Ежелгі және қазіргі моңғолдар ортақтығы мен ерекшелігі
ықты “түріктер”, ал “дунху” деп аталатын халықты “моңғолдар” деп қабылдау заңдылыққа айналған. Қазір бұған ешкім де күдіктенбейді.
Менің пайымдауымша, тарихшылардың сиуңну халқын “түріктер” деп қабылдауына мынандай төрт себеп негіз болған тәрізді: біріншісі – зерттеушілердің еуропалық таным түсінікпен скиф-сақ халықтарын бірыңғай үнді-еуропа тілінде сөйлеген халықтар деп қабылдап, түрік тектес халықтардың ата-тегін тек Орталық Азиядан ғана іздеуі; екіншісі – сиуңну халықтарынан қалған деп танылған ондаған көне сөзді тілші ғалымдардың бірауыздан түрік тіліне жатқызуы, яғни сиуңнулар түрік тілінде сөйлеген деген қорытындыға келуі; үшіншісі – Н.Я.Бичурин айтатын “Азия тарихшыларының” (Рашид ад-Дин, Хондемир, Әбілғазы және т. б.) даланың ауызша тарихының дерегіне сүйене отырып, шежіре таратқанда Түрік ханның кейінгі ұрпағы Оғыз ханның іс-әрекеті (Абульгазы Баһадур-хан. Родословное древо тюрков. М-Т.-Б. 1996., стр. 18-21-б.) мен сиуңнудың атақты чәниүйі Маудунның (Мөденің) бүкіл іс-әрекетінің (“Хән кітабы. Қараңыз: Сиуңну. Ал. 1998., 32-34 б.) бір-бірімен дәл келуі. Екеуі де әкелерін өлтіріп таққа отырады, содан кейін екеуі де әуелі шығыстағы, сонсоң батыстағы көршілерін жаулап алады, осыдан кейін екеуі де Қытайға шабуыл жасайды... Бұған жалғаса береді. Осыларға қарап, Азия тарихшылары дерегіндегі Оғыз хан мен қытай жазбалары дерегіндегі Маудун чәниүй екеуін бір адам деген пікірлердің айтылуы;
төртіншісі – Осы Оғыз хан мен Маудун чәниүйдің кейінгі ұрпақтарының бастан кешкен оқиғаларының да бірдейлігі. Мысалы, Оғыздың ұрпағы мұңғұлдың Ел-ханының (Ил-ханының) билігі тұсында оның жұртын татардың Сүйініш ханы шауып, адамдарын түгел қырғынға ұшыратады. Осы қырғыннан аман қалғандар бір тауға қашып барып, оның адам аяғы жете бермейтін, жан-жағын биік шыңдар қоршаған кең алқабын тауып, сонда тұрақтайды. Олар бұл жерді “Ергене-көң” (дұрысы: “Ергенек-көң” болуы керек. – Қ.С.) деп атап, осында 450 жыл өмір сүріп, әбден өсіп-өніп үлкен күшке айналған соң, сыртқа шығып, басқа жұртқа танылады.
Осындай оқиға сиуңнудің чәниүйі Маудунның ұрпағы Үйчүйжиән (Ючйчугянь) чәниүйдің де басынан өтеді. Оның елі де түгел қырғынға ұшырап, содан аман қалғандары бір тауға қашып барып, сонда өсіп-өніп, кейін күшті елге айналады.
Шығыстанушылар, міне, осы оқиғаны сабақтастыра қарап, екеуін бір халықтың бастан кешкендері деп тауып, әлгі тауға қашып барып паналағандарды кейін құрылған жалпыға белгілі Түрік қағанатының шаңырағын көтерушілердің ата-тегі деп таниды. Бұған қытай тарихнамаларында нақты көрсетілген жылдардың, яғни Үйчүйжиән чәниүйдің елі қырғын тапқан 93 жыл мен Түрік қағанаты құрылған 552 жылдың аралығында өткен уақытпен Әбілғазы Баһадүр ханның дерегінде көрсетілген уақыттың шамалас келуі де (552-93=459) себепші болады (Абульгазы. 1996. 27-29 б.; Бичурин Н. Я. Собрание сведений о народах... Стр. 128-129).
Осылардың бәрін сараптай келіп, қытай дерегіндегі “сиуңну” деп аталатын халықты кейінгі зерттеушілер “бүгінгі түрк халықтарының ата тегі (прототюрк)” деген қорытындыға келеді. Осы тұжырым ғылыми зердеден өтіп сұрыпталған, тарихи ақиқаты анықталған тұжырым есебінде ресми тарих ғылымына еніп, орнығады. Сондықтан қазір тарихшылардың бәрі сиуңнуларды түріктер деп түсінеді, еңбектерінде солай деп жазады. Оған әзірге күдік келтіріп, күмәнданып жатқан да ешкім жоқ.
Обалы не, қытай тарихнамаларындағы көшкіншілерге қатысты көне деректерді, өзі айтатын Азия тарихшыларының еңбектеріндегі деректермен салыстыра зерттеген Н.Я.Бичурин “сиуңну” мен “мұңғұлдың”, сол секілді “дунху” мен “татардың” да бір халық екеніне ешқандай шәк келтірмейді. Осы сенімнің ықпалы болуы керек, Н.Я.Бичурин кейін мұңғұл хандығы құлағанда, оның жұртында қырғыннан аман қалған аз ғана адамның қашып барып, Алтай тауының өздері “Ергене-көң” деп атандырған бір қуысын паналап, сонда төрт жарым ғасырдай болып, өсіп-өнгендер “осы қуыстан шыққан соң, Тугю Үйінің (мемлекетінің) негізін қалады” деген жаңсақ пікір айтады (Бичурин Н.Я. 1950. стр.226.).
Міне, Н.Я.Бичуриннің осы жаңсақ пікірін сол күйі шындық деп қабылдаған қазіргі зерттеушілер Ергене-көңнен шыққандарды ортағасырлық түрктердің ата-бабалары деп тарихқа енгізеді. Соған байланысты қазір тарихта “ортағасырлық түрктердің шыққан жері – Алтай, әйгілі Түрік қағанатының шаңырағын көтерушілер – осы Ергене-көңнен шыққандар” деген тұжырым тарихи ақиқат ретінде орнықты. Алайда, мұның бәрі тарихи шындыққа кереғар, кезінде Н. Я. Бичуриннің жаңсақ түсінігінен кеткен қате тұжырым еді.
Бичуриннің бұлай ой түюіне, біріншіден, тугюлердің (түріктердің) ата-бабасын таудың бір қуысынан шығаратын көне қытай жылнамаларындағы аңыз деректерінде айтылған жаймен сиуңнулардың қырғын табатын оқиғасының үндес келуі себеп болса, екіншіден, Солтүстік Сиуңну мемлекетінің жаңаша жыл санаудың 93 жылы құлағаны мен Тугю Үйінің (Түрк мемлекетінің) 552 жылы шаңырақ көтергенінің арасында 459 жыл өткені жөніндегі қытай жазбаларындағы деректің татардың Сүйініш ханының қырғынынан аман қалған мұңғұлдардың Ергене-көңге барып паналап, содан кейін өсіп-өнгендердің тау қуысынан шығып, төңірегіне қайта танылғанының арасында 450 жыл өтті дейтін “Түркі шежіресіндегі” дерекпен шамалас келуі еді. Айырмасы 9-ақ жыл!
Түрік қағанатының негізін қалаушылар – Ергене-көңнен шыққандар деген түсініктің қазіргі тарихқа еніп, орнығуы, міне, Н.Я.Бичуриннің осы қате тұжырымынан басталады. Солай дей тұрғанымызбен, әділдігіне жүгінсек, бұл – Бичуриннің де қатесі емес, кейінгі біздің қатеміз. Себебі, Н.Я.Бичурин еш жерде Ергене-көңнен шыққандарды түріктер демейді, керісінше, Ергене-көңге барғандарды да, одан шыққандарды да мұңғұлдар дейді, сол секілді олардың құрған мемлекетін де “Түрк қағанаты” демейді, “Тугю Үйі” дейді. Өйткені, Н. Я.Бичурин ол кезде қытай жазбаларындағы “Тугю Үйі” дегеннің қазіргі таңдағы бәрімізге белгілі Түрік қағанаты екенін білген жоқ. Бір Бичурин ғана емес, қытай дерегіндегі тугюдің “түрік” екенін ол кезде әлем тарихшыларының бір де біреуі білмейтін. Тугюдің “түрік” екені ХІХ ғасырдың аяғында, дәлірек айтқанда, 1893 жылдың қараша айының 25-і күні атақты дат ғалымы Вильгельм Томсен түріктің руникалық жазуының оқылу кілтін тапқаннан кейін, яғни Н.Я. Бичурин өлген соң 40 жыл өткеннен соң ғана белгілі болды. Сондықтан да Н. Я. Бичурин қытайша берілген осы “тугю” атауын өз түсінігі бойынша мұңғұлдың “дулыға” (тукюе) деген сөзі деп жобалап, оны Азия тарихшыларының “Ергене-көңімен” мағыналас деп ұғады. (Бичурин Н.Я. “Собрание сведений о народах...” М. – Л. 1950., 226-227-б.). Осыдан келіп ол “Тугю Үйі” дегенді жаңаша жыл санау бойынша 93 жылы құлаған қытай жазбасындағы Солтүстік Сиуңну мемлекеті мен Әбілғазы, Хондемир еңбектеріндегі Мұңғұл хандығының орнына пайда болған мұңғұлдардың жаңа мемлекетінінің атауы деп пайымдайды. Сөйте отырып, шындықтың олай болмауы керектігін ішкі түйсігі арқылы сезінген ғалым: “странно, что в монгольском языке нет слова тюрки; а персидский историк (Хондемир – Қ.С.), производя монгольских владетелей от Тюрка, называя их владения Тюркистаном, самих монголов не называет тюрками и разделяет сей народ на татар и монголов” деп, өзі бұған кәдімгідей күдік келтіреді (сонда, 227 б.). Бірақ біз Бичуриннің бұл күдігіне де, сондай-ақ Әбілғазының Ергене-көңге барғандарды “мұңғұлдар” деп атап көрсеткенін де және олардың содан шыққандағы билеушісі – “Бөрте Чино деген кісі еді” дегеніне де қараған жоқпыз. Сондай-ақ “Түрік қағанатын құрушылардың аталары тау қуысынан шықанда олардың билеушісі – Асиән-шы деген адам еді” (Бичурин Н.Я. 1950. стр. 221.) деп ашып жазып отырған қытай тарихнамасы дерегін де көзге ілмедік. Абай айтқан “адасқанның алды жөн, арты соқпақ” дегеніндей, өзіміздің адасқан бағытымызды жөн көріп, бар деректің бәрін белінен бір-ақ басып, “ортағасырлық түріктердің шыққан жері – Алтай”; “Түрк қағанатының шаңырағын көтерушілер осы Ергене-көңнен шыққандар” деген тұжырымды тарихқа енгіздік те жібердік. Ең ғажабы, неге олай істегеніміздің себебін айтып түсіндірген де жоқпыз.
Ал тарихи шындық басқаша, бұған керісінше болатын. Сөз болып отырған екі оқиғаның (көршілерінің тосын шабуылынан қырғын тауып, аман қалғандарының бір тауға қашып барып паналап, сонда өсіп-өнетіндерінің) ұқсастығынан басқа мұнда ешқандай ортақтық жоқ. Екі дерек екі басқа оқиғаны баяндайды. Уақыт жағынан алғанда да бұлардың (екі оқиғаның) арасында үлкен алшақтық бар. Қытай дерегіндегі Сиуңну (дұрысы: Солтүстік Сиуңну) мемлекеті мен Әбілғазы дерегіндегі Мұңғұл хандығының күйреуі, жоғарыда айтқанымыздай, жаңаша жыл санаудың 93 жылы болған. Мұндағы қырғыннан аман қалғандар қашып Алтай тауына барып, “Ергене-көң” деген жерді паналайды. Бұл жөнінде “Соғы Хан кітабы” (“Хыухәншу”) мынандай дерек береді: “(Юн-Юань билігінің) бесінші жылы (93 ж.) Үйчүйжиән көтеріліс жасап, солтүстікке оралды. Патша (император) әскери кеңестің бастығы Ваң Фуға (сиуңнудың приставы) Жін Шәнмен бірге мың атты әскер алып, оларды қууға жіберді. Олар чәниүйді оралуға үгіттеп бақты. Ақыры оны өлтіріп, әскерін (елін) қырып тынды” (Сиуңну (Хән кітабынан). А. 1998. , 130-б. Бичурин Н. Я. ,1950. 128-129 б.). Осымен Солтүстік Сиуңну мемлекеті өмір сүруін біржола тоқтады.
| | скачать работу |
Ежелгі және қазіргі моңғолдар ортақтығы мен ерекшелігі |