрасиабты жоқтау жыры қашқарлық Махмуд ғұламаның «Түрік сөздігінде» келтірілген. Профессор Мекемтас Мырзахметов пен шығыстанушы Ислам Жемекен бұл жайында кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жазған болатын. Мұның өзі қазақтың жоқтау жыры, батырлар туралы эпостарымыз, сондай-ақ ежелгі Талас-Тараз тарихының тамыры 3000 жылға кететіндігін дәлелдейді.
Таразды қарахандар билеген кезден сақталған Әулиеата Қарахан (шын аты — Шамахмуд, 1059 жылы опат болған — бұл туралы ол шығарған соңғы күміс теңге дәлел бола алады), Айша бибі, Бабажы қатын ғимараттары, су ағатын қыш құбырлар, мошалар, ата-бабаларымыздың өркениетті жоғары болғандығын дәлелдейді.
1219 жылы Тараз қаласы Шыңғыс хан әскерлеріне қарсылықсыз берілгендіктен «гобалық», яғни «жақсы қала» аталған екен. Шыңғыс хан әулеті билеген кезеңнен Тараз қаласында Шамансур-Дәуітбек кесенесі сақталған. Тараз қаласын Моғолстан заманында Йанги әрі Тараз деп атаған.
Ежелгі қаламызды жоңғар жолаушылары 1723 жылы жермен жексен етіп қиратқан. Сонымен Тараз атауы тарихтан сызылғандай еді. 1774 жылы Талас өзенінің жағасына Абылай хан қала тұрғызып, оны өзінің ұлы Әділ сұлтанға билетті. Осы жайында Абылай ханның шөбересі, атақты ғалымымыз Шоқан Уәлиханов өзінің «Абылай» атты мақаласында атап көрсеткен болатын. Бұл қала Әулиеата аталды. Осы арада кейбір тарихшыларымыз Әулиеата қаласын қоқандықтар салды деп жаңсақ айтып жүргендігін айта кету керек. Рас, қоқан мемлекетінің тағына би атауынан бас тартып, хан лауазымен алғаш отырған Әлім 1799-1809 жылдары арасында қазақтың Түркістан Шымкент сондай-ақ Әулиеата қаласын жаулап алған. Бұл туралы өзбек тарихшысы Молла Әлім Махмуд қажы 1914 жылы «Түркістан тарихы» атты өзбекше жазған кітабында атап көрсетеді. Бұл дерек тарихшымыз Е. Бекмахановтың «Казакстан в 20-40 годы XIXвека» деген монографиясынан келтіріліп отыр (ҚазМУ баспасы, 1992 ж., 158-159 бб.). Осы өзбек тарихшысының шығармасында Әділ сұлтан Әулиеата қаласын қайтарып алумен бірге Ташкентке де билік жүргізуге әскери жеңіс нәтижесінде ие болғаны, бірақ кенеттен 1815 жылы көз жұмғаны да айтылады. Тек Әділ сұлтанның қазасынан кейін ғана Қоқан хандығы Әулиеата қаласын екінші рет жаулап алып, 1826 жылы Наманган көшесін, қамал-қорған салады. Бұдан туатын қорытынды: Әулиеата қаласын қираған Тараз орнына салып, ең ежелгі шаһарымыздың үзілген тарихи жібін қайта жалғастырған ұлы ханымыз Абылай екендігін халқымыздың және жат жұрттардың зердесіне жеткізу.
Әулиеата қаласын 1864 жылы полковник М.Г. Черняев басқарған орыс армиясы қоқандықтардан күшпен тартып алғаны белгілі. Бұл жорыққа штабс-капитан Шоқан Уәлиханов, Жетісудан атақты Сұраншы батыр, Рүстем сұлтан Аспандиярұлы, Меркіде Сыпатай батырдың ұлы Пірімқұл, Құланнан Бәйетұлы Құдайберген, Әулиеатадан Байзақ датқа ұлы Ақмолда батырбасы, басқа да қазақ-қырғыздың талай белгілі адамдары қатысқан. Әулиеата соғысында орыс армиясың бейбіт халыққа қарсы зеңбіректер қолдануынан көп адамдар шығын болды, олардың арасында Рүстем сұлтан да қаза тапты. Оның сүйегі Ташкентке, нағашысы Төле би мазарының қасына апарылып қойылды. Шоқан Уәлиханов мұндай жауыздыққа қарсылық білдіріп Әулиеатадан Алматыға қайтып кетті. Әулиеатаны азат етуге қатысқан Ақмолда батырбасы-орыс армиясының капитаны, Құдаберген — майор алғандығы архивтен мәлім.
Әулиеата қаласы - Мирзоян, артынша Жамбыл есімдерімен аталып, 1997 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен ежелгі Тараз атауына ие болды.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|