Мұстафа Шоқай
Другие рефераты
Саяси сауат
Мұстафа Шоқайдың өмірбаяны негізінен анықталып келеді. Бірақ әлі де белгісіз, дүдәмал тұстары бар. Ол әлі анықтала жатады деп ойлаймын. Мұстафа Шоқай сияқты қазақ тарихына ғана емес, бүкіл әлем тарихына із қалдырған адамның өмірбаяны ұзақ жылдар зерттеле түспек. Дауы да болар әлі, бауы да ( кейіннен анықталған жері деген мағынада) болар. Сондықтан да қазіргі белгілі материалдарға негіздеп, өзім зерттеген, қоғамға таныс материалды өрбітіп, осы кезеңге байланысты айтып бергім келеді.
Мұстафа Шоқай Қызылорда облысының Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Бұл туралы да екі түрлі пікір бар. Кейбіреулер Сұлутөбенің атын басқаша айтады. Бірақ негізі туған жері осы Сұлутөбе, қазір шағын станса.
Сол кезеңдегі қазақ балаларының тағдыры қандай болса, Мұстафаның да тағдыры сондай. Бірақ оның екі ерекшелігі болды. Бірінші, Мұстафа қазақ даласына белгілі үлкен шонжар, Хиуа ханының үлкен датқасы болған Торғай бидің немересі. Екінші, бала күнінде естігені — Хиуа хандығына бағынбау үшін қазақтардың қаншама соғысқаны, қай жерде қандай шайқастар болғаны, қазақ жігіттерінің ерлігі туралы әңгімелер. Өзінің туған анасы сондай соғыстарда қолына ту ұстап, топтың басында жүреді екен. Анасы ертегі-жырға өте құмар болған және баласына соның бәрін айтып беріп отырған көрінеді. Осы екі жағдай Мұстафа Шоқайды сол кездегі басқа балалардан бөлек, үлкен болашаққа бастаған деп ойлаймын.
Мұстафа өз кітабында Торғай датқаның бір ерлігін келтіреді. Хиуаның ханы Торғайдың сүмбіле сұлу, жүйрік атына қызығып, тартып әкетеді. Батыр Хиуа ханына жалғыз өзі барып, бүкіл жұрттың көзінше хан сарайынан атты мініп алып кеткен екен. Сонда хан қарап тұрып: “Тимеңдер оған, тиюге болмайды”, — деп батпаған дейді. Осы ерлігі ел арасында аңыз болып кеткен. Торғайдың ержүрек, ештеңеден қайтпайтын мәрт мінезі Шоқайда да болған, Шоқайдан Мұстафаға сіңген.
Алғашқы кезде ол ауыл мектебінде оқыған, кейін Қызылордада мектепке барған. Бірақ Қызылордадағы мектепке қанағаттана қоймаған әкесі Мұстафаны Ташкенттегі ер балалар гимназиясына береді. Мүмкін Мұстафа жай ғана, оқыған көп қазақтың бірі болып қалар ма еді, кім біледі? Бірақ Мұстафаның тағдырына, өжет болып өсуіне, революциялық жолға түсуіне шағын ғана бір оқиға әсер еткен.
Мұстафа ер балалар гимназиясын алтын медальмен бітіреді. Бұл 1910 жылы болған оқиға. Мектепте және бір бала күміс медаль алады. Осы медальдарды тапсыруға гимназияға Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы Александр Самсонов деген кісі келеді. Былай қарасаң, жай ғана салтанатты оқиға, генерал-губернатор медаль тапсырып қана кетуі керек. Бірақ Самсонов ұлтшылдық дертіне шалдыққан адам еді.
— Қанеки, мен кімге тапсырамын? — деп мұғалімдерге сұрақ қояды.
— Алтын медальды Мұстафа Шоқаев деген балаға, күміс медальды Запреметов деген балаға тапсырасыз, — дейді гимназия директоры.
Әрине, Мұстафа генерал-губернаторға қарсы шыға алмайды ғой. Егер Самсонов алтын медальды Запреметовқа, күмісті Мұстафаға тапсырса да көнер еді. Бірақ, бір ғажабы, генерал-губернатор жұрттың алдына шығып, алтын медальды Запреметовқа берген кезде әлгі орыс баласы: “Мен мынадай медальды алмаймын. Бұл әділдік болмайды. Мұстафа менен жақсы оқиды, мен бас тартамын” — дейді. Сол кезде шу көтеріледі. Бүкіл гимназияның балалары ұран тастап: “Мұстафа, Мұстафа!” — деп айқайлап тұрып алады. Ақыры оны басқысы келген жандармдардың дөрекі қылығы салдарынан гимназияның балалары төбелеске шығып кетеді. Генерал-губернатор Самсонов сол арадан әскерлерін алып, қашып кетуге мәжбүр болады.
Самсонов тарихта өте дөрекі генерал ретінде белгілі. Оның алдында бірнеше үлкен мешіттердің төріне өзінің портреттерін ілгізіп, бір масқара болған екен. Сол қылығы үшін Әулие-Атада көтеріліс шыға жаздаған. Сондай әпербақан адамның қылығына төзбеген халық (көпшілігі мұсылмандар) Самсоновтың Түркістан өлкесінен кетуін талап еткен.
Осындай оқиғалар арқылы Мұстафаның алғашқы саяси сауаты ашылды деуге болады.
Ұстаздар
Үлкен қайраткерлердің өмірбаяндарын қарап отырсаң, алғашқы ұстазының зиялы адам болғаны, соның арқасында қайраткерлік жолға түскенін байқайсың. Мұстафаның Қызылордада жүрген кездегі ұстазы Иван Наливкин деген кісі еді. Ташкентке келген кездегі ұстазы Т. Доррер деген кісі болды. Ол арғы тегі неміс болғанымен орыстанып кеткен аса зиялы адам болған. Осы екі кісі Мұстафаға соншама жаны ашып, оның Санкт-Петербургтегі императорлық заң университетіне түсуіне әсер еткен. Санкт- Петербургтегі кезең Мұстафаның жай ғана бунтарь емес, саналы түрде революциялық жолға түсуіне жол ашты.
Сол кездерде Бірінші Дума, Екінші Дума деген думалар болды. Патша халық көтеріле бастаған кезде не істерін білмей, Дума ашуға мәжбүр болған. Думаға бұратана халықтардан да депутаттар кіре бастаған кез. Мұсылман фракциясындағы депутаттарға Мұстафаның көп көмегі тиеді. Ол депутаттардың хатшысы, аудармашысы ретінде көзге түскен.
Бірте-бірте Мұстафа империя дегеннің не екенін, бұратана ел дегеннің не екенін айыра бастады. Бостандық жолын студент кезінің өзінде іздестірген. Көптеген кітаптарды серік етіп, империялардың тарихын оқу, бостандық үшін күрескен халықтардың тарихын оқу арқылы көзі ашық күрескер болып шыққан. Сол кезде қазақ даласында Алаш азаматтары бой көтере бастаған. Солардың көпшілігінің тағдыры Санкт-Петербургпен байланысты еді. Негізгі білімді адамдардың көпшілігі депутат болды. Патша бір рет Думаны таратып жіберіп, екінші рет қайтадан сайлау өткізуге мәжбүр болған. Бірақ бәрібір, мұсылман депутаттары бой бермей, үлкен саяси күшке айналып, өздерінің дегенін істетіп отырған.
Сол уақытта Әлихан Бөкейхановтың Алаш көсемі болғаны белгілі. Оның оң қолы мен сол қолы Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов еді. Осы үшеуімен де Мұстафаның тағдыры тығыз байланысты.
Мұстафаның саясаткер, қайраткер, күрескер ретінде жетіліп, толығуына үлкен әсер еткен 1916 жылғы көтеріліс. Бірде генерал Анненковқа болған соттың архивте жатқан стенографиясымен танысқаным бар. Сонда ол: “ Революцияны 1917 жылы біз бастаған жоқпыз, шын революцияны 1916 жылы киргиздар бастаған болатын”, дейді. Себебі, Еуропада соғысып, өзімен-өзі болып жатқан Ресей тылында, алыстағы қазақ жерінде революцияның бұрқ ете қалатынын білмеген. Менсіне қоймаған.
Мен 1916 жылғы көтеріліс анық зерттеліп болды деп айта алмаймын. Кеңес өкіметі кезінде бұл көтерілістің мән-мағынасын барынша жоққа шығаруға тырысты. Жалғыз Амангелді батырдың ерлігі ретінде ғана, жалғыз Торғайда ғана көтеріліс болған сияқты көрсетті. Сол кезде көтеріліс бүкіл Қазақстанды алып кеткен еді. Жалғыз Амангелді емес, көптеген батырлар шыққан болатын. Егер кеңес тарихшылары негіздегендей, көтеріліс бір ғана облыста шыққан болса, патша өкіметі батыста немістермен соғысып жатқан армиясының генерал-лейтенант Лаврентьев бастаған үлкен бір бөлігін шығысқа қарай алып кетіп, Торғай өлкесіне төге салмас еді. Жетісуға бөлек армия алып келген. Сөйтіп, өзі әлсіреп тұрған армиясынан біраз күштерді қазақ даласына әкелуге мәжбүр болған. Қазақ даласындағы 1916 жылғы көтеріліс, атаман Анненковтың айтқанындай, өте күшті революциялық көтеріліс болды. Бұл жай ғана бас көтеру емес, саналы түрде патшаға қарсы шығу еді. Біріншіден, отарлық саясатқа, екіншіден, соғысқа қарсылық көрсетті. Әскерге бала бермейміз деуге басқа халықтардың шамасы келген жоқ. Армияға, соғысқа бала бермеуге қазақ қана қарсы тұрды.
Осы жағдайда қатты қантөгіс болғаны белгілі. Мен архивте жатқан Ә.Жанкелдиннің материалдарымен де таныстым. Сонда ол кісі: “Бір миллионға жақын солтүстік облыстарының (негізінен Торғай облысының) қазақтары Иранға кетуді ойластырдық. Алдымен Бұхарға елші жібердік. Бұхар әмірі өз жері арқылы Иранға жол ашып беруге келісті”, дейді. Содан олар жай халықты әскермен қоршап, жылжып отырған ғой. Сырдариядан өткен, Бұхар әмірі ауырып жатқан соң оның бас уәзіріне жолығып, ертеңнен бастап соның жері арқылы өтуге келісім алады. Келесі күні таңертең Петербургтен “Патша тақтан құлады” деген жеделхат келеді. Содан Иранға бет алған бір миллиондай қазақ кері қарай, еліне қайтады.
Осындай ғажап тарихымыз бар. Мен тарихшы емеспін. Бірақ біздің тарихшыларымыздың мұндай фактілерді неге айтпайтынына таң қаламын. Әліби Жанкелдиннің жазбалары стенографиямен түсірілген. Үш адам өкіл отырып, оның ішінде НКВД өкілі бар, стенографияны хаттаған. Мұндай жағдайда жүрдім-бардым оқиғаларды жай ғана айта салмайды ғой.
Сол 1916 жылғы көтеріліс қазіргі Өзбекстанға қарасты Жизақ облысында да кең құлаш жайған еді. Думаның мұсылман фракциясында жұмыс істеп жүрген Мұстафа болашақ Уақытша үкіметтің төрағасы Керенскиймен бірге Ташкентке комиссия мүшесі болып келеді. Ел арасына тарап кеткен мынадай бір әңгіме бар. Керенский Жизаққа келгенде: “Ал, Мұстафа, көтеріліс болған жерді көрсетпейсің бе маған?”, — дейді. Сонда Мұстафа: “Керенский мырза, сіз тұрған төмпешік қаланың дәл ортасы еді. Қазір қалада үй қалмаған, тып-типыл болған”, — депті.
Керенский: Апыр-ай, бұл не деген жауыздық!”,— деп қысылып қалған екен.
Осы сапарында Керенский Ташкенттегі Еникеев деген қарт генералдың үйінде қонақ болады. Генералдың бір ұлы, сұлу бір қызы бар екен. Сұлу қыздың қасында керемет бір сұлу келіншек жүреді. Ол Мұстафаға арнап бірнеше ән шырқайды. Таныса келгенде Мұстафаның білгені, ол кісі Ташкенттегі опера театрының әншісі Мария Горина екен.
Түркістан республикасы
Кеңестік кезеңде тарихшылар Түркістан республикасы деген сөзді айтпауға тырысты. Оның мән-мағынасын қолдарынан келгенше төмендетіп, берекесін қашырды. Шын мәнінде Түркістан республикасы адамзат тарихындағы интеллектуалды биік кезең деп ойлаймын. Бүкіл әлемдегі демократияның дамуына Париж коммунасы қаншалықты зор әсе
| | скачать работу |
Другие рефераты
|