Кузнецов Павел Николаевич (1909-1968 ж.ж.)
Другие рефераты
Павел Николаевич Кузнецов Шығыс Қазақстан облысы Үлкен-Нарын ауданының Солдатово селосында 1909 жылы 7 тамызда шаруа семьясында дүниеге келді. Оның балалық шағы Өскеменде өтеді. Алдымен приходтық, кейін Семейдегі 2-басқыш мектепте оқып білім алған. Әдебиетпен ерте айналысқан Павелдің «Бұлбұл», «Түc» атты өлеңдері балалар журналында жариялана бастайды.
Ол көп ізденеді. В.Маяковский, Д.Бедный сияқты көрнекті ақындардың шығармаларын оқиды.
1920 жылдың аяғынан журналистік қызметте болады. Республикалық «Ленинская смена» газетіне келген соң жас ақынның қаламы ұшталып көпке таныла бастайды.
1930 жылдары Павел Кузнец, Павел Залетный деген лақап атпен жарияланған мақалалары мен суреттемелері, очерктері мерзімді баспасөзден жиі көрініп жүреді. Осы жылдары жас ақын Волга бойына келіп досы М.Иванусьев-Алтайсиймен бірге Самарада жергілікті газетте істеп, әдеби өмірге белсене араласады. Осында оның үш кітабы шыққан. Жаңа мекен қанша жақсы әсер еткенмен ақын туған өлкесін ұмыта алмай, 1935 жылы Қазақстанға оралады.
1937 жылы «Казахстанская правда» газетінде қызмет істейді. Ал 1938-1941 жылдары «Литература и искусства Казахстана» журналының редакторы болған. Сол жылдары ол Талдықорған қызылша өсірушілерінде, Семей мен Ертіс бойында, Қарағанды кеншілері арасында болып, жаңа жырларына жаңа тақырып тапты.
Павел Кузнецов Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысты. 1941-1943 жылдары 8-ші гвардиялық дивизияның «За родину» газетінің редакторы қызметін атқара жүріп, жауынгерлердің ерлігі жайында очерктер жазады.
1943 жылдан «Правда» газетінің тілшіcі қызметін атқарды. Сол жылдары халқымыз ақын қаламынан туған «Совет Одағының батыры И.В.Панфилов», «Алматыдан Берлинге дейін» (1945ж.) очерктер жинағы мен «Солдат дәптері» (1944ж.) атты өлең кітабын жылы қабылдады. Бұл шығармалардың қаһарман кейіпкерлері даңқты қолбасшы И.В.Панфилов, полковник Б.Момышұлы, соғыс ардагерлері М.Ғабдуллин, В..Клочков сынды адамдар еді.
Соғыстан кейінгі жылдары Павел Николаевич «Советский Союз» журналы редакторының орынбасары болып жауапты қызмет атқарды.
Осы уақытта ол тарихи тақырыпқа қалам тарта бастайды. 1916 жылғы қазақ халқының ұлт азаттық қозғалысы мен Кенді Алтайға келген питерлік коммунарлар өмірі жайлы жинақтаған деректері негізінде «Амангелді Иманов» поэмасы мен «Питерліктер» повесін жазды.
П.Кузнецов өз оқырмандарына аудармашы ретінде де жақсы таныс. Ол Жамбыл шығармаларын тұңғыш орыс тіліне аударушылардың бірі. Павел ақынның революцияға дейінгі өлеңдерін, айтыстарын, жырларын, «Сұраншы батыр», «Туған елім», «Менің өмірім» т.б. поэмаларын 1936-1945 жылдар аралығында аударады. Ол Жамбыл өлеңдерінің мағынасы мен көркемдік қасиеттерін орыс тілінде дәлме-дәл жеткізуге тырысты. 1950 жылы П.Кузнецов Жамбыл өмірі жайында тарихи роман жазды. Ақын еңбегі жоғары бағаланып романға Жамбыл атындағы республикалық І -ші сыйлық берілді.
Павелдің аударуымен Абай, Ілияс, Сәбит, Тайыр сынды басқа да қазақ ақындарының өлеңдері орыс тілінде жарық көрді.
«Мұратына жеткен адам» (1950ж.) және «Тастағы гүл» (1965ж.) шығармалары ақын творчествосының елеулі табыстары болып табылады.
Павел Кузнецов «Ертіс жағасында» (1940ж.), «Асыл тас». «Жол соқпақтар» (1946ж.) атты өлең кітаптардың, «Алтай тауларында», «Торғай даласы» атты поэмалардың авторы.
Туған өлкенің тамаша адамдары, көрікті табиғаты ақын жанын өзіне тартып тұрғандықтан ол Москвадан Өскеменге жиі келген. Кенді Алтайда болып қайтқаннан кейін орталық басылым беттерінде Павелдің «Ертіс аңызы», «Өскемен-Москва», «Нұр Зайсанның шамшырағы» атты очерктері мен әңгімелері жарияланып тұрған.
Павелдің Кенді Алтайға келген сапары мен жазған хаттары жайлы жерлес достары Е.Д.Панкратьева, М.И.Чистяков, Ф.М.Карбушев құрметпен еске алып отырған.
П.Кузнецовты тек Жамбыл ғана емес М.Әуезов, С.Мұқанов, И.Шухов сынды әдебиет қайраткерлері қатты қадірлеген.
П.Н.Кузнецов Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Жұлдыз «Kұрмет белгici» ордендерiмен марапатталған.
Кенді Алтай топырағына кіндігінің қаны тамған жерлес ақынымыз П.Н.Кузнецов 59 жасында дүниеден өтті.
Әріптестеріне қадірлі, қаламы ұшқыр жерлесіміз П.Н.Кузнецов халқының есінде мәңгі қалары сөзсіз.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|