Хамза Есенжанов
Другие рефераты
ҚАЛАМ ҚҰДІРЕТІ
Алла тағала берген ақылымен, теңіздей терең білімімен уақыттың өзінен озған ғұлама фәниден бақиға аттанарда өсиет айтыпты: “Дауыл ма, жауын ба, сең бе, сел ме, өрт пе, дерт пе… қандай қысылтаяң, қиын шақ болса да ең алдымен халықтың қазынасын құтқарыңдар, сол қазынаны жасаушыларды жан салып қорғаңдар. Сонда араларыңнан кемел ойлы кемеңгерлер шығады. Сонда ғана ұлтта рух, елде бүгінгіден де нұрлы болашақ болады”. – “Халықтың қазынасы дегеніңіз не?” – деген сұраққа: – “Ол – кітап”, – деп жауап беріпті ғұлама. – Қазынаны жасаушылар кімдер?” – дегенде: “Таланттар!” – депті әлгі данагөй.
Арғы заман ғұламасының өсиеті одан беріректегі Шекспир айтқан: “Кітап маған тақтан да қымбат”, деген ғажап сөзбен үйлесіп-ақ тұрған жоқ па?! “Талантты адам алтын тақта туған патшамен тең”, деген Фридрих та осылармен үндес.
Сол кітап атты құдіретті өмірге әкелетін, адамзат даналығы туғызған бейнелер әлемі – әдебиетті жасайтын жазушы. Жазушылық – арыстанның апаны. Оған бір кіргесін қайтып шыға алмайсың. Табиғи таланттың дүние-думанның қызығын тәрк етіп, жайлы өмірден безіп шығар шыңы бар. Ол шың Эльбрустан да биік. Бір шықсаң жанкештілікпен шыққан биігіңнен қайтып төмен түсе алмайсың. Биікте басың айналмай, құламай, жыламай тұру шарт. Құласаң өмірден де қымбат өнерің зая. Басына талант дейтін тарыдай бақ қонған, бойына творчествоның таудай азабы дарыған сондай бейнеткердің бірі бүгінде жүз жылдық мерейтойын бүкіл еліміз тойлап жатқан Хамза Есенжанов.
Жұмысты кім істемейді? Бейнетке белшесінен батқандар аз ба? Кітап жазғандар да жетерлік. Жүз дейтін межеге де біреу тірі, біреу о дүниелік болып жетіп жатыр. Әйтсе де солардың бәрін бірдей елеп жатқан ел бар ма? Сол қажет пе өзі? Ал Хамза Есенжановтың жөні бөлек, жолы басқа. Халық оған сонау 60 жасқа толған кезінен бастап біртуар, бірегей перзентіне, тұғыры биік тұлғаға көрсетілер құрметті көрсетіп келеді. Міне, бүгінде оның туған жері Орал облысында дүркіреп өткен мерейтой енді Алматы мен Астана аспанында асқақтап, қазақтың ұлы даласына қанатын кең жайып тұр.
Көркемсөздің көрнекті шебері Хамза Есенжанов бізге ең алдымен “Ақ Жайық” трилогиясымен, сосын “Жүнісовтер трагедиясы” дилогиясымен қымбат. “Ақ Жайық” кей жағдайда “Тынық Донмен” үндес шығарма. Михаил Шолохов Нобель сыйлығын алған атақты эпопеясын 14 жыл жазды. Хамза Есенжановта ондай мүмкіндік болған жоқ. Сонда да ол “Ақ Жайық” трилогиясын 4 жыл жазды. М. Шолоховтың Қазақстан жазушыларының съезінде айтқан: “Асығыстықтан ақаулы бала туады”, деген мысқылға толы уытты сөзін біле тұра асықты. Егер Хамза Есенжанов шығармаларында әлдебір жетімсіздіктер болса, сол асығыстықтың салдары. Әйтсе де ол үшін оны айыптаудың қажеті жоқ. Өйткені, оның асықпауға шарасы жоқ еді. Оны асықтырған қиын тағдыр – суық Сібірдің сыз түрмесінде желге ұшқан, зая кеткен 17 жыл.
Өз сөзімен айтсақ, “өжет, арлы қылышын қаламымен қайраған”, “қазақтан тамшы қаны бар, адамнан шыбын жаны бар” Хамза Есенжанов роман жанрына біраз дайындықпен келді.
Сен гүлімсің бақшадағы,
Мен айналған көбелек.
Аймалаймын сүйем тағы –
Жау қойса да у себелеп, –
сынды жастық жалыннан туған жырларын айтпағанда “Әдебиет майданы” журналында жарияланған “Өлеңті жағасында”, “Қызыл құм” әңгімелері, өзге аудармаларын еске алмағанда М. Шолоховтың әлемге әйгілі “Тынық Дон” эпопеясының бірінші және төртінші томдарын тәржімалауы осы пайымымызға айқын айғақ.
“Ақ Жайық” пен “Тынық Донда” біраз үндестік бар деп біз жоғарыда айттық. Ең алдымен атап, қадап айтарымыз бұл екеуі де кең құлашты, көп салалы әлеуметтік роман эпопея. Бірі ақ Жайықтың, екіншісі тынық Донның перзенттері өз өлкесін, өз өзенін жырлаған. Революциялық және таптық күрестің оқиғаларын шығармаларына өзек еткен. Бас кейіпкерлер Григорий Мелехов, Аксиния мен Хакім Жүнісов, Мүкараманың тағдыры мен жан дүние иірімдері де үндесіп, үйлесіп тұр. “Тынық Донның” беташарындағы ескі казак әні: “Жерімізді жыртқан соқа емес, аттың тұяқтары; егін емес, казактардың бас сүйегі тұқым болып себілген; Дон бойының көркі кілең жесір ғана, гүлі өңкей жетім бала; толқындары ата-аналар көз-жасы”,– деп төбе шашыңды тік тұрғызар ащы шындықты ашына жырлайды.
Жиырмасыншы ғасырдың басында Жайық өзенін жағалаған, оны айтасыз, кең байтақ қазақ жерін мекендеген халықтың халі де Дондағыдай қайғылы болатын. Ресей империясы мен қазақтың ұлы даласында кең қанат жайған революция мен азамат соғысы жазықсыз, жазықты жандардың қанын судай ағызды. Дон казактары сияқты Жайық қазақтары да қақ айырылды. Замана дүрбелеңімен екіге бөлінген бір халық бірін-бірі аяусыз қырды. Олардың арасында Ресейден ентігіп жеткен, ақтар мен қызылдар болып алысқан орыстар да бар. Адам мен ажал беттескен сол топтың ортасында “Ақ Жайықтың” кейіпкерлері жүр. Жай жүрген жоқ, оқты күндер мен отты түндерде жандарын шүберекке түйіп атысып, шабысып жүр. Трилогияның үшінші кітабындағы бірінші сөйлемнен сөйлетсек: “Тартыс тас қамаудың ішінде де жүріп жатты”.
Атыс пен айтыстың бір жағында ағайынды Жүнісовтер – қажының ұрпақтары Хакім, Әлібек, Әділбек және Мәмбет, Нұрым, Бақытжан Қаратаев, Мүкарама, Быков, Қален Көптілеуов, Шолпан, Белан, Дмитрев, Кәрімғали, Меңдікерей. Қарсы топ, қарсы бетте Халел, Жанша Досмұхамбетовтер және төтенше әскери соттың төрағасы Емуганов, сұлтан Арон Қаратаев, ақ генерал Михаев, аяу білмес Абылаев, жазалау отрядының бастығы Акутин. Осылардың бәрі де көркемдік жүк көтерген, Хамза Есенжанов талантымен сомдалған сом бітімді бейнелер.
“Тынық Дондағы” сияқты бір отбасы тағдыры негізгі желі болып тартылған “Ақ Жайықтың” үш кітабындағы алты бөлім, елу тарау, екі жүзге жуық эпизодта шашау шыққан шашыраңқылық жоқ. “Төңкеріс үстінде” деп аталатын бірінші кітапта ақтардың Орал қаласын басып алуы, “Шыңдалу” есімін иеленген екінші томда халық санасының оянуы мен күреске шығуы, “Тар кезең” атты үшінші шығармада Совет өкіметінің орнауы баяндалады. Жай ғана баяндалмайды оқиғалар мен кейіпкерлер тағдыры арқылы кең тыныс, кемел оймен суреттеліп, кестелі тілмен көмкеріледі.
“Ақ Жайықтың” бас кейіпкері – үш кітапта бірдей көрінетін, жай ғана бой көрсетіп қоймай бедерлі бейнеленіп, мінсіз мүсінделген Хакім. Трилогия оқиғасы реальное училищеде оқитын Хакімнің сүйген қызы Мүкараманы ойлап, онымен сүйіскен тәтті шақтарын еске алумен басталып, балаң бозбаладан күрестің от-жалынында шыңдалып, революционер дәрежесіне жеткен жігіттің сүйіктісі Мүкараманың қан жұтқызған қазасына тап болған қайғылы оқиғамен, сонан соң Бақытжан Қаратаевтың халық алдында жалынды сөз сөйлеуімен аяқталады.
Қанішер Абылаев басқарған елу офицердің “түнде төсекте бейғам жатқан” екі жүз жасақшыны қырып салған Ащысайдағы қанды оқиға оқушының сай сүйегін сырқыратады. Сол қаралы түнгі қанды өртте Хакімнің Мүкараманы жаны ышқынып іздеген, сәлден соң оның өлі денесін көрген сәті трилогияның ең бір көркемдік биікке көтерілген тұсы. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір ғана үзінді келтірейік: “Хакімнің тілі байланып қалды. Ол аппақ қудай болып кетті. Көзінен жас, аузынан үн шықпады. Ол тек аулаға шығарып көгендеген қозыдай қатар салған қанды өліктің ішінен адам іздеді… Ол тапты. Шеткі төбесі ортасына түсіп, қопарыла құлап қалған үлкен үйдің жанында Нұрым жатыр еді. Нұрымның қасында Орақов. Екеуінің де басы кесілген, Хакім Нұрымның бассыз кеудесіне төніп, тізелей, мойырыла отыра кетті. Біраз уақыт өтті… Оның ойына бір кез үрейлі нәрсе сап етті. “Мүкарама қайда? Жау қолында!.. – дей берді ол іштей. О, тәңірі! Неге өлмеді жауға олжа болғанша! Неге қанға көміліп жатпады ақ дене! Неге!.. Неге!.. ” – Бұл тілек пе, әлде ашынған ащы қасіреттің елесті үні ме? Оны Хакім білмеді. Тек: “Неге! Неге мына жерде жатпады! Неге жау қолында қор болды! Неге! Неге!” дей берді. Ол бір сәт назарын Нұрымнан басқа жаққа аударғандай болды. Қасында қопарылған үйдің астынан бір топ ауыл адамы өлік шығарып жатыр екен. Хакім мағынасыз көзін сол жердегі үй астынан шыққан өлікке бұрды. Ол бірте-бірте орнынан тұра бастады. Әйел өлік… Жас әйел. Келіншекті екі адам көтеріп шетке шығарып салды. Тағы әйел… Оны да көтеріп келіншектің қасына әкелді. Кәрі әйел. Бір кез… о, тәңірі… бір әйел… бір бала… қыз бала… әйел емес. Шашы төгілген… аппақ… Қағаздай аппақ жүз… Жаңағы қысқа тілек! Жаңағы тар тілек қабыл болғаны ма?.. Хакім ұмтылып келіп өліктің басын құшақтай алды. Өлік Мүкарама еді…”
Трилогияның сюжеттік желісі мен композициялық құрылысын сымға тартқандай сұлу тізген автор бас кейіпкер Хакімнің жандүниесіндегі күйзелісті тамыршыдай тап басып, тамаша бейнелеген. “… Сүйген жардан, тел өскен бауырдан. Бірге оқыған жолдастан айырылып, аз күнде өлік жандай қуқыл тартып кеткен Хакімнің тек өңі емес, іші де қуқыл, дене жансыз, кеуде бос қуыс, ой мұздай, көңілі суып қалған”.
Әртүрлі әлеуметтік топтардың тартысын шебер суреттеген жазушы әр кейіпкердің жан дүниесін жарқыратып ашумен қатар олардың іс-әрекетіне оқушыны сендіре біледі. Бір ғана мысал. Етегін жел ғана желпіген, тәні де, жаны да таза ауыл қызы Зағипаның ақтардың әскері зорлап, абыройы ашылғаннан кейін ашынып, у ішіп өлуі де, жаратылысынан қатыгез Абылаевтың жауыздық іс-әрекеттері де олардың бітім-болмысына сай сенімді суреттелген.
“Ақ Жайық” трилогиясындағы диалогтар серпінді де сенімді
| | скачать работу |
Другие рефераты
|