Главная    Почта    Новости    Каталог    Одноклассники    Погода    Работа    Игры     Рефераты     Карты
  
по Казнету new!
по каталогу
в рефератах

Ақжан Әл-Машани

орытпаған ғылымы жоқ!” – деген аталы сөзге айналған пікірін ол қайталаудан жалықпайтын. Енді бүгіндері сол айтқанын әл-Машанидің өзіне бағыштаған ұтырлы болар.

 

 2. Ғылым қиялгері

 

“Ғылыми тас” – ескі шығыс тілінде “фан тасы”. Батыс елдерінің грек тілінен алып жүрген “фантастика” сөзі осымен байланысты.

 

Кез келген тілдегі әдебиет үшін уникум боп табылатын фантастика жанры “бесіктен белі шықпай жатып-ақ” өзіне бағышталған “жылы сөз” есіткен еді. Ол – Ыдырыс Мұстамбаевтың: “Фантастика кенже қалған, ұйқыда қалған қазақ ұғымын кеңітеді, оятады”, – деген пайымдауы. 1912 жылы Семейде Тайыр Жомартбаевтың “Қыз көрелік” аталатын романына қатысты жазылған рецензиядағы аталмыш пікір – бір жарым ғасырға жуық уақыт өткенмен, біз үшін өңін өзгертпеген лебіз.

 

Алайда, содан бергі ондаған жылдар бойы қазақ әдебиетіндегі қиял әлемін айшықтауға жаралған сала хақында “жұмған аузымызды” ашпай келіппіз. Сол “үнсіздік атмосферасын” 1958 жылғы соңғы санында “Жұлдыз” журналы “бұзды”. Әзірше әдебиет зерттеу ауылында атын біреу біліп, біреу біліп жарытпайтын, Қазақ Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Ақжан Машанов “Қисынды қиял да – әдеби жанр”, деп шынында да жар салған. “Біреу біліп, біреу біліп жарытпайтын” дегеніміздің “жаны бар” сөз. Өйткені, сол мақаладан бір жыл бұрын автордың “Жер астына саяхат” аталатын әңгімелер кітабы жарық көрген. Сонда күллі қазақ басылымында тұңғыш рет “ғылыми-фантастикалық” деген грифті ұшырастырғанбыз. Міне, содан кейін жалпы арман, қиял әдісімен жазылатын туындылар жөнінде өзінің теориялық пайымдауларын ұсынғаны осы болатын.

 

Салғаннан-ақ ақиқат оқымысты: “Әрбір талаптың басы қиялдан басталады. Олай болғанда, “өнер” атты, “білім”, “ғылым” атты ұлы істердің алғашқы адымы қисынды қиял болмақ”,– деп, мәселенің басын ашып алады. Осы алғашқы сөйлемдерінің ішінде “қисынды қиял” деген анықтаманың өзі бізге ой салса керек. Әзірше көп-аса құлықсыздау қарап, өзіміздің шығармашылық шаруашылығымызда игілігімізге жұмсауға салғырттық танытып жүрген “қисынды қиял” сөз тізбегін тұтастай жанрымыздың термині есебінде қабылдауымызға да болар.

 

Бұған автордың өз қисыны: “Біз “қисынды қиял” деген атауды әдейі қолданып отырмыз. Өйткені, бұл сөздер “ғылыми фантастика” деген ұғымның дәл баламасын бере алмаса да, сол ұғымға жанасатын тәрізді... Әңгіме ешбір негізі жоқ, бос сандырақ, қисынсыз қиял жөнінде болмай, негізі бар қисынды қиял, ғылыми фантастика жөнінде болмақ. Ал негізі жоқ, бос қиялды – қиял демей, “қияли” деген лайық сияқты”.

 

А.Машанов сосын қисынды қиялдың идеялық өзегі бола алатын, болуы тиісті іргелі ғылымдар турасында салиқалы деректер береді. Мақаланың ақыр-аяғы автор таныс болуы екіталай Ы.Мұстамбаевтың әлгі пайымдауын виртуальды қолданғандай. “Біздің айтпағымыз – қазақ әдебиетінде әлі күнге дейін ғылыми-фантастикалық тақырып өріс ала алмай келді. Оқушы жұртшылықтың ақыл-ойын өрістетерліктей, халық қиялын жетелеп, ғылымға баулитын... көркем шығарма жазу – республика жазушыларының назарында болуға тиіс мәселе”,– деумен аяқтайды.

 

Әдеби сыншы З. Серікқалиевтің “Болжал батыл болсын” тақырыпты проблемалық мақаласын А.Машановтың пікірінің ықпалынан туған деп білеміз. Себебі, мұның жалпы концепциясы сарындас болып келетін тұстары жетерлік. Сыншы: “Қазақ әдебиетінде ғылыми-фантастикалық шығармалар туатын мезгіл пісіп-жетті. Ғылыми­фантастика жанрының дамуына, өсіп-өркен жаюына қажетті алғышарттардың, мүмкіндіктердің бізде қазір бәрі де бар”, – деп мәлімдейді.

 

Содан бір тоқсан өтер-өтпесте “Әңгіме фантастикалық жанр туралы” мақаласымен А.Машанов әлгі шаруаға қайта оралды. Бұл жолы осы салада дүниеге келген туындыларымызға ептеп шолу жасай отырып, алдағы тіршілікте жанрды одан әрі өркендете түсуге жағдай толық туып отыр деп біледі. “Ұшан-теңіз табиғат байлығымыз бар; жалпы мәдениет пен әдебиеттің өркендеуі арқасында ғылымға бой ұрғандық талап бар; ғылыми фантастиканың қазақша үлгілері салына бастады. Осылардың барлығы –қажетті болып отырған ғылыми фантастикаға негізгі фундамент” санаған.

 

Осы дәйек-тұжырымын А. Машанов өз шығармашылығында ұсынақты да тұрақты кәдеге асыра білді. Әлгінде айтқандай, қазақ әдебиетінде “ғылыми-фантастикалық” деген айдарды тұңғыш пайдаланған автордың “Жер астына саяхат” кітабы оқырмандар қолына осыдан тура жарты ғасыр ертеде тигеніне мақтана алар едік. Оның аңдатпа-аннотациясында жазылғандай, “Қазақстанның түпкір-түпкірлерін түгел аралаған табиғатқұмар жастарды әңгімелеу арқылы Жердің жаратылысын, табиғатын ұзақ ғасырлар бойғы өзгеріс-құбылыстарының заңдарын, ескі өмірдің қалай өзгеріп, жаңадан қалай дамитынын ғылыми тұрғыдан қарап, қызық етіп баяндайды”.

 

Кітап жарық көрген кезінде З. Серікқалиев жинаққа бірсыпыра сын таққаны бар. Ол “Ғылыми-фантастикалық әңгімелер” дегенге күдікпен қараған-ды. “Автор мұнда жаратылыс байлығын игеру арқылы адам баласының ертеңгі биік асуы жайында, ертеңгі күннің шындығы жайында қияли болжам жасаудан гөрі, нақты фактілерге мейлінше молырақ сүйеніп, жалпы ғылымға аян, жалпы ғылым ашқан ортақ жорамалдар негізінде белгілі ақиқаттар шеңберінен шыға алмаған”, – деген.

 

Шынында да, сыншы ескерткендей нәрселер туындыда қылаң беретіні рас. Алайда, кітап өз объектісін тамаша білетін және сол ғылыми әлеуетін қызғылықты тілмен, күтпеген бұлтарыстармен жеткізіп бере алатын қаламгер қолынан шыққан, оның біраз жерінде халықтың қиял-ғажайып сюжеттеріне сүйеніп, қазіргі ғылым түсініктемесімен қайта берілген ғылыми-фантастикалық әңгіме-шегіністер мол. Автордың “фантастика” атауын қоюына сол шегіністер толық шығармашылық құқық береді деп есептейміз.

 

Оқырманның көз алдынан фантастикалық шегіністерден Күннің Үшінші планетасының қалай пайда болғаны жөнінде ұсынған жаңа версия, осыдан 900 миллион жылдар шамасында Жердің “басынан кешірген” эралары жөніндегі болжамдар, жеті қат көктегі аспан денелерінің атаулары түу баяғы ертегілердің нысандарынан алып қойылған деген қисынды қиялдар, жасанды жолмен алтын алу әдісі т. б. қыруар ғажайыптар өтіп жатады, өтіп жатады...

 

Әсіресе, соңғы кездері байсалды зерттелу үстіндегі алхимия ғылымына автордың көбірек назар аударғанын аңғарамыз. Қаншама ғасырлар бойы жүздеген емес-ау, мыңдаған экспериментатор-оқымыстыларды әуре-сарсаңға салған, коммунистік жетпіс жылдық ғасыр тұсында күлкіге, сайқымазаққа айналған, тіпті қудалауға түскен алхимияға бүгінде оң қабақ көрсетіп отырғанымыз белгілі. Ал осыдан то­лайым жарты ғасыр ертеде автордың: “Адам баласы әр түрлі заттардың атом­дарына әрекет жасаудың арқасында өзіне керек элементін тауып алып отыратын болады. Алхимияның қиялы сол еді. Олай болса ол қиял іске асуына көп уақыт қалған жоқ”, –деген көрегендігіне куәгерміз.

 

Осы жерде ғылым тарихына жүгінсек, алхимия – ежелден қиял объектісіне айналған сала. “Алхимияның негізін қалаған мысырлық Тота құдай” деп құрметтеген. Ол еврейлерде – Мизраим (мысырлық), гректерде – Гермес Трисегист есімімен айғақ, “тәңірінің құпияларынан хабардар ұлы ғұлама” деп есептелген.

 

Алхимияның “қыр соңына түсушілер” – қарапайым темір-терсектерден алтын-күміс жасауға талпынғандар. Олар Қытайда біздің эрамызға дейінгі 133-шы жылдың өзінде белгілі болған. Ол жөніндегі әңгіме-қауғаны сол тұстағы Чия мен Чен екеуінің есімдерімен байланыстырады. Билеуші Чияға қаржы кәттік қылғанда, алхимик досы Чен қара тас немесе кірпішті майдалап ұсақтап, химиялық жолмен әрекеттеп, нағыз керекті күміс жасап берген деседі...

 

Ақиқатынан аңызы әлдеқайда басым жатқан осы асыл металдар алу әдісі құр фантастиканың тақырыбына телінетіні дақпырт па екен? Жоқ, олай емес. Көптеген елдердің билеп-төстеушілерінің өз тұстарында шығарған жарлық, пәрмендері металдарды трансмутациялау (басқа кейіпке айналдыру) мүмкіндігіне күдік келтірмейді.

 

Оған мысал – Лондондағы Британия мұражайының тиындар мен металдар бөлімінде алхимия алтынының үлгісі бар. Оның анықтама-сипаттамасында: “Полковник Макдональд пен доктор Колкхьннің қатысуымен 1814 жылы қазан айында қорғасын оқтан алхимик Бупорданың өңдеп шығарған алтыны” деп жазылған...

 

Ол аздай Венадағы өнер тарихы мұражайында да алхимияның ғажап олжасы сақталған. Каталогта ол “Алхимия медальоны” аталған. Қарамы –47х37 см, салмағы – 7 кг, тұрқы –  ұзынша металл. Және де: “Оның үстіңгі үштен бір бөлігі – күміс, қалғаны – таза жасанды алтын”,– деп куәландырады мұражайдың ресми қызметкерлері. Осы деректер А. Машановтың кітабындағы бір тарау қиялдың қисындылығын дәлелдеуге септігін тигізер деп ойлаймыз.

 

А.Машанов көркемсөз әлемінде бір кітаптан екіншісіне “ауысарда” алдыңғысынан бөлек, басқаша пішін, стиль, композиция қарастыруды әдетке айналдырған екен. Оның ендігі бір дәлелі – “Табу”. Автор оған “ғылыми фантастика” деген тақырыпша қойыпты. Алайда, біздің ойымызша, шығарманы “ғылыми-фантастикалық трактат” мәртебесінде қарастырған дұрысырақ.

12345След.
скачать работу

Ақжан Әл-Машани

 

Отправка СМС бесплатно

На правах рекламы


ZERO.kz
 
Модератор сайта RESURS.KZ