Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Мұнай өнімдері тапшылығынан қалай құтылуға болады?



 Другие рефераты
Бәсекелестікке қабілетті болудың жобасы Тәуелсіз елдер: әріптестік әлеуеті Жемқорлықты бірге жеңеміз Балалығын соғыс оты ұрлаған

Қазақстанның табиғи көмірсутек қорларына, оның ішінде мұнайға, газға, көмірге бай екендігі белгілі. Осындай табиғи байлықтарды үлкен көлемде өндіретін әлем елдері ішінде біздің еліміз 10-12 орынды иеленеді. Мұнай мен газ елімізде ірі 3 мұнай өңдеу зауытында (МӨЗ), 4 газ және 8 майда мұнай өңдеу зауыттарында (ГӨЗ) өңделеді. Республикада соңғы жылдары мұнайды өндіру мен өңдеу көлемінің өзгеру динамикасы ұсынылып отыр.

Осы деректерден біздің елімізде мұнай өңдеу көлемі соңғы жылдары біршама төмендеп кеткенін және ол елімізде өндірілетін мұнай көлемінің шамамен 10%-ын құрайтынын көруге болады. Біздің барлық мұнай өңдеу зауыттарымыздың жұмысындағы жалпы кемшілік олардың бастапқы шикізатпен алғашқы жобалық қуатына дейін жүктелмеуінде және Павлодар мұнай өңдеу зауытын қоспағанда, оларда шикізатты өңдеу тереңдігі орташа әлемдік деңгейге қарағанда әлдеқайда төмен болуында деп есептейміз. Сондықтан да еліміздің ішкі рыногында жоғары сапалы мұнай өнімдері жетіспейді, ал оларды біз анағұрлым қымбат бағамен шетелдерден сатып аламыз. Соның салдарынан жоғары сапалы мұнай өнімдерінің бағасы қымбаттауда және олардың бағасы Парламент пен Үкімет тарапынан түпкілікті бір шара қабылданбайтын болса әрі қарай қымбаттай бермек.

Біздің ойымызша, осы мәселелерді төменде көрсетілген ұсыныстар арқылы толығымен шешуге болатын сияқты. Жобалық қуаты жылына 6 млн. тонна мұнай өңдеуге есептелген Павлодар мұнай өңдеу зауыты заманауи технологиямен жабдықталғаны, тіптен жылына 8 млн. тоннаға дейін мұнай өңдейтін болып реконструкциядан өткізілгені, сондай-ақ осы мұнай өңдеу зауытында шикізатты өңдеу тереңдігі 1989 жылғы деректер бойынша КСРО-да ең жоғарғы көрсеткішке (89%-ға) жеткендігі белгілі. Ал осындай заманауи технологиялармен жабдықталған және жоғарыда көрсетілгендей көрсеткішке қол жеткізген зауытта, 1991-2004 жылдары Ресейден келетін магистралды құбыр желісі бойынша Батыс Сібір мұнай шикізатын өңдеу көлемі жылына 1,7-2,2 млн. тоннаға дейін төмен түсіп кеткен. Тек соңғы 3-4 жылда ғана бұл көрсеткіш өзгеріп, зауытта шикізат өңдеу көлемі жылына 4,0-4,1 млн. тоннаға жетті. Қазақстан Ресейден алатын осы 4 млн. тонна Батыс Сібір мұнай шикізатының орнына Батыс Қазақстаннан Өзен–Самара құбыр желісі бойынша Ресей Федерациясының Повольже аймағындағы мұнай өңдеу зауыттарына 15-17 млн. тонна Қазақстан мұнайы жіберілуде. Егер ел Үкіметі Ресей үкіметімен Павлодар мұнай өңдеу зауытына қосымша осындай балама шартпен тағы да жылына 2,0 млн. тонна мұнай жеткізуге келісетін болса, онда еліміздің ішкі рыногы шетелден тасымалданатын мұнай өнімдерінің орнына өзімізде шығарылатын сапалы тауарлы мұнай өнімдерімен: бензинмен, дизель отынымен, реактивті отынмен, жол битумымен және мұнай-химия шикізатымен айтарлықтай мөлшерде толығар еді. Осы жол біздің еліміз үшін жанар-жағармай мәселесін шешудің анағұрлым экономикалық тиімді нұсқасы болып табылуы мүмкін. Бұған қоса, Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарының шикізат өңдеу көлемін осындай жолмен жобалық қуатына дейін жеткізу, жалпы, еліміз бойынша мотор отындарын өндіру көлемін жоғарылатуға және ішкі рынокты жанар-жағармаймен қамтамасыз етуде қалыптасып отырған күрделі жағдайларды шешуге мүмкіндік берер еді.

Ресейден Павлодар мұнай өңдеу зауытына жылына қосымша 2 млн. тонна Батыс Сібір мұнайын жеткізуге қол жеткізе алмаған жағдайда, онда бұл мәселені Шымкент және Атырау мұнай өңдеу зауыттарында өндірілетін вакуум газойлын Павлодар мұнай-химия зауытына жеткізу арқылы шешуге болады. Осы екі мұнай өңдеу зауыттарынан 1,2-1,4 млн. т/ж шығатын вакуум газойлы соңғы бірнеше жылдары жартылай шикізат күйінде арзан бағамен экспортқа, яғни Балтық жағалауы мен Закавказье елдеріне, Украина мен алыс шетелдерге де жіберілуде.

Павлодар мұнай өңдеу зауытындағы жобалық қуаты жылына 2 млн. тонна шикізат өңдейтін КТ-1 – каталитикалық крекинг қондырғысында жоғарыда көрсетілген вакуум газойлын қосымша көлемдегі шикізат ретінде өңдеуге болады. Бұл дегеніміз, республика бойынша тәулігіне шамамен қосымша 1850-2000 тонна автомобиль бензинін, 1000-1200 тонна дизель отынын және 500-550 тонна бағалы көмірсутек газын шығаруға болады деген сөз.

Бұдан өзге, елімізді жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік беретін тағы бір, анағұрлым оңтайлы нұсқа бар. Ол Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын түпкілікті, толық, жергілікті Қазақстан мұнай шикізатын өңдеуге ауыстыру. Елімізде мұнай қоры жеткілікті (7-8 млрд. тонна), алдағы 10-15 жылдың ішінде оның жылдық өндіру көлемі 140-150 млн. тоннаға жетпек. Қазір елімізде соңғы жылдары салынып пайдалануға берілген Батыс Қазақстан – Кеңқияқ – Құмкөл – Қарақойын – Атасу – Павлодар және Құмкөл – Шымкент магистралды мұнай құбыр желілері Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын өз елімізде өндірілетін Қазақстан мұнай шикізатымен толық және тұрақты түрде қамтамсыз ете алады. Мұны Үкіметтің ескермей отырғаны өкінішті.

Соңғы жылдары қоршаған ортамен үйлесімділікті қамтамасыз ететін, яғни қоршаған ортаны ластамайтын экологиялық таза мотор отындарын (Еуро – 3, 4, 5 маркалы бензиндер) өндіру үшін қоспа (3-5%) ретінде биоэтанол қолданылып жүр. Бүгінде бұл өнім Петропавл қаласында салынған астықтан биоэтанол өндіретін зауытта алынып жатқан сияқты. Біздің еліміз үшін бүгінгі таңда бұған балама ретінде, бүгінде көп мөлшерде (жылына -2-5 млрд. м3) далада жанып жатқан ілеспе көмірсутек газдарынан этил спиртін алуға болатынын еске салғымыз келеді. Бұл әдіс өте тиімді және өзіндік құны 5-6 есе арзан, ал үнемделген астық өнімдері арзан мал азығы – жем ретінде Қазақстанда мал мен құс ша­руашылығын өркендету саласына бағытталып, елімізде ет пен сүт өндірісін өркендетуге айтарлықтай өз үлесін қосып, сырттан сатып алынатын тамақ өнімдерінің мөлшерін азайтып, шикізат сатып тапқан валюталар алыс шетелдерге кетпей, өзімізде қалар еді.

Тағы бір назар аударарлық мәселе, Қазақстан мұнай шикізатына экспорттық кедендік, яғни баж салығын дүние жүзі елдері бойынша ең төменгі мөлшерде белгілеп отыр. Көршіміз Ресей бүгінгі күні мұнай шикізатының экспортқа шыққан әрбір тоннасына 440,1 $ (АҚШ доллары) көлемінде салық салып отыр. Ал Қазақстан болса жылына 70 миллион тоннадан астам мұнай шикізатын экспортқа ең төменгі кедендік салықпен және қосымша құн салығынсыз (НДС) шығаруда. Ең қызығы, экспортшылар ҚҚС-сыз шығарса да, оларға осындай деңгейдегі қаржы қазынаның есебінен қайтарылып берілуде. Және экспортқа шыққан әр тонна мұнайға бар болғаны 40 доллар деңгейінде ғана кедендік баж салығын салу Қазақ мемлекетінің экономикалық мүддесін ескермеу демеске лажымыз жоқ. Оның өзін шетелдіктер емес, тек отандық мұнай кәсіпшіліктері ғана төлеуде. Мұндай жағдайда шетелдік алпауыттардың өз шикізаттарын Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарына ешқашан бағыттамасы анық. Экспортқа кететін шикізатқа Ресей мен Балтық бойы теңіз порттарына дейінгі шығындарды ескеріп, лайықты кедендік салық белгілеу Үкімет алдындағы бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі және бұл шара іске асса, дер кезінде қабылданған әділ де дұрыс шешім болары анық.

Дәл қазіргі күндері осындай шешімін таппай отырған, халқымызға аса қажетті мәселелелерді, жоғарыда айтылғандай жолдармен тез арада шешу мұнай өнімдерінің бағасының өсуін тоқтатуға және сонымен қатар еліміздегі басқа да қызметтер көрсету бағаларының өсуін азайтуға, жалпы, экономикамызды өркендетуге де мүмкіндік береді деп есептейміз.

Республика Парламенті мен Үкімет назарын еліміздегі отын-энергетикалық ресурстардың, оның ішінде жанар-жағармайлар бағасының өсуіне жіті аударуға шақырамыз, себебі, бағаның өсуі халықтың өмір сүру деңгейіне әсер етіп қана қоймай, қоғамда әлеуметтік және саяси-экономикалық қиыншылықтар туындатуда. Сондықтан Парламент пен Үкімет тарапынан еліміздің ішкі рыногын өзімізде шығарылатын сапалы мұнай өнімдерімен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету жөнінде кейінге қалдыруға болмайтын нақты іс-шаралар жедел қабылдануы қажет.

Тұрдықұл ОМАРАЛИЕВ, техника ғылымдарының докторы, профессор,

Еркімбек ҚАЛДЫГӨЗОВ, химия ғылымдарының докторы, профессор,

Ілесбек БАЙЖАНОВ, инженер химик-технолог, экономист.

Шымкент.

скачать работу


 Другие рефераты
Роль социального взаимодействия в развитии мышления подростка
Сарыбаев Болат – қазақтың ұлы өнертанушысы
Зигмунд Фрейд о роли бессознательного в жизни человека
Образование Древнерусского государства


 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ