МАРҒАСҚА ЖЫРАУ (ХVІІ ғ.)
Другие рефераты
Лекция мақсаты: Марғасқа жыраудың шығармашылығымен таныстыру, толғауларының мәнін көрсету.
Жоспар:
-
Марғасқа жыраудың (XVII ғ.) өмірі мен ақындығы.
-
Марғасқа – Есім ханның жорықшы жырауы әрі әскербасы батыры.
-
Жырау шығармашылығының зерттелуі.
ХVІІ ғасыр ақындарынан әдебиет әлемінде мәлім жыраудың бірі Жиембетке тете Марғасқа жырау Есім хандығының соңғы кезінде өмір сүрген. Есім ханның жоғын жоқтап, жорықтарында бірге жүріп, хан сарбаздарының көңілін көтеріп жыр шерткен. Марғасқаның өмірі мен ақындығы туралы әзірше мәлімет өте аз. Ғалым Мұхтар Мағауин Марғасқаны Есім ханмен бірге Ташкент бегі Тұрсын мен Шанышқылы ханы Қатағанды шауып жазалаған ерлерден санаған. Яғни, ол Есім ханның 1627 жылы Ташкентті басып алу оқиғасына қатынасқан сарбаздарының бірі болған көрінеді.
Бізге Марғасқа жыраудың бір ғана қысқа толғауы жеткен. Бұл толғау Қазақстан Ғылым академиясы Әдебиет институтының қолжазбасынан алынып, 1967 жылы «Ертедегі әдебиет хрестоматиясына» енгізілді. Ол төмендегідей:
Ей, Қатағанның хан Тұрсын,
Кім арамды ант ұрсын.
Жазықсыз елді еңіретіп,
Жер тәңірісіп жатырсың.
Хан емессің қасқырсың,
Қара албасты басқырсың,
Алтын тақта жатсаң да,
Ажалы жеткен пақырсың!
Еңсегей бойлы Ер Есім
Есігіңе келіп тұр:
Алғалы тұр жаныңды,
Шашқалы тұр қаныңды!
Тұтқиылдан шауып, бейқам жатқан жауды қолға түсірген кезде озбыр сатқын Тұрсынға жырау айтқан үкім — осы. Асылы, Есім ханның халық алдында беделінің артуы осы оқиғаның жеңіспен аяқталуы болса керек. Ерлер мен хандар елде жоқта жазықсыз, панасыз халықты шапқан Тұрсынға жазасын бергені үшін халық Марғасқадай даңқты жырауы арқылы Есімге алғыс айтқанға ұқсайды. Әрине, Марғасқаның жырлары көп болған. Ел есінде жүрсе де, біздің қолымыз жетпей жатқаны да бар шығар.
Марғасқаның Есім ханның өмірі мен ерлік істерін баяндайтын «Еңсегей бойлы Ер Есім» атты тарихи жырды жеткізушілердің бірі болғандығы мәлім.
Мұнда тәуелсіз әмірші болғысы келген Тұрсын Есімнің қалмақтарға қарсы жорыққа кетуін пайдаланып қазақ ауылдарын шабады. Көп жұртты харап қылады. Бұл оқиға халық санасында үлкен із қалдырған. Бұл оқиға Абылғазы баһадүр ханның айтуынша, 1627 жылы болған. Аталмыш жырдан Марғасқаның от тілді, өжет, аса талантты ақын екендігі аңғарылады. Жырау шығармалары халық әңгімелерінде айтылатындай шынында да Марғасқаның жауынгер, жорықшы ақын болғандығын көрсетеді.
Өзін-өзі бақылау тапсырмалары:
-
Еңсегей бойлы ер Есімге арнап айтқандарының мәнін ашып көрсет.
-
Марғасқа толғауларының патриоттық маңызы.
-
Толғауын жатта.
Әдебиет:
-
Ай, заман-ай, заман-ай. А., 1991.
2. Бектуров Ж. Художественно-композиционные особенности поэзии
жырау и акынов. (Автореферат дисс.) А., 1990.
3. Бес ғасыр жырлайды. (екі томдық). А., 1989.
4. Кенжебаев Б. Қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. А., 1973.
5. Мағауин М. Қобыз сарыны. А., 1968; Ғасырлар бедері. А., 1991;
Қазақ тарихының әліппесі. А., 1994.
6. Мәдібай Қ. Хандық дәуір әдебиеті. А., 1996.
7. Сүйіншәлиев Х. Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері. А.,1967
Қазақ әдебиетінің тарихы. А., 1997.
8. Негимов С. Өлең өрімі. А., 1980; Ақын-жыраулар поэзиясының бейнелілігі. А., 1991.
| | скачать работу |
Другие рефераты
|