Абай Құнанбаевтың әдеби ортасы және оның ақындық мектебі
ебі» деген атаудың орнына Абай заманындағы ақындар деген ұғым ұсынылды. Дәл осы 1950-60 жылдары Абай айналасындағы шәкірттерге қатысты «мектеп» ұғымы қолданылмай, Абайдың өз айналасы туралы сөз жабық тақырыптардың қатарында қала берді. Абай мектебімен қоса М.Әуезовтің Абайдың ұстаздық құдіретін паш етіп, ақын шәкірттерінің бейнесін шындыққа жанасымды бейнелеген «Ақын аға» романы да аяусыз сынға ұшырады.
Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Абай мектебі деген ұғым әдебиетке келгенде оны кең мағынада, әдеби дәстүр аясында қабылдау және тар мағынасында ақынның айналасындағы күнделікті тәрбиесін көрген шәкірттеріне қатысты зерттеу ғылыми ортаны екіге жарды. Екі түрлі айтылған пікірлерді сол кездегі кеңестік идеология сәтті пайдаланып, өршітіп, үлкен дауға айалдырды. Методологиялық жағынан дұрыс бекімеген ақындық мектеп концепциясының төңірегіндегі дау-дамай Абай айналасындағы шәкірттердің өз дәрежесінде зерттелуіне үлкен кедергі болды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі Абай дәстүрін жалғастырушылар мен Абайдың маңайындағы шәкірттерін нақты бөліп көрсетпеген соң, мектеп өкілдерінің саны әр зерттеушінің өз пайымы бойынша белгіленіп, бірде артып, бірде кеміп отырды. Абай мектебін сынға алушы С.Мұқановтың: «Сонымен, 1934 жылы Әуезовтің мақаласында төрт адамнан ғана құралатын «Абай шәкірттерінің» тізіміндегі адам саны 1951 жылы жиырма бес-отызға жетеді» [29, 59-б.] ,- деген пікірімен келіспеу қиын. Олай дейтініміз, Абай мектебі мәселесін маңайындағы шәкірттерімен байланыста қарайтын зерттеушілер пікірінің өзі бір тоқтамға келе алмады. М.Әуезов Абайдың ақын шәкірттері ретінде Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Шәкәрім, Әріп, Әсеттерді атайды. Қ.Мұхамедханұлы кейінгі еңбектерінде Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Уәйіс, Әсет, Әріп, Мұқа, Әубәкір, Тайыр Жомартбаев, Баймағамбет, Иманбазар, Әрхам сынды ақындарды кіргізеді. Абай шәкірттеріне Е.Ысмайлов Ақылбай, Мағауия, Кәкітай, Әубәкір, Нарманбет, Әбсалық, Көкбай, Әріптерді Абайдың тура шәкірттері деп, ал Абайдан үйренген деп Сұлтанмахмұт, М.Ж.Көпеев, С.Дөнентаев бастатқан он бір ақынды атайды [30, 8-б.]. Абай мұрасын зерттеуші ғалым Ә.Жиреншиннің өзі Абай шәкірттерін көрсетуде бір тоқтамға келе алмайды. Зерттеуші «Абай и его русские друзья» деген орыс тіліндегі еңбегінде он сегіз өнерпазды атап, соның алтауына тоқталса [31, Б.100-123], бір жылдан кейін жарық көрген «Абай Құнанбаев» деген монографиясында Абай шәкірттерінің саны 21-ге жетіп, оның жетеуін кеңірек сөз қылған. 1951 жылғы Абай шәкірттеріне жасалған соққыдан кейін Ә.Жиреншин Абай шәкірттерінің санын күрт азайтып, «Абай және орыстың революционер-демократтары» кітабында: «Абай тұсында ақыл-ойы, көркемдігі Абайдан аспағанмен де соның ұлы дариясынан нәр алған өз балалары – Мағауия, Ақылбай, Әубәкір, замандастары – Көкбай, Баймағамбет, Әріп тағы сол сияқты бір Абай елінің өзінде ғана он-он бес ақын болған» [32, 240-б.] ,- деген долбар айтады. Ғалымның Абайдың ақын шәкіртіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Нұрлыбек, Байкөкше, Төлеу, Ағашаяқ, Қиясбай, Көрпебай, Ырсалды сияқтыларды атауы Абай шәкірттеріне нақты меже қоймаудан барып туған пікір. Көріп отырғандай ақын ғана емес әнші, күйші, тоғызқұмалақшы сияқты өнер иелерінің барлығын бірдей Абайдың ақын шәкіртіне тели салуға жол берілген.
Абай маңындағы өнерлі топты кей зерттеушілер ақындар және ақын еместер деп бөлді. Кейінгілерді Абайға шәкірт болған, бірақ артына ақындық мұра қалдырмағандар деп қарастырды. Абайдың қасына ақындармен бірге әнші — Мұқа, Әмір, Мұхамеджан, күйші – Біткенбай, ертегіші – Баймағамбет Мырзаханұлы, Көрпебай сияқты тоғызқұмалақшы-дойбышылар, Ағашаяқтай циркші, Қиясбайдай күлдіргі, балуан тағы басқа өнерпаз топ жиналғаны аян. Оларды Абайдың шәкірттері деп атағаннан гөрі Абай айналасындағы өнерпаздар деген сыйымды. Өйткені, Абай жанындағы жастарға тек өлең жазуды үйретіп қана қойды деу аздық. Кемеңгер ақын өнердің қай түрін де жүрегімен құлай сүйіп, соған ебі бар жастарды жебеп, үйретуге қолқабыс еткен.
Абай шәкірттерін мынау ақыны, мынау ақын емес басқа өнердің иесі деп екі топқа жіктеу айтқанға оңай көрінгенмен, әр шәкіртіне жекелей үңілсеңіз кез-келгенінің бойынан бірнеше өнер табылады. Ал, Абайдың шәкірттері, оның ақыны қайсы, өнерпазы қайсы соны анықтау керек десек, ол өте күрделі мәселе. Тек бірді-екілі өлеңі жеткен Кәкітайды ақын шәкіртке қоса аламыз ба? Сондай-ақ, шайқы Қиясбай да өзінше ақын немесе Мұқа әнші де тәп-тәуір өлең жазған. Ақылбайдың ақындығымен қоса әншілік өнері тағы бар, оған шебер музыканттығын қосыңыз. Көкбай мен Шәкәрім туралы да осыны айтуға болады. Бұларды шәкірттің ақынына жатқызасыз ба, әлде әнші шәкірттерге ме? Міне, осындай нақты анықтамалық қалыпқа сыя бермейтін мәселелерді ескере отырып Абайдың айналасын шартты түрде екі топқа бөлеміз. Біріншісі – Абайдың ақын шәкірттері, екіншісі – Абай айналасындағы өнерпаздар. Ақын шәкірттері дегенде Абайдың қасында жүріп, ақындық талабын ұштап, қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдебиет өкілдерін айтамыз. Олар Абайдың өз балалары – Ақылбай, Мағауия, Тұрағұл, немере інісі – Шәкәрім, ақынның қасында жиырма бес жыл жолдас болып жүрген Көкбай, жас та болса Абайдың шаңырағында болып, тәрбиесін көріп рухани ықпалында болған Әубәкір Ақылбайұлы мен Әрхам Ысқақов. Кейбір зерттеушілер «екінші топтағы» деп атап жүрген Уәйіс, Әріп, Әсет, Мұқа, Иманбазар, Баймағамбет Айтқожаұлы сынды ақындар да – Абайдан тікелей тәлім алған шәкірттер. Бәлкім бұл тізімге біреу қосар, я кемітер, мәселе онда емес, біз тек Абайдың тікелей рухани тәрбиесінде болып, көбі ұстазының тапсырмасымен өлең-жыр жазған үлкенді-кішілі ақындарды атадық. «Екінші топтағы» ақындар деген пікірлер әрине олардың ақындық деңгейіне қарай емес, ұстаз Абаймен арасындағы байланысқа қатысты айтылған-тын. Бұл арада руға байланысты бөлу деп те түсінбеу керек. Бүгінгідей техника мен компьютердің дамыған заманы емес, Абай заманында ұстазбен күнделікті қарым-қатынаста болатын ақындар, сөз жоқ, өз ауылының Тобықты елінің ақындары. Түптеп келгенде туған-туыс, жақын-жұрағаттары. Өткен ғасырдың 50-жылдары «өз ауылының ақындарын жинап, мектеп қалыптастыруға бола ма?» деген күдіктің, күмәннің мәні осында жатқан еді. Қалай деген күнде де Абай өз ауылында ақындық мектеп қалыптастырды. Ал, Әріп, Әсет, Уәйіс сияқты басқа елдің ақындары Абай ауылына келіп-кетіп, кейде тіпті айлап, апталап жатып Абай мектебінің өкілі атанды. Әрине, Абай қасында үнемі болғандардың ақындық дарыны артық болды деу әбестік. Өйткені, кемеңгер ақынның поэзиясына алыстан қанып, өлең өнерінің үздік үлгісін көрсете алған Мағжан, Сұлтанмахмұттар – Абай дәстүрін дамытушылардың оқ бойы озықтары. Сол себептен де Әріп, Әсет, Уәйістерді екінші қатардың ақындары деп жіктеу орынсыз.
Қорыта айтсақ, ақын шәкірттер деген ұғымға байланысты нақты анықтаманың болмауы, ақын мен өнерпаз арасына шек қоймау, сондай-ақ, кейбір зерттеушілердің Абай айналасымен жақын таныс еместігі Абайдың ақын шәкірттерін атауда біршама ауытқуларға жол беріп алды.
«Әдеби ортаның ақынға рухани ықпалы» деген екінші бөлім екі тараудан тұрады. «Әулеттің ақынға әсері» деген бірінші тарауында ақын туып-өскен шаңырағының жас Абайға берген тәрбиесі, рухани әсері деген мәселелерге назар аударылды. Жас Абайдың рухани жетіліп өсуіне өз әкесі – Құнанбай, анасы – Ұлжан, Зере әже, қаладан оқыған Халиолланың ықпалы, Абай сөздеріндегі мысқыл мен нағашы жұрты Тонтайлар арасындағы байланыс көздері сөз болады. Есейіп, ақылы толысқан шағына дейін Абай өз ауылының, көршілес елдердің ең танымал деген ақыны мен жырауынан, биі мен шешенінен сөз маржандарын сүзді, халықтың бай ауыз әдебиетін бойына сіңірді. Қаратай шешен, Жанақ, Шөже, Балта ақын сынды Құнанбай замандастарының Абайға рухани үлгі-өнегесі ізсіз қалған жоқ.
Мәселен, басқа немерелерін бір төбе, Абайын бір төбе көрген әже Ибрагимді еркелетіп (бір деректерде келтірілгендей тілі келмей емес) «Абай», «Абайым» деген. Абайға алғаш тіл ұстартып ертегі-аңыздардан бастап қазақтың бай ауыз әдебиетімен таныстырған осы – құймақұлақ Зере әжесі. Бала Абайға тек әдлиімен ертегі айтып қоймай елдің салт-дәстүрін, қазақы ырым, жөн-жоралғыларды жетелеп жүріп таныстыру да Зере әжесінің сыбағасында. Жалғызы Құнанбайдан туған көп немеренің ішінен ықыласы ауып, тас емшегін жібіткен Абайын көп кейін жер-жаһан танитынын әз әже сезгендей. Диссертацияда бойдағы орасан күшті ақындық қуатқа дем беріп, өлең-сөзге деген ықыласының шоғын үрлеп жаққан жан Зере әженің Абайға берген тәрбиесіне көңіл бөлінді.
Абайдың әдеби ортасы деген тақырыптың әліппесі, әрине, ақынның өскен ортасы, тәрбие алған ошағынан бастау алатыны заңдылық болса, бұл арада Ұлжан ананың есімін бөліп айтамыз. Өйткені, Ұлжан – Абайды ақ сүт беріп өсірген анаcы, оның үстіне Абайдың ақын болуына тікелей әсер еткен жан. Ұлжан туралы, оның Абайға, Абайдың ақындығына қатысы жайындағы сөзді әріден, Абайдың нағашы жұртынан бастасақ, ол әулеттің тілінің өткірлігі сондай «Шаншардың қулары келе жатыр», — десе жұрт дүркіреп қашатын болған. Ұлжанның өзі қалжың сөзге ұшқыр болғанымен, салмақтылыққа бағып көп әжуаға бара бермеген. Бұл біріншіден, өз бойындағы әйелге тән ұстамдылықпен байланысты болса, екіншіден, Құнанбайдай ел басқарған аузы дуалы ерімен жарыса шығуды жөн деп таппағандығынан шығар. Әуезовтің: «Абайдың сөзіндегі салқын ақыл әкеден, ащы тілді мысқыл шеше жағынан деуге де бола ма дейміз» [27, 113-б.] ,- деген пікірі диссертацияда нақты мысалдармен дәлелденді. Шешен тілді, сөзі шаншудай қадалар нағашы жұртының бұл қасиеті, сөз жоқ Абайға дарыды, ананың сүтімен бойға сіңген ерекшелік оның а
| | скачать работу |
Абай Құнанбаевтың әдеби ортасы және оның ақындық мектебі |