Моғолстандағы Дулат әмірліктері
Другие рефераты
Қазіргі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік шығыс аймақтарын Шыңғыс ханның екінші ұлы Шағатай иемденгені белгілі. Алайда ол өзінің ұлысына келмей, уақытының бәрін ұлы хан Үгедейдің қасында өткізді. ХІІІ ғасырдың 40-жылдарының басында Шағатай мен Үгедей бірінен соң бірі қайтыс болған соң Шағатай ұлысында төре тұқымдарының таққа таласқан ұрыс-жанжалдары өршіп кетті. Арықбұқа, Құбылай, Алғу, Қайду тәрізді тарихи тұлғалардың осы ұлыстағы өзара тартыстары Шағатай ұлысында жергілікті тайпалар мен олардың әмірлерінің ықпалдарын күшейте түсті. Осы ұлыста 1309 жылдан 1318 жылға дейін билік құрған шағатайлық Есен-Бұға ханның тұсында көшпелі дулат тайпалары аса ықпалды тайпаға айнала бастады. Айта кетер бір мәселе – Шағатай ұлысында екі Есен-Бұға хан таққа отырды. Біз әңгімелеп отырған солардың алғашқысы.
Қысқы ордасы – Ыстықкөл жағасында, ал жазғы ордасы Талас бойында болған Есен-Бұға хан, шын мәнінде, жергілікті көшпелілермен санасуға мәжбүр болды. Сол себепті Сырдың батыс бөлігіндегі аймақтардағы отырықшы мекендерге оның ықпалы әлсіреп, Шағатай ұлысының халқының екіге бөлінуіне негіз салды. Шағатай ұлысының шығысындағы көшпелілер хан ордасы өздерінің аймағында орналасқандықтан, өздерін «моғолдармыз» («монгол» атауының түрікше айтылуы) деп атады да, ал батыстағы отырықшыларды «қараунас», яғни «аралас-құралас» (таза емес) деп атады. Есен-Бұғаның орнына хан болған ағасы Кебек осындай бөлініске жол бермеу үшін өзінің ордасын батысқа – Мәуереннахрға көшірді. Бірақ бұл әрекет этникалық тұрғыдан аса жақын дулат, қаңлы, арғын, қоңырат, керейт, найман сияқты тайпаларды басқаратын әскери-көшпелі ақсүйектердің батыстағы отырықшылардан этно-саяси тұрғыдан аулақтана түсулерін тежей алған жоқ.
Мұндай бөліну үрдісі қанды қақтығыстарға ұласып, ақыры хансыз қалған Шағатай ұлысының Моғолстан деп аталатын шығыс бөлігіне жергілікті әмірлер Шығыс Түркістаннан Шағатайдың Дайшешен деп аталатын ұрпағының баласы Есен-Бұғаны шақыртып, хан тағына отырғызды. Бұл кезде Шағатай ұлысының батысында Әмудария бойында да тәуелсіз хандар билік құрды.
Есен-Бұға хан 1347 жылы қайтыс болған соң Жетісу мен Қашғарияны, яғни Шағатай ұлысының шығыс бөлігін, дәлірек айтар болсақ, Моғолстанды билейтін Дулат әмірлері екіге бөлінген Шағатай ұлысын біріктіруді ойлады.
Шағатайдың тірі кезінде қалыптасқан біртұтас, тату да ынтымағы жарасқан ұлыс олардың есінен шыға қоймаған еді. Алайда Есен-Бұғаның артында мұрагері қалмауы жағдайды тұйыққа тіреді. Осындайда Дулат әмірі Болатшы (атақты тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулаттың алтыншы атасы) қиыннан жол тауып, Есен-Бұғаның некесіз әйелінен туған ханзада Тоғылық Темірді Іле-Ақсу алқабынан тауып әкеліп, таққа отырғызды. Ол кезде Моғолстанның астанасы Алмалық қаласы болды. Тоғылық Темір билігі кезінде Моғолстан аумағы дулаттар билік жүргізген Шығыс Түркістанды, Жетісу және Солтүстікте Тарбағатайдағы Еміл өзеніне және Ертіс өзеніне дейінгі кейбір аймақтарды қамтыды. Ал батыста Түркістан және Ташкент өлкесіне жетіп, оңтүстікте Ферғана мен Қашғарға дейін созылып жатты, яғни Моғолстан қазіргі қазақ жерінің едәуір үлкен бөлігін алып жатқан мемлекет болатын.
Осы кезден бастап, дулат әмірлері Моғолстан ханын өздері тағайындайтын деңгейге жетті. Дегенмен дулаттардың ықпалындағы Тоғылық Темір ханның Байырғы Шағатай ұлысын біріктіруді көздеген әрекетіне Батыстағы иелікте билікке келген Әмір-Темірдің (1370-1405 жж.) іс-әрекеті кедергі келтірді. Бұл тұста бұрын Шыңғыс ханмен бірге келген сандары аз барын, бұлғашы, шорас, құрлауыт, барлас, арлат, доқтұй және т.б. біраз моңғол тайпалары саны көп түркілердің дулат, керейт, қаңлы, арғын, жалайыр, үйсін тәрізді тайпалық одақтарының ортасына түсіп, түркіленіп кеткен еді. Бұлардың ішінде сандары жағынан ең көбі және ең ықпалдысы дулат болатын. Шағатайлық хандар сондықтан да жергілікті жерді билеуде осы дулаттан шыққан әмірлерді пайдаланды. Дулаттардың рөлін көтере түскен тағы бір мәселе олардың Өртөбе деген билеушісінің Шыңғыс ханнан жеті түрлі артықшылықтар алуы еді. Олардың ішіндегі аса маңыздысы – дулаттар бүкіл Моғолстан ұлысында ханнан кейінгі тұлға ретінде әмір (ұлысбегі) атанып, билік жасау құқығына ие болды. Бірақ дулаттан шыққан әмірлердің өздерін де шағатайлық ортақ хандар біріктіре алмады. Өйткені дулаттар Моғолстанда екі үлкен әмірлікке бөлінді. Алғашқы иелік Оңтүстік Тянь-Шань аймағынан, яғни Ыстықкөлден оңтүстіктегі Жаркент өңіріне дейін созылып жатты. Бұл әмірлікті шағатайлық хандарды таққа отырғызумен айналысатын әмір Болатшы мен оның ұрпақтары биледі. Маңғылай Сүбе деген атпен белгілі болған бұл әмірліктен солтүстікте, Сырдариядан Ілеге дейінгі өңірді дулаттан шыққан әмір Қамар ад-Дин биледі. Ол әмір Болатшының туған бауыры бола тұрса да, өзінің әмірлігін дербестендіріп, тіптен ағасы Болатшы хан тағына отырғызған Тоғылық Темірді де және одан кейінгі шағатайлық хандарды да мойындаудан бас тартты. Оның аймағы Іленің арғы бетіндегі аркинут (Арғын) тайпасының билеушісі Қажыбектің және оның інісі, Еміл-Тарбағатай аймағындағы найман руларына билік жасаған Еңке төренің иеліктеріне дейін созылып жатты. Дулаттардың екі түрлі әмірлікке бөлініп кетуі саяси ұстанымнан гөрі олардың өмір сүру салттарына тікелей байланысты болды. Әмір Болатшы билеген шығыстүркістандық Маңғылай Сүбе (Күнгейбет) әмірлігі, негізінен, отырықшы халықты біріктірсе, ал оның туған інісі Әмір Қамар ад-Дин билеген Жетісу аймағы көшпелі және жартылай көшпелі өмір салтын ұстанатын рулар мен тайпалардың басын қосты.
Тоғылық Темірдің және одан соң тақты иемденген оның баласы Ілияс қожаның Мәуереннахрды Моғолстанға біріктіру және осылайша байырғы Шағатай ұлысын қалпына келтіру әрекеттерінің сәтсіздікке ұшырауы дулат әмірлерінің наразылығын туғызды. Олардың арасында әсіресе Қамар ад-Дин аса беделді еді. Оған осы кезде Моғолстанның көп бөлігі бағынатын. Сондықтан да Мәуереннахрда 1370 жылы дара билігін орнатып үлгерген Әмір-Темір бәрінен бұрын осы Қамар ад-Диннің көзін жоюды басты мақсат етті. Осындай мақсатпен ол өзінің алғашқы жорығын Моғолстаннан бастап, Жетісудағы Қамар ад-Дин Дулаттың иеліктеріне басып кірді. Көшпелілердің ежелден қалыптасқан сыннан өткен қорғану тәсілін шебер қолданған Қамар ад-Дин ел-жұрты мен мал-мүлкін алып, ат тұяғы жете қоймайтын қиын тау шатқалдарының тасасына шегініп кетті. Кейін қайтуға мәжбүр болған Әмір-Темір көп кешікпей-ақ Моғолстанға екінші жорыққа аттанды. Алайда бұл жолы да ол Қамар ад-Динді қолға түсіре алған жоқ.
Қамар ад-Диннің көзін жоймай, Моғолстанға үстемдік жасай алмайтынын айқын аңғарған Әмір-Темір 1375 жылы желтоқсан айында оған қарсы үшінші жорыққа аттанды. Бірақ күннің суытып кетуінен адам мен малдың көптеп қырылуы Темірді амалсыздан Самарқандқа қайтуға мәжбүрледі. Осы жорықтан соң, Темірге бірігіп қарсы тұру қажет екендігін түсінген, бұрын Қамар ад-Динге бақталас болып, қырын қарап жүрген Қажыбек әмір бастаған арғындар, Еңке төре бастаған наймандар, Бекжақ басқарған қаңлылар мен Ұлық Темір басқарған керейлер өздерінің бауырлары дулаттардың сенімді одақтастарына айналды.
Қамар ад-Диннен қалайда құтылуды көздеген Әмір-Темір арада екі ай өтісімен 1376 жылы ақпанда қалың әскерімен Жетісуға тағы да басып кірді. Көктөбе маңында одақтасы Қажыбек арғынның әскерлерінің келуін күтіп жатқан Қамар ад-Дин амалсыздан Шарын өзені бойына шұғыл шегініп, тау шатқалдарына бекінді.
Осында Әмір-Темірдің ұлы Жаһангир мен Қамар ад-Диннің арасында қырғын соғыс болып, күштің тең еместігін жақсы түсінген Қамар ад-Дин түн қараңғылығын пайдаланып, Іле өзенін бойлап шегініп кетті. Әмір-Темір барлығы Қамар ад-Динге қарсы жеті рет жойқын жорықтарға аттанды. Бұл жорықтар барысында бұрын Әмір-Темірді қолдаған Сарыбұға бастаған қыпшақтар мен Әділ шах бастаған жалайырлар Әмір-Темірдің әділетсіз қырғындарына наразы болып, оны тастап, өздерінің бауырлары дулаттардың жағына шығып кетті. Әмір-Темір олардың да соңдарынан қалмай, ақыры күйретіп тынды. Ол өзінің соңғы жорығында 1390 жылы Қамар ад-Диннің соңына түсіп, оны Ертіс өзені бойына дейін қуып барды. Қамар ад-Диннің ауыр науқасқа ұшырап, қайтыс болуы ғана Әмір-Темірдің бұл өлкеге бағытталған қанды жорықтарын тоқтатты.
Басқыншы Әмір-Темірге қарсы Жетісу халықтарының Қамар ад-Дин дулат басқарған жанқиярлық ерлік күресі – төл тарихымыздың даңқты да қасіретті беттері. Бұл тарих халық қанша қаһарман болса да, мықты мемлекеттік жүйені қалыптастырмайынша, сыртқы жаудан қорғанудың мүмкін болмайтынын тағы да дәлелдеп берді.
Талас Омарбеков,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің
Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі
| | скачать работу |
Другие рефераты
|